Спорт жаңалықтары

                       Ел біріншілігі: «Қайрат» бабына енді келгендей

      Премьр-лигада ойнайтын командалар биылғы маусымның кезекті тур ойындарын өткізді. Қарағандыға қонаққа барған Алматының «Қайрат» командасы жергілікті «Шахтер» қақпасына жауапсыз бес доп соқты. Грузиялық маман Кахабер Цхададзе баптайтын «Қайрат» осымен жеті матч қатарынан жеңіске жетсе, команда капитаны Бауыржан Исламхан төртінші матч қатарынан гол салды және екінші матч қатарынан дубль авторы атанып отыр. Ал көшбасшылардың бірі «Ертіс» сырт алаңда «Ордабасыдан» жеңілді. Матчтағы қос голды да Азат Нұрғалиев салды. Тағы бір көшбасшы «Астана» өз алаңында «Жетісуді» жеңді. Бірінші таймның 45-і минутында Танат Нөсербаев соққан жалғыз доп ойын тағдырын шешті. Бұл турдағы қалған ойын нәтижелері төмендегідей:; «Ордабасы» — «Ертіс» — 2:0; «Ақтөбе» — «Тобыл» — 0:1; «Атырау» — «Оқжетпес» — 2:1; «»Ақжайық» — «Тараз» — 2:1. Әзірге турнир көшін 41 ұпаймен «Астана» бастап келеді. «Ертісте» 31, «Қайратта» 29 ұпай бар.                          

                                    Риоға баратын балуандар

    Қазақстан күрес федерациясының басшылығы Рио-де-Жанейро Олимпиадасына баратын құрамды жариялады. Олардың қатарында: Грек-рим күресінен: Алмат Кебіспаев (59 келі), Досжан Кәртіков (75 келі), Нұрмахан Тінәлиев (130 келі). Еркін күрестен: Артас Сана (57 келі), Ғалымжан Өсербаев (74 келі), Аслан Кахидзе (86 келі), Мамед Ибрагимов (97 келі), Дәулет Шабанбай (125 келі). Әйелдер күресінен: Жұлдыз Ешімова (48 келі), Екатерина Ларионова (63 келі), Эльмира Сыздықова (69 келі), Гүзел Манюрова (75 келі) сынды балуандар бар. Бұл шешімді бапкерлер кеңесі Қазақстан күрес федерациясының отырысында жариялаған-ды. Күрес түрлері бойынша жүлделер Риода 14-21 тамызда сарапқа салынады.

                   Светлананың күтпеген қола медалі

      Лондон олимпиадасының чемпионы Светлана Подобедова 2015 жылы Хьюстондағы әлем чемпионатының қола медалінің ресми иегері болды. 75 келіде қола медаль алған ресейлік Ольга Зубова Халықаралық ауыр атлетика федерациясы тарапынан ресми түрде допинг қолданды деп айыпталып, сегіз жылға спорттан шеттетілдіктен, қола біздің зілтемірші қызға ресми түрде берілді. Зубова осыған дейін бір рет допинг дауына ілініп, екі жыл спорттан кеткен болатын. 12-і маусымда IWF Подобедованы ресми түрде қола жүлдегер деп таныды. Ол 2009 және 2010 жылы өткен әлем чемпионатында алтын, 2011 жылы күміс медаль алған. 2012-і жылы Лондон олимпиадасының чемпионы атанған

                           Седовтың тағы бір «шатағы»  

    Жуықта Талдықорғанда ауыр талетикадан өткен ел біріншілігінде дау шығарған  Владимир Седов тағы бір шуды бастап жіберді. Ол өзінің Instagramдағы постында: «Бүгін 2016 жылғы 11 маусым. Мен, Седов Владимир, 2009 жылғы әлем чемпионы 94 келіге дейін салмақ санатындағы Токиодағы Олимпиадалық ойындардағы екі дүркін олимпиада чемпионы Илья Ильин сені жекпе-жекке шақырып, жауабыңды дүйсенбіге дейін күтемін. Егер жауап бермесең, сені қорқақ  деп санаймын», — деп жазған. Ұлттық құраманың бас бапкері Алексей Ни ел біріншілігі барысында шатақ мінез көрсеткен оны психологиялық тұрғыдан әзір емес деп санап, 2016 жылғы Олимпиадаға қатысатын атлеттердің алдын ала тізіміне қоспаған болатын. Зілтемірші жарыстан бас тартуына жарақаты себеп болғанын алға тартып, дәрігерлер қорытындысының фотосын жариялаған. Алексей Ниден өзін не үшін құрамамен жаттығудан шеттеткенін сұрап: «Риоға барам ба, жоқ па?  Оны мен шеше алмаймын, бірақ мен Ойынға дайындалып жатырмын. Олимпиадаға қатысуды армандаймын. Мені Риодағы Олимпиада ойындарына жібермеген жағдайда, Токио-2020 Олимпиадасына дайындығымды жалғастырамын»,— деп, ҰОК басшысы Тимур Құлыбаевқа олимпиадалық құрамада дайындықты жалғастыруға мүмкіндік беру өтінішімен жүгінген. Ал, Илья мен Зульфия екеуі допинг қолданды деген сыбысқа іліккенін жақсы білеміз. Егер ол рас болса, екеуінің де Риоға бармауы, Олимпиада медальдарын кері қайтарып беруі ғажап емес.

                                   Қымбат — қоян-қолтық ұрыс жүлдегері

    Алматы қаласы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің қызметкері Қымбат Ахмет қоян-қолтық ұрыс бойынша халықаралық жарыстың күміс жүлдегері атанды. Чехияның Брно қаласында өткен қоян-қолтық ұрыс бойынша Еуропа Кубогының ашық чемпионаты 10-нан астам елдің спортшыларын жинаған-ды.  50 келіге  дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен спортшы қызымыз Молдова, Польша және т.б. елдердің спортшыларын жеңіп (7 жеңістен кейін), финалға шықты. Финалда Қымбат ресейлік спортшыға ғана есе жіберді. Еуропа Кубогының чемпионатында екінші орынға ие болу, ҚАЖ қызметкері  Қымбат Ахметтің халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативін орындауына жол ашты.

Дайындаған Ермек Сахариев