БЕЛІҢДІ БУ, ҚАРАЛЫ ҚАЗАҚСТАН!

Елес болып кеткен бе, ел сенері
Толқындары Таластың теңселеді
…Адам ойы жасаған қател іктер –
қыршындардың қанымен өлшенеді.

Жауға шабар жұрт еді найза ап бәрі,
Зұлмат келді тағы да қай жақтағы…
Неге үнсізсің,
Несіпбек Дәутайұлы
Бауырлардан не хабар, Байзақтағы?

Жарылысқа тап болып жаным, Айым,
дүр сілкінді дірдектеп кәрі қайың…
Үшбұлақ пен Қайнарда –
Қара қайғы –
Сарыкемердің сағасы – сары уайым.

Тау өзені тұрады таза ағыстан
Байтақ па едік басынан базары ұшқан?
… Жалап жазар жарасын
тағы емеспіз –
беліңді бу, қаралы Қазақстан!

Саңылағымның сиресе санаты тым,
Сағыныштан сарғаяр сана-құтым.
… Қаратаудан жылжыған керуенімнің –
Кес-кестеме соқпағын, қара түтін!

Жарылыстар жүректе,
Жан, денемде,
Көш алдынан найқалып Нар келер ме?
… «Сабыр түбі – сары алтын» –
деген сөзді –
қай бетіммен айтайын – Сарыкемерге?

Ғалым Жайлыбай