Жуырда Р. Сәбденов ауылында классикалық шахматтан жасөспірімдер арасында облыстық чемпионат өтті.
Жарыстың ашылу рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Бақкелді Тұрсынбек, аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ерлік Шабеев, Ақбұлақ орта мектебінің директоры Шарапат Бабашева және “Жамбыл облысы шахмат федерациясы” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әлібек Утеулиев қатысты.
Айта кетейік, 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы облыстық чемпионатты есімі ауданымызға белгілі шахмат жаттықтырушысы Ниязбек Каипов ұйымдастырды.
Облыстық чемпионатта 6 команда, яғни 24 оқушы бақ сынады. Шарт бойынша әр команда құрамында 3 ұл, 1 қыз өнер көрсетуі тиіс. Екі күнге созылған жарыс өте тартысқа толы болды. Чемпионат қорытындысы бойынша командалық сайыста жүлделі үшінші орынды Құлан ауылының командасы иеленсе, Тараз қаласынан келген “Гамбит” командасы жүлделі екінші орынға ие болды. Тараз қаласының атынан сынға түскен “Этюд” командасы жарыс жеңімпазы атанды.

