Мақсат – авиация қызметі саласындағы заңнаманы жетілдіру

Үкімет «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі мәселелері бойынша  өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің ресми сайты. Алдағы  уақытта оны ҚР Парламенті Мәжілісі қарайтын болады.   

Заң жобасы Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) жаңа стандарттары мен ұсынымдарын, сондай-ақ алдыңғы қатарлы еуропалық тәжірибені ескере отырып, әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі саласындағы заңнаманы жетілдіруді көздейді.    

Осы мақсатта 7 заңнамалық актіге (3 кодекс және 4 заңға) түзетулер енгізіледі. Заң жобасының негізгі мақсаттары: авиация қызметін бақылау және қадағалауды жақсарту, әуе көлігі жүйесінің тиімділігін және әуе қызметтерінің сапасын арттыру, ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуде сала субъектілерінің жауапкершілігін күшейту болып табылады.

Заң жобасы: авиациялық медициналық орталықтарды сертификаттау және авиациялық медицина сарапшыларына куәліктер беру арқылы авиация персоналын медициналық куәландыруына бақылауды қамтамасыз етеді; шетелдік әуекомпаниялардың  әуе кемелерін экипажымен жалдау  деп аталатын мәселелерін реттеуге мүмкіндік береді; ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдаланудың құқықтық негіздерін салады; авиациялық оқиғаларды тексерудің, сондай-ақ азаматтық авиация саласындағы сертификаттауды мемлекеттік басқаруды және ұшу қауіпсіздігін тұрақты қадағалауды жақсартудың тиімділігін арттырады.