Қазіргі таңда елімізде жастарды ауылға тарту бағытында «Дипломмен ауылға» бағдарламасы іске асырылуда.
Бағдарлама аясында ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға, сондай-ақ ауылдар мен ауылдық округ әкімдері аппаратының мемлекеттік қызметшілеріне бюджеттік қаражат есебінен көтерме жәрдемақы беріледі. Сонымен қатар, бағдарлама қатысушылары тұрғын үй сатып алуға немесе салуға бюджеттік кредит алу мүмкіндігіне ие болады.
Осы бағдарламаның нәтижесінде Абай ауылдық округ әкімі аппаратының жетекші маманы Динара Ибраимова өз баспанасына қол жеткізді. 2024 жылдың 20 желтоқсанында ол «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы 7 384 000 теңге көлемінде бюджеттік кредит алып, Еңбекші ауылындағы үйді сатып алған.
Бүгінде Динара ауылдық жерде қызмет етіп, тұрғындарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға үлес қосып келеді. Бағдарлама ауылдағы мамандарға тұрақты жұмысқа орналасуға және кәсіби тәжірибесін дамытуға мүмкіндік береді.

