ЕЖЕЛГІ ҚОЙЛЫҚ ҚАЛАСЫ

ЖІБЕК ЖОЛЫ МЕН ЖЕТІСУ АТАУЫ ТУРАЛЫ ДЕРЕКТЕР

 

Ұлы Жібек жолы бойындағы көшпенді және отырықты мәдениеттердің қарым-қатынастары ішінен Жетісу өңірі сауда жолының географиясына тоқталатын болсақ: Шудан Іле алқабына яғни батыстан бірнеше тармақ таралады. 1.Қордай тармағы. Ол қазіргі автомобиль жолдарымен тұспа-тұс. 2. Қастек бағыты. Ол Алмату қаласы бағытында.

Алматы-Талғар Жетісудағы ірі сауда орталығы болған. Осы орталықтан тағы бірнеше тармақ жан-жаққа тарайды. 1.Нарынқол, 2. Шонжа, 3. Иланбалық (Шелек арқылы Шарынға барады).  Келесі бағыт Қаялық, ол Алматы-Талхирдан бастау алып, Жақсылық, Молдахмет қалашықтары арқылы  Қапшағай аңғарына түсіп, одан Іле өзенінен өтіп, бұрынғы ортағасырлық қала болған  қазіргі Шеңгелді ауылынан Арқарлы асып, Сарыөзекке бет алады. Осы тұста басты бағыт бөлініп: біреуі Іле өзенінің оң қапталымен Басшы қалашығы арқылы Жаркентке, одан әрі Қорғасты басып Шығыс Түркістан асады да, Иланбалық көшжолымен астасады. Екіншісі – Быжы және Мұқры аңғарында орналасқан Быжы керуен-сарайы арқылы Көксу алабындағы қазіргі Талдықорған қаласы маңы — Дүнгене қалашығына әкеледі, сонан кейін  Қаратал өзенінен өтіп, Айнабұлақ керуен-сарайына жетеді. Осы арада жол тағы екіге айырылып, біреуі (оң бағыт) Қапал және Арасан таулы аймақтарын қапталдай (онда екі қалашық болған), Абакумовка асуымен Ақсуға түседі. Бұнда да екі қалашық болған. Сонан соң Сағабүйен қалашығы арқылы Сарқанды басып, Антоновка (Қайлық) қалашығына ат басын тірейді. Осы бағыт туралы Г.Рубруктың жолжазбасында анық айтылған.

Жетісу – Семиречье атауы ХIХ ғасырдың 40-жылдары қолданысқа енген көрінеді. Бұл Ресей империясының Сібір казак қосындарының Семипалаттан оңтүстік – шығысқа яғни Балқаш көліне бет алған тұсы болуы керек. Алғашқы жаулау 1847 жылы Жоңғар Алатауының етегіндегі Қапал бекінісін салумен шектелді. Сонан кейін Семиречье топонимі жалпы Жоңғар тауы өлкесінен Тарбағатайға ауып, одан Іле, Балқашты қаусырып, Қытай шекарасына дейін созылды. (Кейінгі кездегі Лепсі, Қапал уездері). Сонымен қатар Жетісуға Іле теріскейі аймағы (Заилиский край) , Верный және Жаркент уездері (Шу теріскейі аймағы- Зачуиский край) , Пішпек және Әулиеата уездері  (Ыстық көл аймағы), Прежевальск уезі кірді.

1854 жылы Семиречье атауы, Семиреченск аймағы, Семиреченск облысы болып орталығы — Верный қаласы ресми статус алып, атауы географиялық номенклатураға кіреді. Революциядан соңғы жылдары 1924 жылға дейін Қазақ және Қырғыз автономдық республикалары болып екіге бөлінгенше Түркістан советтік республикасы құрамында Жетісу губерниясы болған. «Семиречье» деген қазақтың «Жетісу» сөзінің тікелей көшірмесі болуы керек. Осылай деп Жоңғар Алатауының бір қойнауы аталуы да мүмкін, өйткені сол кезде бұл тау — Семиреченск Алатауы аталатын-ды. «Семиречье» деген атау жеті өзенге байланысты емес, шығыс Балқаш өңірінің құрғақ даласына қарама-қайшы сулы, нулы өлке деген мағына білдіретін сияқты. «Жерұйықтан» Семиречье атауы туындайды деген де пікір бар. Тарихи деректемелер мен зерттеулерде Жетісу атын құрайтын жеті өзен туралы әртүрлі пайымдар айтылады. А.Гейнс бұлардың қатарына Лепсі, Басқан, Сарқан, Ақсу Бүйен, Қаратал және Көксу өзендерін жатқызса, А. Влангали :  Басқан, Сарқан өзендерінің орнына солтүстік – шығыстағы Аягөз, оңтүстік – шығыстағы Іле өзендерін атайды. В. Бартольдтың айтуынша алғашқыда жергілікті халық Жетісу деп Іледен солтүстікке қарай созылған аймақты атаған, оған Лепсі, Басқан, Ақсу, Бүйен, Көксу өзендері енген.

Сонымен, қорыта келгенде ешқандай өркениетті оның жер атауларынсыз жеке алып қарауға болмайтындығы айқындалды. Топонимика – оның тарихи географиясы және тіл білімімен астаса дамыған ғылым. Топонимиканың географиялық мағнасына тоқталсақ: сол өлкені, облысты, ауданды мекендеген елмен және табиғатымен тығыз қатынаста екені белгілі болады; сонымен қатар сондағы тайпалар мен халықтың, осындай атаулар берген жалпы қоғамның тарихымен біте қайнасқан. Жер атауы белгілі бір тілден бастау алады. Нақтылы территориядағы қандай да бір этнос туралы пікір айту үшін топонимиканың рөлі зор. Топонимдер әрқилы себептерге байланысты өзгерістерге ұшырап отырады. Тарихи оқиғалар, көшіқон, бодандыққа түсу сияқты түрлі жағдайлар әсерін тигізеді.

Осы орайда өткенімізге үңіліп, кешегіміз қандай болды деген сұраққа жауап беретін тарихи география ұғымының мағынасын білгеніміз жөн. Л.Н.Гумилев: «История – способ изучения свойств и событий времени, а историческая география – совмещение времени и пространства » деген екен.

 

 

ЕЖЕЛГІ ҚОЙЛЫҚ ҚАЛАСЫ

 

Әңгімемізге арқау еткелі отырған ежелгі Қойлық қаласының осы атауға қалай ие болғаны жайлы біраз деректерге көңіл аударайық

Қаялық (Қайлақ) — А.Н.Бернштамның жорамалына қарағанда, Іле алқабындағы ірі қала жер үлгісіне орай осылай аталған дейді. Қайлаққа ол Қойлық деген мағына береді, яғни «қой жайылымы» немесе «жайылымға ыңғайлы өңір». Дейтұрғанмен барлық деректерде Қаялық немесе Қайлақ деп аталатынын атап өткен жөн. «Кайи-кая» деген сөз-этноним. Әл-Маврази шығыстан каи және кун тайпаларының Шары  (Сары) еліне қарай беттегені туралы айтады. Қытай жылнамаларындағы Си (каи) және Хунь (кун) тайпаларының каи мен кундарға ұқсастығын олардың таңбалары мен хаттары да толықтыра түседі. Каи және кун тайпаларының қай уақытта қоныс аударғаны жайлы ортақ пікір жоқ. Дегенмен екі кезең болуы мүмкін, алғаш кундер ауып, кейін оларға кайлар қосылған. Осы қоныс    аударған тұсты Макварт Х-ХIII ғасырлар десе, В.Ф.Минорский-ХI ғасыр, ал С.П.Толстов бұл оқиғаларды V-VI ғасырларға апарады. Макварттың пікірінше кайи (каи) ата-тегі моңғол-түркіленген тайпа. Махмуд Қашғари олардың түркі тілінде сөйлемегенімен бірақ түркі тілін білетіндігін айтады.

IХ ғасырдан бастап каи-оғұз  түркімендерінің бір тайпалары ретінде танылады. Он бір ғасыр бұрын қытай жылнамаларында келтірілген каи таңбасын түркімендердің кайи тайпасы ХIХ ғасырға дейін сақтап келгені көп нәрсені аңғартады. Іле алқабындағы (долина) каи тайпаларының болғанын растайтын жәдігерлер Жақсылық қалашығынан табылған. Олар ХI-ХII ғасырлар шамасына тұстас. Зооморфты қыш құмыралардың сырты жылан бейнесімен әшекейленген. Жылан кейпі каи тайпаларының таңбасы болғаны аян. Осының барлығы Қаялық ойконимінің тайпа атынан пайда болғанының дәлелі.фото рисунки 005

Қайлақ қаласы  ХI ғасыр мен ХIII ғасырдың басына дейінгі аралықтағы жазбалардан Қаялық атауымен қарлұқ жабғуларының астанасы ретінде белгілі болған. Қала қарахандар қағанатындағы түркі – қарлұқтар елінің орталығы болды. Тарихи деректерге сүйенер болсақ, Шыңғыс хан жорығы кезінде жеңіліс тапқан найман Таян ханның баласы Күшлік хан қанды қырғыннан құтылып шыққан адамдарын бастап, Ертіс алқабынан айырылып Бесбалық атырабына келді. Одан соң Құлажаға қарай беттеп, батыс лиау патшалағының билеушісі горханның ордасына барды. Батыс лиау билеушісі Жилугу Күшлікті ілтипатпен қарсы алып, оған қызын берді.

Шыңғыс ханнан жеңілген найман, керей, меркіт тайпаларының бір бөлегі бұл кезде Жоңғар ойпаты мен Жетісу өңіріне қоныс аударған болатын. Дағдарысқа ұшырап отырған лиау билеушісі Жилугу горхан бүлік шығарған бодандарын бағындыру үшін Күшлік ханға қол артпақ болды. Күшлік оған: «Менің тайпаларым көп, олар Еміл, Қойлық, Бесбалық жеріне жайыла қоныстанған. Егер маған рұхсат берсеңіз, оларды жинаймын да, осы тайпалардың көмегімен горханды қолдап көмек беремін»; деп уәде етті. Горхан мұны мақұл көріп, қару-жарақ ақша берді. Күшлік хан Бесбалық, Еміл, Қойлық өңіріне қоныс аударған найман, керей, меркіттерден әскер, ат-көлік жинап күшейіп алды да, Хорезм және Самарқан билешілерімен астасып, үкімет билігін тартып алуға қарманды. Сондай-ақ Қарлұқ жабғуларының қарақытай горханы алдындағы тәуелділігі сөз жүзінде ғана болған сияқты, өйткені қарақытай горханы Қашқармен басы қатып жатқан. 1211 жылы Қарлұқ ханы Арслан Алмалық билеушісінің шешіміне ілесіп, өзін Шыңғыс ханға тәуенді екенін мойындайды. Онымен қоймай Алмалық пен Қаялықтың жауынгерлері Шыңғыс жорығына қатысады.

Қойлық қаласы жайлы тағы бір пікір, әрине жаңсақ болса да әйгілі жерлесіміз Мұхамеджан Тынышпаевтың «Великие бедстия» (Ақтабан шұбырынды) кітабында келтірілген. «Керімқұл Назаров деген Қапал уезінің ауқатты және беделді тұрғыны (руы жалайыр) мынадай деректі алға тартады. Ол ата-бабасының шежіресін жақсы меңгерген адам көрінеді. Қаратал-Көксу өзененің маңында яғни Дүнгене елді мекені тұрған жерде ежелгі қала болғандығын айтады. Кейінгі 200 жыл қаңырап, бос қалған қала ірі орталық болған сияқты. Және Г.Рубруктың жазбаларында айтылған сапарға сүйенсек, Қойлақ деген қала осы болуы да мүмкін тәрізді» делінген.

Бұл қала туралы бірегей мәліметтер Моңғол имперясының жоғарғы қағаны Мөңкеге Францияның IХ Людовик королі жіберген елшісінің кітабында сақталған.

1253 жылы күздің аяқ шенінде елші Гильом Рубрук өзінің ұзақ сапарын бастады, яғни сол жылдың мамыр айында Қара теңізбен жүзіп келіп, оңтүстік орыс даласын кесіп өтіп, Днепр, Еділ, Жайық өзендерінен өтеді. Арал жағалауы, Талас алқабы арқылы Іле өзеніне жетеді. Ол өзінің одан әрі қарайғы жолын былайша суреттейді. «Өзеннен өткеннен кейін,-деп жазады Г.Рубрук, — біз бір жазықтыққа шықтық, онда әлдебір бұзылған қамалды көрдік, оның қабырғалары саз балшықтан қаланған, әрі жері өңделген екен. Содан кейін біз Эквиус деген белгісіз әсем қалаға тап болдық, онда Парсы елінен соншалықты алыс бола тұрса да парсыша сөйлейтін сарациндер тұрады. Келесі күні үлкен таулардың оңтүстікке қарай созылған сілемдеріне жататын таулардан әрі өттік, содан соң біз оң жағында биік таулары бар әдемі жазықтыққа шықтық, ал ол жақта беймәлім теңіз немесе көл жатты, оны айналып шығуға 25 күндей жол жүру керек». Бұл көл кейін белгілі болғандай Балқаш екен. Эквиус — ХI ғасырда Махмуд Қашғари өзінің «Диуан Лұғат ат-Түрк» деп аталатын еңбегінде жазған Ики-Оғыз қаласының жаңсақ жазылған атауы. Зерттеушілердің пікірлері бойынша бұл қала қазіргі кездегі Көксу өзені бойындағы Балпық би  (Кировка) селосының аумағында орналасқан Дүнгене қаласының орнында болған.

Г.Рубрук Лепсі алабына жеткен кезде ол былай деп жазған: «Бұл жазықтықта аталған теңізге келіп құятын таудан аққан сулармен тамаша суландырылған. Жоғарыда айтылған жазықтықта қалалар жиі кездеседі, бірақ оның басым бөлігі жайылым іздеген татарлар қиратып  тастаған. Біз одан Қайлақ деп аталатын үлкен қалаға кез келдік, онда базар бар екен, әрі оған келетін көпестер саны да өте көп. Онда 12 күн демалып, Батыйдың бір хатшысын күттік, ол Мөңке  (Мангу) сарайындағы істерді реттеуге біздің жолбасшымызға серік болуы тиіс еді». «Қайлақтың маңайында, — деп жазады Г.Рубрук, — үш ли жерден біз нағыз несториандық қонысты көрдік. Шіркеуге кіргенімізде біз «Жарылқа, Құдайым!» деп бар дауысымызбан қуана дауыстадық, өйткені, біздің шіркеуді көрмегенімізге көп болған еді». Осы жерден үш күннен кейін елшілер теңізге келіп жетті, «оның бурықанып жатқаны соншалық, біз оны мұхит екен деп қалдық. Менің серігім оның суының дәмін татқысы келіп жағалауына жақындады, суы ащылау екен, бірақ әйтеуір ішуге жарамды. Биік таулардың арасында оңтүстік – шығыс бағытта жазықтық созылып жатыр, ал таулардың арасында тағы бір теңіз  көрінді, осы жазықтық арқылы бірінші теңіз бен екіншісінің арасында өзен ағып жатты. Бұл алқапта үздіксіз қатты жел соғады, адамдар бұл арадан өздерін оның екпіні теңізге алып кетуінен қауіптеніп өтеді». Бұл теңіздің Алакөл екендігін аңғаруға болады. Г.Рубрук келместен бұрын Плано Карпини елшілігі осы жолмен жүрген болатын. Соңғы өткен елшінің Алакөлдегі күзгі желді назарға алуы таңғалтады және «жартастардың саңлауларынан жұлқынып шығатын жел» туралы аңызды да жазып алған».

1253 жылы желтоқсанда Алакөл жағалауына жеткен Г.Рубрук өзінің жолсапарын Моңғолия жерінде жалғастырады.

Г.Рубруктың жазған сипаттамаларына қарағанда, Қайлақ базары, алаңдар мен ғибадатханалары бар үлкен қала екен. Г.Рубруктың мәліметтеріне сүйене отырып, тек оның ғана емес, Х1 ғасырдың көрнекті ғалымы Махмуд Қашғаридың еңбектерін және археологиялық зерттеу материалдарына қарай отырып, зерттеушілер Қиялықтың (Қайлақтың) орналасқан жерін айқындауға, нақты ескерткіш – қаламен оны ұқсастыруға мүмкіндік алды. Мәселен, шығыстанушы В.В.Бартольд қазіргі Қапал елді мекенінен онша қашық емес жерде орналасқан деп болжам жасаған, археолог А.Н.Бернштам оны Көксу өзені алқабынан іздеген дұрыс деп есептеді. Бірақ Антоновка қаласының ашылуы мен зерттелуі Қиялықтың тап сол әңгімеге арқау болған қала екендігін анықтауға мүмкіндік берді. Бұл, біріншіден, Іле алқабындағы ең ірі қала, оның орналасқан жері Г.Рубруктың маршрутына, оның Іле өзенінен Алакөлге барған саяхатының жолына сәйкес келеді. Қазба жұмыстары кезінде бұл жерден мешіт, будда және манихей ғибадатханалары табылып, зерттелді, өзіндік ерекшелігі бар күміс және мыс теңге шығаратын теңге сарайы болғандығы дәлелденді.Оны Махмуд Қашғаридың атақты географиялық картасы да   дәлелдейді, онда Г.Рубруктың Эквиусына сәйкес келетін, Қайлаққа дейін онда болған Ики-Оғыз (Иеи-Укуз) қаласы көрсетілген.

Фактілердің мынадай үйлесімі бар: жазба деректер мен археологиялық мәліметтер-Антоновка селосының шығыс шетінде, Алматы облысының Сарқан ауданы орталығынан шығысқа таман 35 шақырым жердегі, Лепсі өзенінің алқабында орналасқан қаланың үйінді орны Қиялық деген қорытындыға келу зерттеушілер үшін өте сирек болатын сәттілік. Антоновка қаласының ауқымды аумағын жауып жатқан сандаған дөңестер мен ойпаттар бұрынғы қала құрылысының іздері болып табылады. Жүргізілген қазба жұмыстары үш өлшемді топографиялық сандық суретке түсіру және 600 метр биіктіктен түсірілген аэрофотосурет топографияны мұқият зерттеулерге көмектесті.

Қаланың топографиясын төмендегідей ретте сипаттауға болады: саз балшықтан (пахса) тұрғызылған сыртқы мықты қабырғалар, орталық ядро-аркалар (қамал), қаланың өзі-шахристан және қала іргесі-рабад.

Қиялықтың ашылуы-бұл қазақстандық археологтардың қол жеткізген тамаша табысы екендігі сөзсіз, ал «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы арқылы оған кең көлемде қазба жұмыстарының жүргізу мүмкіндігінің жасалуы қаланың экономикасы, қала тұрғындарының әлеуметтік өмірі, қолөнер мен саудасы, құрылыс технологиялары мен сәулет өнері, монументальды және қолданбалы өнері, тұрғылықты халқы ұстанған діндері туралы мәліметтер алуға мүмкіндік берді. Бұл жерде исламның, буддизмнің, христиандықтың, манихейліктің  бейбіт қатар өмір сүруінің өзі Қазақстанға ежелден тән толеранттық дәстүр туралы мәлімет береді.

Қаялық қаласы өткен жылы Қазақстанның өзге де бірқатар тарихи ескерткіштермен бірге ЮНЕСКО қорғауына алынып, дүниежүзілік құндылықтар қатарына қосылды.

      Дайындаған Заман Төлеуов