ӘР ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ОҚУҒА ТИІСТІ ЖЕТІ РОМАН

ӘР ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ОҚУҒА ТИІСТІ ЖЕТІ РОМАН

Оқиық, ойға тоқиық.

Сіздер білетіндей, интернет жүйесінде «Міндетті түрде оқылуы тиіс» деген кітаптар тізімі жетерлік. Өзіміздің қазақ әдебиетінде де ұлы шығармалалар баршылық екенін білесіздер. Бірақ, өкінішке орай, жастар арасында бұл шығармаларды оқымаған немесе білмейтін жандар табылады. Сондықтан біздің редакция сіздерге ең маңызды әрі көркемділік жағынан керемет жазылған романдарды таңдаған еді. Әрине оқуға міндетті кітаптардың тізімі бұдан да көп екені баршамызға анық. Алайда, әдебиетші болмасақ та, еліміздің беделді туындыларын білгеніміз жөн. Назарларыңызға әр қазақстандық оқуға тиісті жеті романды ұсынамыз.

«Абай жолы», Мұхтар Әуезов.1996

Бүкіл әлемге әйгілі қазақтың тұңғыш эпопеясы. 1-ші кітабы 1942 жылы, 2-сі 1947 жылы, 3-сі 1952 жылы, 4-томы 1956 жылы жарыққа шықты. Эпопеяның «Абай» атанған алғашқы екі кітабына КСРО Мемлекеттік сыйлығы (1949 жылы), «Абай жолының» тұтас төрт томына Лениндік сыйлық (1959 жылы) берілген болатын. Осы роман арқылы қазіргі қазақ прозасы күллі дүние жүзі әдеби классиканың шырқау шыңына шықты. «Абайдай» шығарма бұл тұсқа дейін қазақ әдебиетінде болған емес. Әуезов өзінің төрт томы арқылы бүкіл дүние жүзіне, қала берді — өз отандастарына, керек десеңіз тіпті — қазақтардың өзіне қазақ дегеннің кім екенін танытты. Қазақ халқының ұлылығын — оның өткен өмірін — тарихын, тарихының түбірлі кезеңдерін, қазақ мінезі қалыптасқан трагикалық Һәм шығармашылық дәуірлерді ғажайып көркемдік күшпен жарқыратып, ашып, жан-жақты айқындап, терең түсіндіріп берді.

«Қан мен тер», Әбдіжәміл Нұрпейісов. 

«Қан мен тер» трилогиясы – ел, халық, оның әлеуметтік тағдыры туралы шығарма. Уақыты өзгергенімен, заманалық зәрулігі өзгермейтін туынды. Соңғы жетпіс жылғы алтын әдебиетімізді мысқа балағысы келетін қайсыбір неонигилист даңғойлар бұл романға тап күресін жазғандықтан ескірді деп мін де тақты. Романды қазіргі тәуелсіздік мұнарасынан, демократиялық көзқарас тұрғысынан оқығанда, оның қазақ шындығынан бұра тартқан жерін табылмайды. Қайта коммунистік үстем идеологияға қайшы пікірлерді жолықтырып, «бұны қырағы цензура қалай жіберді екен? » деп қалуға негіз бар. «Қан мен терді» сынаушылар оның кейіпкерлерін Михаил Шолоховтың «Тынық Дон» эпопеясының қаһармандарымен салыстырып қарайды. Тіпті кейбіреуін содан көшіріп алған деседі. Ал, салыстыра келгенде, қазақ жазушысының трилогиясындағы екі жүзден асып жығылатын кейіпкердің бір де бірі, тіпті орыстарына дейін, еш шығарма образына ұқсамайтыны айқындалады.

«Ұлпан», Ғабит Мүсірепов.1997

Бұл 1974 жылы тарихи ел шежіресінің мазмұны негізінде жазған романдарының бірі. Шығарманың оқиғасы – ХІХ ғасырда қазақ даласында болған тарихи шындықтарға негізделген. Романдағы бас кейіпкер Есеней — қалың Керей-Уақтың билігін қолына мықтап ұстаған аузы дуалы биі, атақты байы. Ол Шыңғыспен партиялық сайлауда таласса, тең түсетін өткір сөзді, алып денелі, қара нар іспеттес қайраткер. Жасында жауынгер, найзагер батыр да болған. Кенесарының қалың қолымен кескілескен ұрыста ерлік көрсеткен, екі жүз сарбазын тұтқындап стапқа өткізген, кейін жараланып, орыс-казактары дәрігерлерінің көмегімен ажалдан аман қалған. Романның ерекшеліктерінің бірі — қазақ ауылының жүз жылдық тұрмысы, әдет-ғұрпы, барымта, қалыңмал беріп, қыз айттыру, бай мен кедей арасындағы, ел арасындағы жер дауы, жесір дауы кең көлемде сөз болуы.

«Көшпенділер», Ілияс Есенберлин.1998

Бұл шығарма — қазақ сөз өнерінің әлемдік нұсқасына қосылған тарихты көркемдік пайымдаудың үздік үлгілерінің бірі,партиялық идеологияның қылышынан қан тамып тұрған уақытта дүниеге келген шығарма. Трилогия Алмас қылыш ,Жанталас, Қаһар деген бөлімдерден тұрады. Романда бес ғасырлық оқиға, яғни, XV-XIX ғасыр аралығындағы Қазақ хандығы өмір сүрген кезең суреттеледі. Кейіпкерлер негізінен тарихи тұлғалар – Шыңғысхан дәуірінен басталып Кенесарымен аяқталатын қазақ мемлекетінің бастау көзі мен қиын-қыстаулы тағдыр-талайының басында тұрған хандар тізбегі, ел мұңы мен арман-тілегінің хабаршысы – ақын-жыраулар, ел мен жер үшін, ұрпақ болашағы үшін жан аямай шайқасып, Отанын қорғай білген арыстан жүрек, атан жілік батырлар. Бұлар – ел есінде аттары жатталып, тарихта қалған, өмірде болған тұлғалар.

Еліміздің президенты Нұрсұлтан Назарбаев: «Есенберлиннің шығармашылығында атақты «Көшпенділер» трилогиясы негізгі орын алады, ол эпикалық құлаш — қарымымен, оқиғалардың серпінділігімен, қазақ тарихының жанды әрі қайталанбас тұлғаларының бейнесімен, тілінің шынайылығымен және айқындылығымен ерекшеленеді» деген еді.

«Қамар сұлу», Сұлтанмахмұт Торайғыров.1999

XX ғасырдың басындағы қазақтың іріп-шіріген билеуші табының өскен, тәрбие алған ортасы, ескілікке қарсы үн көтерген «Қамар сұлу» романы, жастарды асқақ қиял, зор талапқа бастайтын лирикасы — оны қазақ әдебиетіндегі демократтык әдебиеттің ірі өкілі етті. Ол өзінің тақырыбы мен мазмұны жағынан әлеуметтік роман. Қазақ әйелінің теңсіздіктегі жай-күйі оқиғаның негізіне алынып, сол арқылы өз дәуірінің қоғамдық шындығын әлеуметтік тұрғыда талдау жасалады. Қоғамдық топтардың Қамар тағдыры туралы әр түрлі түсінігін, әрекет тіршілігін жан-жақты суреттей отырып, шығарма идеясын өзі өмір сүрген қоғамның негіздерін сынауға бейімдейді. Қалын малға сатып шалдардың жас қыз алуын, әлділердің әлсіздерге зорлығын, халықтың қараңғыдағы қапас тіршілігін өткір сынайды. Сол негізде феодалдық-патриархалдық салт-сананың күйреуін және оны ұға алмай отырған елдің надан мінез-құлқын әшкерелейді.

Романның негізгі идеясын Сұтанмахмұт әр қилы тағдырлар, адам бейнелері арқылы ашуға ұмтылады. Оның кейіпкерлері көзқарасы әртүрлі адамдардың қақтығыстары негізінде жіктеледі. «Қамар сұлу» — казақтың жазба әдебиетіндегі алғашқы романдардың қатарына қосылады. Сұлтанмахмұт мұнда прозалық елеулі шығарма жасауға талаптанады.

«Қалың мал», Спандияр Көбеев.

Бұл роман жазушы шығармашылығында ерекше орын алады. Мұнда қазақ ауылының әлеуметтік суреті, қазақ әйелінің тағдыры, оның теңсіздігі және жастар өмірі, ойын-той салттары туралы бейнеленген. Басты кейіпкер Ғайшаның тағдыры арқылы қазақ қызының сол бір бейуақыттағы аянышты өмірін, аңсаған арманы мен үмітін, сол жолдағы талабы мен күресін шынайы түрде жинақтап көрсеткен және әлеуметтік теңсіздік пен соған қарсылық тақырыбы да қамтылады. Бұл Көбеевтің творчествосындағы прогресшіл бағыт пен демократтық беталыстың айқын да, даусыз шындығы еді. Романда революция алдындағы қазақ ауылында болған қат-қабат әлеуметтік өзгерістер шынайы суреттелген, дәуір шындығы боямасыз көрсетілген. Романда қалың мал әлегі, қазақ қызының аянышты да арманды тағдыры нанымды бейнелеумен қатар дала тіршілігіндегі әлеуметтік теңсіздіктің, жолсыздықтың сан алуан көрінісі батыл әшкереленген. Ел билеуші әкімдер мен үстем тап өкілдеріне қарсылық білдірген кедей бұқарасының әрекеті шыншылдықпен суреттелген. «Қалың мал» романы – тілінің тазалығы, көркемдігі жағынан да өзімен тұстас прозалық туындылардан өзгеше шығарма. Жазушы романында халықтың сөз байлығын, мақал-мәтелдерді орынды пайдаланған, кейіпкерлер характерін даралап көрсеткен.

«Бақытсыз Жамал», Міржақып Дулатов.

Қазақ әдебиетінің тарихында тұңғыш рет роман деген жанрлық аңықтама қойылып, жарияланған прозалық туынды – «Бақытсыз Жамал». Дулатов қазақ халқының құрылымы, тұрмыс-салты, мінез ерекшеліктері, кемшілік, олқылықтары туралы толғана келіп, роман жазуды өз мақсатын баяндайды. Шығармаға арқау болған оқиғалар – ХХ ғасыр басында қазақтың кез келген атырабында, кез келген ауылында, кез келген шаңырағында өтуі мүмкін, әркімге таныс, сипаттары бар жалпылық мәнді жайттар. Автор өз тұсындағы әлеуметтік-қоғамдық өмірдің маңызды арналарын адам тағдыры, нақты әрекет, тартыс арқылы көрсетуді мақсат етіп, ой, идеяны ашық публисцистикалық түрде емес, бейнелер, образдар арқылы, көркемдік тәсілдермен береді. Бір сөзбен айтқанда, жазушы таза прозалық шығарма, жанр шарттарын толық қанағаттандыратын туынды жасау талабын ерекше ескерген.

Негізгі сюжет басты кейіпкер Жамал тағдырымен сабақтас өрбіп отырады. Шығарма оның туғанынан өлгеніне дейінгі аралықтағы негізгі белестерін қамтиды. Әкесі Сәрсенбайдың мойнына бұрмақ салып, Құдайдан жалбарынып сұрап алған баласы. Шешесі Шолпан – әкесінің бір перзентке зар болып жүріп үйленген екінші әйелі. Қиын-қыстау кезінде қызы үшін шырылдап отқа түсетін осы байғұс ана.

«Бақытсыз Жамал» романы туралы алғаш пікір айтқан Ахмет Байтұрсынов: «Қазақта бұрын роман жоқ еді. Біздің арамызда қазақша бірінші роман жазып шығарған Міржақып Дулатов болды».