Өнерлілер ордасының көшбасшысы

Өз еңбегін ұстаздық жолға арнаған, осы жолда маңдай терін төгіп, көз майын тауысса да сол мамандығынан рақат алып, шәкірттеріне жан шуағын шашқан асыл жандардың бірі Долорес Сүндетқызы Тасқарина туралы айту жас мұғалімдер мен қыздарымызға қай- қай жағынан да өнеге болары анық. Ол жас кезінен-ақ ортада сабырлы мінезімен, өзгенің жанын түсінуге тырысатын мейірімділігімен, әдеби кітаптар оқуға деген құштарлығымен ерекшеленетін.

Өнегелі отбасынан алған тәрбиесі сөз мәнері мен адамдармен қарым- қатынасынан-ақ ерекшеленетін Долорес Сүндетқызының өмірдегі  тәжірибелік ұлағаты мен тағылымы әңгіме етуге молынан жетерлік. Жоғары білімді, біліктілігі ұзақ жылдарғы тәжірибесімен ұштасқан жоғары санатты мұғалім ұзақ жылдардан бері басшылық қызметте. Ол Атырау облыстық білім беру басқармасы Н.Тілендиев атындағы Атырау облыстық Кіші өнер академиясы дарынды балаларға арналған интернаттық мекемесі бар мамандандырылған мектепте директор қызметін жетістіктермен абыройлы атқарып келеді. Долорес Сүндетқызы басшылық ететін академия – білім мен өнердің қанатында қалықтайтын шәкірттерді тәрбиелейді. Осы бағыттағы жұмыстардың әлемдік деңгейде жүргізілуін мақсат тұтқан білім ордасы басшысының арманы мен жоспарлары да сан қырлы. Ең бастысы мұнда жұдырықтай жұмылған, ел болашағы мүддесін терең түсініп, өздері де бір-бірінен үйренуді тоқтатпаған, пікірлері ортақ ұжым бар. «Адам адамнан тек білімі мен ақыл-ойы арқылы ғана озады» деп ойшыл, данышпан Абай Құнанбаев айтқандай, кез келген білім беру жүйесінің басты да негізгі мақсаты бәсекеге қабілетті, оң мен солын ажырата алатын шәкірт дайындау екені айдан анық. Өйткені, білім әр кезде адам жанының тынысын кеңейтіп, қазіргі жаһандану заманында жаңашылдыққа жол бастайтыны белгілі. Елбасымыз Н.Назарбаев: «Өз Отанымыздың патриоты болу – Қазақстанды жан жүрегімен сүйе білу», — деген еді. Қазіргідей уақыттың маңыздылығы алға шыққан бәсекелес заманда елге қызмет етіп, бойында дарыны бар бүлдіршіндерді тәрбиелеп, үлкен өмірге қанат қақтыру біздің міндетіміз» дейді академия директоры Долорес Сүндетқызы бізбен әңгімесінде.

Әр шәкірттің бойынан дарынын танып-біліп, еліміздің болашағы жолында жаңа жас талантты әлемдік сахнаға шығаруды парыз тұтқан басшы жаңа жобаларды қолға алуда. Кішкентайынан ата-анасының кіршіксіз таза санасына ұстаздық жолдың маңыздылығын құйғандығының арқасы шығар, әрбір жас балдырғанның рухани құндылығын арттыру оның басты ұстанымына айналған.

Бүгінде ол «Мамандандырылған мектептерді 12 жылдық білім беру жүйесіне  көшіру» бағдарламасының республикалық экспортының мүшесі бола отырып, ауқымды істерді жүзеге асырудың ортасында жүр.

Шәкірттерін бастап барып талай елдің дәмін татқан Долорес Сүндетқызы жас өнер иелерінің жеткен жетістігімен мақтана алады. Ресей, Беларус, Украина, Эстония, Болгария, Түркия, Англия, Франция, Италия, Испания, Монако, Чехия, Австрия, Греция,  Финляндия, Нидерланды, Венгрия, Германия, Словакия, Люксенбург, Ватикан, Сан-Марино, Андорра өзге де шет елдерде қазақ ұлтының әуезді әні қалықтап, күйі күмбірледі, биі мың бұралды. Оқушылардың үстіндегі әшекейлі ұлттық киімдері мен өнердегі жетістіктеріне тәнті болған шетелдік көрермендердің ықыласы мен қошеметін алған жүлделер мен дипломдарынан көруге болады.

Директордың ұлттық тәрбиені білім берудегі алтын арқауға айналдыруы өнер жолын қуған шәкірттер үшін басты тәлім болары сөзсіз. Долорес көтерілген биіктің марапаттары да жетерлік: «ҚР оқу ағарту ісінің үздігі», Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгі иегері, «Ең үздік мектеп директоры, «Бейбітшілік әлемі» Халықаралық Қазақ Творчестволық Бірлестігінің «Алтын медалі», Облыс әкімі және облыстық мәслихаттың Алғыс хаттары, Халықаралық конкурстардың әділқазылар алқасына қатынасқаны үшін алған Алғыс хаттары, Республикалық «Іскер әйел» сайысының «Өмірге деген құлшыныс» номинациясы бойынша бас жүлдесі, «ҚР оқу ағарту ісінің Құрметті қызметкері», «Жыл меценаты» марапаттары ерен еңбегіне берілген құрметтің көрінісіндей. 2014 жылдың 26 сәуірінде Долорес Сүндетқызы басқарып отырған Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясы Қазақстан Ұлттық ЮНЕСКО Клубтары Федерациясының мүшелігіне қабылданды.

Отбасында жан жары Саясатпен екеуі алтын асықтай екі ұл тәрбиелеп, бұл күнде олар да бір-бір шаңырақ иелері атанды. Немерелерінің асыл әжесі, шәкірттерінің аяулы ұстазы, ұжымының білікті басшысы Долорес Тасқаринаның нағыз кемелденген кезеңі енді басталғандай.

 Светлана Муньянова