Нұржан Нұржігітовтің Шу ауданына жұмыс сапары

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің Шу ауданына жұмыс сапары «Тасөткел» су қоймасының сейсмикалық тұрақтылығын нығайту жұмыстарымен танысудан басталды. Себебі келер жылдың вегетациялық кезеңіне дейін су көп жиылса, шаруалар алқаптағы жұмыстарға еш алаңсыз ертерек кіріседі.

Облыс әкімі «Тараз Химиялық Паркі» арнайы экономикалық аймағында басқосу өткізіп, жоспарланған жобаларды талқылады. Бейне-байланыс арқылы инвесторлармен кездесіп, мәселелері мен жоспарларын тыңдады. Мұнда тоғыз ірі жобаны жүзеге асыру жоспарланса, басқосу барысында олардың бірқатарының орындалу мүмкіндіктеріндегі кемшіліктер мен кедергілер сараланды.

– Бұл арнайы экономикалық аймаққа қатысты халық арасында күдік те, наразылық та аз емес. Сондықтан жоспарлы жобаларды іске асыру бойынша жұмыстарды жеделдетіп, нәтижеге қол жеткізу керек. Қант зауытын салу, натрий цианидін өндіру секілді жобалардың маңыздылығы белгілі. Сондай-ақ, аймақтың статусын қайта қарап, ауқымын кеңейту қажет. Мұнда тек химиялық жобалармен шектелуге болмайды. Басты мақсат – тiкелей инвестицияларды тарту үшiн жағдай жасау, экспорт – импорт алмастыратын, бағдарланған жоғары технологиялы және бәсекеге қабілетті түрлі өнімді өндiрiс орындарын ашу,–деді Нұржан Нұржігітов.

Шу қаласындағы А.С.Макаренко атындағы мектеп-интернаты ғимаратының тозығы жеткендігі байқалады. Бұдан бөлек аудандағы 7 мектепті жаңадан салып, 15 мектеп күрделі жөндеуден өткізу керек. Осы ретте Нұржан Нұржігітов ЖСҚ әзірлеуде сылбырлық танытып отырған аудандық білім бөлімі басшысының жұмысын сынға алып, нақты міндеттер жүктеді.

➡️Толығырақ zhambyl.gov.kz сайтында

Жамбыл облысы әкімдігі