Елордалық ҚХА: Бір дастархан басындағы татулық пен бірлік

ҚХА этномәдени орталықтарының елордалық хатшылығы өкілдері ас әзірлеу акциясын бастады. Карантин кезінде үйде әр этнос өзінің дәстүрімен және мәдениетімен ерекшеленетін дәстүрлі тағамдарын дайындау жолдарын көрсетеді. Акция Қазақстан халықтарының бірлігі күніне арналған. Іс-шараның мақсаты – ұлттық аспаздық дәстүрлерді кеңінен насихаттау, сонымен қатар елдегі ұлтаралық келісім мен татулықты нығайту. Алғашқы болып бұл акцияны дүнген этномәдени орталғы өкілдері қолдады. Мұса Камалов Қазақстанда да көп әзірленетін тағам лағманды дайындауға арналған рецептпен бөлісті. Оның айтуынша, лағманды жасау рецепті мен дайындау жолдарында айырмашылық көп емес, бірақ соған қарамастан, дүнген, өзбек және тәжік лағманы өзінше бөлек. Дүнген лағманына тек қызыл етті (қой, сиыр еті) қосып, жусай өсімдігінің жапырақтары мен тёхо ұлттық дәмдеуішін қосумен ерекшеленеді. Бірақ гарнир үшін кесілген не жайылған кеспелер емес, тек қолмен ғана созылған кеспелер қолданылады. Аталмыш акцияға армян, поляк, славян, әзербайжан және басқа да этномәдени орталықтардың өкілдері қолдау білдірді. Сондай-ақ аспаздық челлендж әрбір ас үй қожайынының өз мәзірін байытып, отбасын жаңа тағамдармен қуантуына, басқа этностардың мәдениетін тереңірек тануына мүмкіндік береді. Бүгінде Елордада 130-дан астам өзге ұлт өкілдері тұрады. Қалада 23 этномәдени бірлестік жемісті жұмыс жасап келеді. Елордалық ҚХА өкілдерінің айтуынша, мұндай челлендж Қазақстанда түрлі этномәдени бірлестік өкілдерінің бейбітшілік пен татулықта өмір сүріп жатқанының тағы бір дәлелі. Бір дастархан басында әртүрлі ұлттың дәстүрлі тағамдары әдемі үйлесім табады. ҚХА өкілдері бір шаңырақ астында түрлі дәстүрлерді сақтай отырып, бұл эстафетаны барлық қазақстандықтарға жолдайды.