Әділдік салтанат құрмаса, мазаққа қаламыз

Жер сенікі де, оныкі де, менікі де емес, Алланың қалауымен берілген, ата-бабаның аманатымен қалған асыл мұрамыз. Сондықтан жерді сатуға болмайды. «Жер сату» деген ойдан аулақ болып, оны заңмен қорғау қажет. Жерді сатса да, жалға берсе де, «Аспаннан былғары жауса да, құлға оқшантайлық тимейді» дегендей, жердің құнарлысын байшыкеш қалталылар алады да, оның пұшпағы да бұқараға тимейтіні мәлім. Қазірдің өзінде байшыкештер иеленіп алған жерлеріне ор қазып немесе тор тартып, қоршап алған. Қарапайым халықтың бір-екі сиыры, он шақты ұсақ малы жайылар жайылымы жоқ. Сондықтан барлық елді мекеннің жерін тексеріп, бір адамның иеленетін жерінің мөлшерін заңмен белгілеп бекіту ауадай қажет. Елімізде бір миллионнан астам азамат баспана мен жерге зәру екен. Әр азамат үй салуға 10 сотық жер иеленуге құқылы. Мейлі оның пәтері, үйі болса да.

Мемлекет халқына тіршілік деңгейі қалыпты жағдайды жасауға міндетті. Ал, бізде әкімдер, басшы, депутаттар қомақты жалақы алса, қарапайым халықтың айлығы мардымсыз екені белгілі. Ал дүкендегі тауарлар мен коммуналдық төлемдердің бағасы бәріне бірдей. Байшыкештің баласы не ішіп, не кисе, сенің балаң да соны алып бер деуі заңды. Сондықтан төменгі айлық 30 мың, ең жоғарғы айлық 100 мың теңге-ден аспауы абзал. Зейнетақыны да 60 мыңнан асырмай теңестіру, денсаулық сақтау мен білім беру жүйесін жасау қажет-ақ.

????????????????????????????????????????????????????????????????????????????????????????????????

Облыстардың бұрынғы мәрте-бесін қайтадан беру де өмір талабы. Бір бастыққа жолығу, не бір құжатқа мөр бастыру үшін де Алматыдан Талдықорғанға барасың. Ол күні жұмысың бітпесе қонасың. Жол қаржысы, тағам, қонақүйдің қаражаты қалтаға салмақ түсіреді. Мұның да жеңілдік жасайтын жолдарын іздеу қажет.
Ата-кәсіп болған мал шаруашылығының арнайы оқытылып, малшы мамандығын дайындайтын оқу орны жоқ. Сондықтан «Жас малшы» мектебін ашып, 11 сынып бітірушілерді 6 ай, 9 сынып бітірушілерді 1 жыл оқытып малшы, аңшы, құрылысшы, механизатор, егінші мамандығын қосып үйретсе игі іс болар еді.

Жол қозғалысының ережесін бұзғанға байланысты салынатын айыппұл мөлшерін азайтсақ. Жол қозғалысын бұзғанның айыппұлы 20-25 мың теңге көлемінде. Айыппұл жоғары болған соң, жүргізушіге МАИ қызметкеріне 10 мың теңге пара беріп құтылғаны тиімді. Егер айыппұл 5 мыңнан аспаса, онда МАИ қызметкерлеріне пара бермес еді. Үкіметке түсетін түсім молаяды. Жалпы барлық саланың айыппұл мөлшерін азайтса, үкіметке кіретін кіріс көбейер еді.

Елді мекенде үй салуға құм, топыраққа деген бағаны арзандатып сатсақ. Бұл — менің өз пікірім. Халқымыз қазір Жер комиссиясына зор үмітпен қарап отыр. Билік пен халық шен таластырып әділдіктен аттаса, тәуелсіздігімізге нұқсан келіп, әлемге мазақ боламыз. «Келіссе ердің құны кешіріледі, керіссе қолдағы келін кетеді» дегендей, ел қамын, қазақ даңқын ойлайық, ағайын!

Өкей Үрімханұлы,

«Қазақстан-ZAMAN» газеті