Клара Өмірзақова: «Дәрігерге сенген пациент ауруын жеңе алады»

Елімізде басшылық қызметтерде, бизнес саласында әйелдерге ер азаматтармен иық тіресе жұмыс істеуге мүмкіндік зор. Тіпті, денсаулық сақтау мен білім беру саласында тұтастай нәзік жандылар қызмет етеді десек артық айтпаспыз. Бірақ, бүгінгі кейіпкеріміз – медицинаның майын ішкен, сол саланың сүрлеуінде болып, қазіргі таңда өз бастамасымен халыққа қызмет көрсетіп отырған ақ халатты абзал жан. 15 маусым Дәрігерлер күні қарсаңында Елордадағы «Di Medical» медициналық орталығының басшысы, дәрігер-невропотолог Клара Өмірзақовамен сұхбаттасудың сәті түскен болатын. Отыз жылдық тәжірибесін жеке бизнеске ұластырған Клара ханым тек қана қызметте емес, отбасында да жақсылықтың жаршысы бола білген аяулы ана, ардақты әже.

-Клара Әбдіханқызы, басқа басқа, медицина саласында бизнес бастауыңызға не түрткі болды?

-Бұл орталықты ашудағы басты мақсатым ұзақ жылдық тәжірибемді бизнес әлемінде сынап көру еді. Бұрын Алматы, Шымкент қалаларында қызмет істедім. Таразда бас дәрігердің орынбасарына дейін көтерілдім. Соңғы он жылым осы Астанада өтті. Сөйтіп, осындай ой туындап, науқастарға ыңғайлы барлық жағдайы жасалған, сапалы қызмет жасауды қолға алуға тәуекел еттім. Өзің де жақсы білесің, басқа сауда-саттық және өзге бизнес салаларына қарағанда медицинада жеке кәсіппен айналысу қиынның қиыны. Өйткені, науқастарға сапалы қызмет жасау, ертеңгі күні атымызға да, затымызға да сөз келтірмеу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан мен төрт баланы дүниеге әкеліп, оларды өсіріп тәрбиелеп, аяқтарына тұрғызғаннан кейін барып осындай шешім қабылдадым. Елуді еңсергендегі бір жетістігім – жеке медициналық орталық ашу болды деп есептеймін.

-Орталығыңызмен қысқаша таныстыра кетсеңіз…

Ашылғанына көп бола қоймаса да жұмысымыз жүріп жатыр. Пациенттердің риза болып кетуіне барымызды салып жатырмыз. Тіпті, өзім де әр дәрігердің науқасты қабылдауына кіріп жағдайларын біліп отырамын. Бұны бірақ қызметкерлерге сенбегендіктен деп қате түсінуге тағы болмайды.

-Дәрігердің міндетін жақсы білеміз. Ал, науқастың дәрігердің алдындағы нақты міндеті бар ма?

-Кез келген ауруды жеңу үшін 100 пайыздың 50 пайызы – дәрігердің дұрыс диагноз қойып, жақсылап емдеуі десек, қалған 50 пайызы – науқастың ішкі сенімі. Яғни, сырқаттанып қалған адам дәрігердің көмегіне жүгінуге келсе оған және жазылып кететініне толықтай сенуі керек. Ал, науқас жақсы орынға, білімді дәрігерге көрінген кезде ғана сенімі күшейіп, аяққа тұрып кетуі әбден ықтимал. Сол үшін де әр пациент өз үйіндегідей сезінсін деп орталығымызды ыңғайлы етуге тырыстық. Заманауи технологиялармен жабдықтадық.

Мемлекеттің қолдауы болды ма? Қандай мамандар жұмыс істейді?

IMG_0012-Әрине болды. Әйтпесе, мына заманда бизнес бастау, оның ішінде жеке медициналық орталық ашу оңай шаруа емес. «Даму» бағдарламасы бойынша өзімнің жобамды ұсынған болатынмын. Президенттің өзі қолдау білдіріп отырғандықтан жеке бизнеспен әйелдердің айналысуына көп жағдай жасалған. Сөйтіп, жобам жеке кәсіпкерлікпен айналысуға жарай кетті. Қазір пациенттердің кейбірінің қызмет құнына қатысты өтініштерін естіп жатамыз. Бірақ, олар да қазіргі нарықты, біздің де жағдайымызды ойлағаны жөн дер едім. Өйткені, бүгіндері біз өз жыртығымызды өзіміз жамап отырған жайымыз бар. Орталықтан қоғамымызда тапшы болып отырған мамандар кардиолог, гинеколог, невролог, балалар дәрігерін және уролог пен стоматологты таба аласыз. Әзірге орталыққа күніне шамамен он пациент келіп мамандардан кеңес алып, ем-шаралардан өтіп жүр.

-Ұзақ жыл тәжірибеңізде қандай науқастарды жиі жолықтырдыңыз?

IMG_0021-Жүйкенің асқынған синдромы деген диагноз қойылмайды, бірақ, қаланың адамдарында сондай ауру кеңінен тараған. Қазір адамдар жұмысқа барады, келеді, сол баяғы күйбең тірлік. Дене шынықтыру, спортпен айналысуға уақыт таппайды. Уайым көп, қалай ақша табамын, отбасын қалай асыраймын деп қала тұрғындарының жүйкесі әбден тозған. Күйзеліске ұшыраған адамның көптігін көз көріп жүр. Ал, неврологиялық ауруларға келсек, дүниежүзінде бірінші орында – остеохондроз. Омыртқа дейсіз бе, мойын остеохондрозы дейсіз бе, бұл аурудың өзі сан салаға бөлінсе соның бәрімен де әлем халқының басым бөлігінің ауыратынын статистика көрсетіп отыр. Оның басты себебі – қазір денеге көп күш түспейді, қимыл-қозғалыс аз, таңнан кешке дейін компьютердің алдында тапжылмай отырғандықтан туындаған ауру. Сондай-ақ, гипертониктер арасындағы инсультті және бас ауруын ерекше атағым келеді. Бұлардың бәріне ортақ себеп – жүйкеге демалыстың аздығы. Миға қажетсіз ақпараттарды сақтауды қою керек.

Сөзіңізді бөлейін, ер адамдар арасында белсіздіктің «жасарып» бара жатқанына осы факторлар әсер ете ме?

-Ер адамдардың ұрпақ сүюге қабілетсіздігіне ең алдымен кесірін тигізетін, ол – экология. Таза ауамен тыныстау тек ер адам емес, әйелдер үшін де маңызды. Дегенмен, стресстің де әсері жоқ дей алмаймыз. Негізінен, әйелдерге қарағанда ер азаматтарды белсіздіктен құтқарып қалу ықтималдығы жоғары. Ол үшін ең бірінші жауапты баланың ата-анасы сәбилерінің денсаулығын үйленгенше қадағалауы тиіс. Дұрыс тамақтану, уақытылы ұйқы, миды демалту, қимыл-қозғалыстың көп болуы белсіздіктен қорғайды деп сеніммен айта аламын. Сонымен бірге, әкелер жағы ұлымен сырласып, денсаулығында қандай да бір өзгеріс болып жатыр ма, соны уақытында біліп, ем қабылдап, аурудың алдын алып отыруы керек. Ер балалардың ұялшақтығы, тартыншақтығы олардың келешегіне балта шауып отырғанын алдымен ата-ана жақсы түсінуі керек.

Осы «Ана мен балаға» мемлекет бар қамқорлықты аямай отырса да, сәби өлімінің көптігіне не себеп?

IMG_0007-Өте ауыр сұрақ… Мен Жамбыл облысы, Луговой ауданында бас дәрігердің орынбасары қызметін атқардым. Ауылдағы әйел азаматшаларымыз жүкті болғаннан кейін дәрігерге уақытылы көрінбейді, оның өзіндік себептері де бар шығар. Бірақ, сәби бойына біткеннен-ақ тоғыз ай бойына өзіне ерекше күтім қажет екенін және дәрігерге өз уақытында қаралып тұруды естен шығармауы керек. Осы себептерден кейін түсік тастау, баланың шетінеуі деген мәселе алдан шығады. Ал, гинекологтың бақылауындағы қалалық әйелдер арасындағы келеңсіз жағдайға экология мен тұқымқуалаушылық аурулардың себебі болуы мүмкін деп ойлаймын. Өз басым сәби өліміне дәрігерлерді ғана кінәлау дұрыс емес деп есептеймін. Не болса да екеуінен де теңдей қате кетіп, айтуға ауыз бармайтын жағдайлар орын алып жатыр.

Соңғы сұрақ, оқуын жаңадан аяқтап, медицинаға енді ғана аяқ басқан жас мамандарға көңіліз тола ма?

-Қазіргі жас мамандарға шынын айтсам көңілім толады. Тіпті, кейде оларға қатты қызығамын. Өйткені, олар соңғы технологияларды, жаңа медицинаны жақсы меңгерген. Елбасының қолдауымен олар шетелде тәжірибе жинауға мүмкіндік алып отыр. Оқимын, қызмет етемін деген балаға мемлекет бар жағдайды жасауда. Қарап отырсақ, «Болашақ» бағдарламасымен шетелден оқып келіп жатқан хирургтар, басқа да мамандар бар. Яғни, еліміздің медицина саласында маман даярлау жағынан ілгерілеу бар.

-Емен-жарқын әңгімеңізге рахмет! Мерекеңіз құтты болсын! Еңбегіңіз жана берсін!

Сұхбаттасқан Ермұрат НАЗАРҰЛЫ