ШҚО-да «Кітап–AMANAT» орталығында Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығына арналған танымдық кездесу өтті
Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығына орай «AMANAT» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалы А. С. Пушкин атындағы облыстық кітапханасымен бірлесіп ұйымдастырумен мәдени-танымдық интерактивті кездесу өтті.
Іс-шараға «AMANAT» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының міндетін атқарушы Аманбай Нұркенов, А. С. Пушкин атындағы облыстық кітапхана қызметкерлері, Қазақстан-Американдық еркін университеті, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеттерінің «Тарих және журналистика» факультеттерінің студенттері қатысты.

«Шоқан Уәлиханов – халқымыздың рухани биігі, ғылым мен ағартушылықтың символы. Жастардың тарихи тұлғалардың мұрасын терең меңгеруі — елдің болашағына салынған инвестиция. «Кітап–AMANAT» орталығының негізгі мақсаты да — оқу мәдениетін дамыту арқылы саналы ұрпақ тәрбиелеу. Бүгінгі кездесудің жастарға берері мол деп сенемін», — деді «AMANAT» партиясы ШҚО филиалы төрағасының міндетін атқарушы Аманбай Нұркенов.

Кездесу барысында студенттерге Шоқан Уәлихановтың ғылыми зерттеулері, этнографиялық еңбектері, саяхатшы ретіндегі қызметі және ағартушылық бағыттағы көзқарастары туралы мазмұнды ақпарат ұсынылды. Сонымен қатар қатысушылар интерактив тапсырмалар орындап, пікірталас алаңында ой бөлісті
«Бүгін Шоқан Уәлихановтың ғылыми еңбектерін жаңа қырынан таныдық. Интерактив тапсырмалар бізді бұрын мән бермеген деректерге назар аударуға көмектесті. Осындай форматтағы кездесулер ғылымға деген қызығушылығымызды арттыра түседі», — дейді С.Аманжолов атындағы ШҚУ –дың «Тарих және қоғамтану» факультетінің 2- курс студенті Дилназ Енсебаева.
Мәдени-танымдық кездесу жас буынның тарихи санасын қалыптастыруға, ұлттық тұлғалар мұрасын терең меңгеруге және ғылыми ізденіске деген қызығушылығын арттыруға бағытталған маңызды бастама болды. «Кітап–AMANAT» орталығы алдағы уақытта да жастардың білімін кеңейтуге, оқу мәдениетін қолдауға бағытталған түрлі мәдени-ағартушылық іс-шараларды жалғастыратын болады.
Тәттімбек Асханұлы
Халықаралық «Qazaqstan dauiri» газетінің
ШҚО бойынша меншікті тілшісі

