Біз Мәншүктің ресми өмір жолы, ерлігі туралы білеміз, десек те оған басқа қырынан қарап көрейікші.

Мәншүк 1922 жылы Бөкей Ордасында дүниеге келіп, небәрі 21 жасында ерлікпен қаза табады. Мәншүктің тағдыры да оның әке-шешелерінің тағдыры сияқты ауыр.
Туған әкесінің аты Жеңсікәлі, анасы Тойылша. Олардан немере інісі Ахмет Мәметов «оқытып, тәрбиелеймін» деп бес-алты жасында сұрап, асырап алады. Тойылша мен Жеңсікәлі Ашаршылық құрбандары. Шешесі бір үзім нанға зар болып өлсе, әкесі астық ұрлады деген айыппен түрмеге қамалып, сонда қайтыс болады. Мәншүктің шын аты Мәнсия, кейін анасы «Моншағым» деп еркелетіп, содан Мәншүк атанып кеткен. Ал, енді Мәншүкті асырап алған Ахмет кім дейтін болсақ, Ахмет Мәметовтің аталмай келуі оның Батыс Алашорданың қайраткері болуында, сол себептен 1938 жылы «халық жауы» атанып, атылып кетуінде еді. Жасынан Уфадағы «Ғалия» медресесінде оқып, одан Орынбордағы «Хұсайния» медресесіне ауысып, соны тәмамдаған өз заманының озық ойлы азаматы Алаш қозғалысына белсене қатысады. Қатысып қана қоймай, бұрқыратып өлең, мақала жазады. 1917 жылы бөкейлік зиялылармен бірге Ташкент қаласына келіп, «Бірлік туы» серіктестігіне кірді. Сұлтанбек Қожанов редактор, Мұстафа Шоқай шығарушы болған «Бірлік туы» газетінде жұмыс жасайды. Кейін Жымпиты, Қаратөбе өңірінде де алашордалық бағыттағы «Еркін қазақ» газетін шығару ісімен айналысады. Менің сүйікті жазушым, Қостанай өңірі тумасы Бейімбет Майлинмен дос болады. Батыс Алашорда таратылғаннан кейін Орал қаласына келіп, 1920 жылы РК(б)П қатарына өтеді. Бұдан соң халық ағарту, медицина саласында да жемісті қызмет атқарды. Басқасын айтпағанда, 1930 жылы Алматыда Қазақ тері және жұқпалы аурулар ғылыми-зерттеу институтының негізін қалап, алғашқы директоры болған ол 1931 жылдан бастап Орал облыстық денсаулық сақтау бөлімі меңгерушісінің орынбасары ретінде еңбек етті. Ахмет Мәметов жалған жала жабылып, атылып кетпегенде, қызы Мәншүктің тағдыры кім білсін басқаша қалыптасар ма еді?
Ол әкесінің атылып кеткенін білмеген. Бұған майданнан жазған хаттары дәлел. Мәселен, әкесінің туған інісі Қанаттың әйелі Майраға жіберген хатында Мәншүк: «Әкемді босатыңыз, қыз да болсам соғысқа келдім» деп Сталинге үш рет хат жазғанымен, одан әлі хабар болмағаны жөнінде мәлім етеді. Ал анасы Әмина Сүлейменқызына жазған хатында: «…Егер қаза болсам, Отан үшін, әкем үшін және сіз үшін…» деп атап көрсетеді. Оның осындай хаттарының бірінің көшірмесін Орал (БҚО) музейлерінен көрдім.
Материал авторы — Amandyq Amirkhamzin
Суретте: Әмина және Ахмет Мәметовтер