Бірлік пен келісім жолындағы 30 жыл: ҚХА республикалық телемост-форумы қорытынды жасады

Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырған «Бірлік пен келісім жолындағы 30 жыл» республикалық телемост-форумы ел көлемінде кең ауқымда өтті. ҚХА-ның 30 жылдығына арналған бұл іс-шарада мерейтойлық жылдың қорытындылары шығарылып, атқарылған жұмыстар жан-жақты сараланды. Форумға ҚР Президент Әкімшілігінің өкілдері, ҚХА депутаттары, Мәдениет және ақпарат министрлігі мен мемлекеттік органдардың қызметкерлері, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, Ассамблея мүшелері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, негізгі мақсат – жыл бойы өткізілген мерейтойлық іс-шараларды қорытындылап, алдағы кезеңге арналған басымдықтарды белгілеу болды.


Форум онлайн режимде өтіп, еліміздің барлық өңірлерін қамтыды. Шығыс Қазақстан облысының Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері де телемостқа қосылып, аймақта жүргізілген жұмыстар бойынша өз үлесін қосты. Іс-шараның ашылуында Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов сөз сөйлеп, Ассамблеяның 30 жылдық тарихындағы негізгі жетістіктерге тоқталды. Ол мерейтой аясында жүзеге асырылған жобалардың елдегі бірлік пен қоғамдық келісімді нығайтуға қосқан үлесін ерекше атап өтті.
Дін істері саласында жүргізіліп жатқан түсіндіру жұмыстары, ақпараттық топтардың қызметі, діни бірлестіктермен серіктестік тетіктері елдегі жалпы тұрақтылықты қамтамасыз етеді. ҚХА үшін де конфессияаралық келісім – басым бағыттардың бірі. Телемост барысында Ақсақалдар кеңесі, Аналар кеңесі, Еңбекшілер Ассамблеясы, «Ассамблея жастары», қайырымдылық және инклюзивті бағыттар, этномедиация, ғылым және «Елтану» жобасы, спорт, этножурналистика, креативті шешімдер платформасы, Достық үйлері мен саябақтары, сондай-ақ өңірлерде аудандық ҚХА құрылымдарын кеңейту сынды маңызды бағыттар қамтылды. Әр блоктың кураторлары жыл бойы атқарылған жұмыстардың нәтижесін баяндап, өңірлердегі іс-шаралар мен бастамалар туралы ақпарат ұсынды.


Шығыс Қазақстан облысы форумға арнайы бейнеролик ұсынып, өңірдегі бірқатар маңызды жобаларды таныстырды. Оның ішінде «Казцинк» ЖШС базасында құрылған Еңбек Ассамблеясының қызметі, «Ассамблея жастары» жастар театры – «Teatr-ALL»-дың шығармашылық жұмыстары, сондай-ақ Достық үйлерінің I Конгресінің ұйымдастырылуы өңірдегі этносаралық келісім мен азаматтық белсенділікті арттырудағы маңызды қадамдар ретінде көрсетілді.
«Ел көлемінде мазмұны терең, ауқымы терең, әрі қоғамның түрлі саласын қамтитын іс шаралар кешені жүзеге асырылды. Осы мерейтойлық бастамалар Ассамблеяның үш онжылдықтағы жетістіктерін жаңаша қырынан көрсетіп, оны ел өміріндегі маңызын айқын танытты»,- деді ҚХА төрағасының орынбасары Марат Әзілханов.
Іс-шара соңында Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы жаңа кітаптың тұсаукесері өтіп, ҚХА ардагерлерін ұлықтау рәсімі ұйымдастырылды. Форум қорытындысында Ассамблеяның 30 жылдық қызметі елдегі бірлік, тұрақтылық және өзара құрметті нығайтудағы маңызды институт ретіндегі рөлі атап өтілді. Мерейтойлық жылдың нәтижелері жаңа кезеңге жасалған маңызды қадам ретінде бағаланып, болашақта да ҚХА бастамаларын одан әрі дамытуға басымдық берілетіні айтылды.

Тәттімбек Асханұлы
Халықаралық «Qazaqstan dauiri» газетінің
ШҚО бойынша меншікті тілшісі