Елінің дара туған батыры — Бақытжан

Жуалыда Халық қаһарманы, генерал – лейтенант Б.Ертаевтың 70 жылдық мерейтойы аталып өтті.

Ел ағасы Бақытжан Ертаев алдымен отан алдындағы борышын адал және абыроймен атқарып, еліміздің тыныштығын қорғау жолында жауынгерлік оқу тапсырмаларын орындау кезінде тосын табиғаттың салдарынан қар көшкінінің астында қалып, қаза болған 91 678 әскери бөлімінде арнайы мақсаттағы таулы иегерлік ротасының жауынгерлеріне орнатылған ескерткішке гүл қоюдан бастады. Сондай-ақ, қайтыс болған жауынгерлердің әруақтарына құран бағышталды.

Бақытжан Ертаев әскери бөлімдегі бұрынғы және заманауи қару-жарақтар қойылған көрмемен танысып, шатыр астында әскери бөлімнің қызметкерлерімен сұрақ-жауап алмасты.

Әрі қарай шара аудандық «Достық» мәдениет үйінде жалғасты. Айта кету керек, мәдениет үйінің алдында тарихи, мәдени, ұлттық салт дәстүрімізге арналған көрмелер көздің жауын алатындай қаз-қатар қойылған. Аудандық тарихи-өлкетану мұражайының ұйымдастыруымен ашық аспан астындағы көшпелі музейі және тақ, тайқазан, ескерткіштері де кештің сәнін келтіре түскендей әсер қалдырды. Одан бөлек, мәдениет үйінің алдындағы әскери вальс кештің шырайын одан әрі аша түсті.

Халық Қаһарманы ішке енгеннен соң, сахна төріне шақырылды. Меркелік шарада Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Е.Құлымбайұлы және Жуалы ауданының әкімі Ж.Мұртаза құттықтау сөз сөйлеп, генерал-лейтенант Б.Ертаевқа сый-сияпат жасады.

Халық Батыры мерекелік кештен соң кіндік қаны тамған туған жері Ертай ауылына атбасын бұрды. Мұнда ол алдымен ауылдағы «Құлбайымбет» мешітіне болып, ата-баба рухына құран бағыштады. Сондай-ақ, ауылдағы М.Ғабдуллин атындағы орта мектепте Батырдың 70 жылдығына орай ұйымдастырылған жиынға қатысты.

Жиында Боралдай ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсатбек Байболов құттықтау сөз сөйлесе, ауылдың ардагер ұстазы, ақын Әлия Жақсыбекова «Нағыз Батыр, Хаһарман» атты Батырға арнаған арнау өлеңін оқыды. Ал, «Мырзан» шаруа қожалығының төрағасы Садық Нұрсейітов өз атынан Б.Ертаевқа ақбоз ат мінгізді.

Жиналған көпшілік ел ағасына ауылға тигізген шарапаты үшін алғыстарын айтып, ізгі тілектерін жеткізді.
#жуалыауданы

#Ұлыдаланыңұлыесімдері

Жуалы ауданы