АУЛЫҢЫЗҒА КІМ КЕЛДІ, БІЛЕСІЗ БЕ?!

(Қандастар мен қоныс аударушыларды қоныстандыру үшін Үкімет белгілеген Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдеріне хат!)
Құрметті Ахметжанов Марат Мұратұлы!
Құрметті Уәли Берік Уәлиұлы!
Құрметті Ақсақалов Құмар Іргебайұлы!
Құрметті Байханов Асайын Қуандықұлы!
Құрметті Ақшолақов Болат Оралұлы!
Құрметті Төреғалиев Нариман мырза!
Құрметті Сақтағанов Нұрымбет Аманұлы!
Құрметті Нұрмұхамбетов Ғауез Торсанұлы!
Сіздер қатардағы жай әкім емессіздер!
Сіздер Қандастар мен қоныс аударушыларды қоныстандыруға арналған арнайы өңірлердің әкімісіздер!
Қазақта: «Елге ел қосылса, құт!», — қасиетті сөз бар.
Алла Сіздерге сол құт қонып жатқан киелі өңірлерге әкім болуды нәсіп еткен!
Мұндай қасиетті мәртебе мен кетпес бақ өзге тоғыз облысты қойып, азуын айға білеген үш қаланың – Астананың, Алматының, Шымкенттің әкімдерінің маңдайына жазылмаған.
Мұндай қасиетті мәртебе мен кетпес бақ тек Сіздерге ғана бұйырған…
Алла осындай қасиетті мәртебе мен кетпес бақ берген соң, оған қоса ауыр сынақты да қосым береді!
Сіздерге берілген сынақ – тарихи Отанына оралған қандастарымыздың өмірі, құқықтары мен бостандықтары!
Ардақты әкім мырзалар!
Қазір менің қолыма Атажұртына көшіп келіп, осы жылдың ақпан айынан бері қатаң атқарыла бастаған «Қандас мәртебесін беру немесе ұзарту» мемлекеттік көрсетілетін қызметтері бойынша пилоттық жобаны іске қосу және іске асыру туралы бірлескен бұйрықтың кесірінен Қазақстан Республикасының азаматтығын ала алмай отырған 430 отбасының тізімі келіп түсті.
430 отбасы – аз сан емес, мың немесе одан да көп адам!
Бұл – менің қолыма түскендері ғана.
Ал, Пилоттық жобаның кесірінен жалпы құжаттана алмай отырған қандастарымыздың саны бұдан әлдеқайда көп, тіпті екі-үш есе артық болуы мүмкін;
Тізімдікке қарап отырсақ, олардың біразы көпбалалы отбасылар екен;
Өздерінің айтуларына қарағанда, «Қандас» мәртебесін алып үлгіргендері де жетерлік көрінеді;
Көбінің визасының, «Қандас» мәртебесінің және өзге де құжаттарының мерзімі өтіп кеткен;
Өздерін қоя тұрып, мектеп жасындағы балалына виза рәсімдете алмай жатқандары қаншама?!
Ең қызығы, осынау мыңнан астам азаматтың бір бөлімі Үкімет айқындаған өңірлерге – Сіздер басқарып отырған облыстарға қоныстанғандар болып шықты!
Соған қарамастан, ондай санаттағы отбасылар да құжаттана алмай, өңірлік квотаға қолы жетпей дағдарып отыр…
Оу, мәртебелі әкім мырзалар!
Қазақта: «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы кәрия алдынан шығып сәлем береді…», — деген аталы сөз бар еді.
Бір таң қалғаным, осы тізімдіктегілердің кемінде 70-80 пайызымен сөйлестім, олармен облыс әкімі деңгейінде бірде-бір кездесу, жағдай ұғысу болмапты!
Құдай-оу, Сіздердің ауылдарыңызға алты жасар бала емес, қараорман қазақ келіп жатыр ғой, ең құрығанда, бір рет болса да олардың басын қосып, «Туыстар, халдарыңыз қалай?!» деген бір ауыз сөз айтуға жарамағандарыңыз – Ұят енді!
Қазақта тағы «Үш ғайып» деген сөз бар.
Соның біреуі – «Неке ғайып»!
Ғайыптан тайып, ертең Сіздердің біреулеріңіздің ұлдарыңыз сол көшіп келген қандастарының қызын алып немесе қыздарыңыз сол ағайынның ауылына келін болып түсіп жатуы, шеттен келіп, бүгін сергелдеңге түсіп отырған сол қауыммен құйрық-бауыр асасып отыруларыңыз әбден мүмкін.
Құдай соған жеткізсін деп тілеймін!
О, сонда бет қызармау үшін, тағы бір жер қипылдамау үшін, бір уақ қандастарыңызға қарап қойғандарыңыз артық болмас еді.
Оны былай қойғанда, қазақы қан, жігіттік деген тағы бар.
Тіпті, малшы екеш малшының өзі қорасына өзге табыннан бір мал қосылып кетсе, «Бұл қайдан келді, кімнің малы екен ә?!»,-деп, айналасына сұрау салады. Қашан иесі келіп алып кеткеше, жаны сол малдың үстінде жүреді.
Оған қарағанда, Сіздер ел басқарып отырған тұлғасыздар ғой!
Қытай-қытай деп жүріп, өз қандастарыңызды ұмытып кеткен жоқсыздар ма өзі?!!
Сіздердің мын «Соқыр мылқау танымас тірі жанды…» кейіптеріңізді көріп. шынымды айтайын, мен Сіздерге өкпелеп жүрмін. Бір жағынан Сіздерден қорқа бастадым…
Құрметті аға-бауырлар!
Сіздер ойлап қалып жүрмеңіздер, «Қандастар туралы анау бір ықпалды тұлғалар Президентке жағымсыз ақпарат беріп, осылай пиоттық жоба қабылдатып, Атажұртына оралған этникалық қазақтардың құжаттану процессін барынша қиындатып қойды, енді Ұлы көш осымен тоқтайды…»,-деп!
Егер, осылай ойласаңыздар, өте қатты қателесесіздер!!!
Пилоттық жобаны жасатуға ықпал еткендердің бұнысы – барып тұрған ақымақтық және шектен шыққандық!!!
Біз Кәрім Мәсімов дегенді де көргеміз!
Ол да кезінде осылай Ұлы көшті тоқтатпақ болған…
Қайда қазір сол «Мұрттарыңыз»?!
Естеріңізде болсын, Ұлы көш мәңгі тоқтамайды!!!
Салық Зиманов сынды пайғамбар текті аталарымыз бастап, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев қостап, шекара сыртында қалған этникалық қазақтардың тағдырын Тәуелсіз Қазақстанның мойнына артып, Атажұртқа ағылатын Ұлы көштің мәселесін сонау Тәуелсіздіктің бірінші күні мәңгілікке шегелеп тұрып шешіп қойған болатын!
Сенбесеңіздер, қараңыздар:
«Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңының (1991 жылғы 16 желтоқсанда қабылданған) 7-бабында: «Қазақстан Республикасының өз азаматтығы бар. Басқа мемлекеттерде тұратын Республика территориясын тастап шығуға мәжбүр болған барлық қазақтардың сол мемлекеттердiң азаматтығымен бiрге, егер бұл олар азаматы болып отырған мемлекеттердің заңдарына қайшы келмейтiн болса, Қазақстан Республикасының азаматтығын алу хұқы танылады.»,-деп жазылған!
Аталған Конституциялық Заңда тағы: «Қазақстан Республикасы көшi-қон процестерiн реттеп отырады. Қазақстан Республикасы жаппай қуғын-сүргiн, күштеп ұжымдастыру кезеңдерiнде, адамгершiлiкке жат өзге де саяси шаралар нәтижесінде Республика территориясынан кетуге мәжбүр болған адамдар мен олардың ұрпақтарының, сондай-ақ бұрынғы одақтас республикалар территориясында тұратын қазақтардың өз территориясына қайтып оралуы үшiн жағдай жасайды.» және «Қазақстан Республикасы Республика шегiнен тыс жерлерде тұратын қазақтардың ұлттық-мәдени, рухани және тiлдiк қажеттерін қанағаттандыруға қамқорлық жасайды, олар азаматы болып отырған мемлекеттермен жасалған шарттар негiзiнде бұл азаматтардың мүдделерiн қорғайды.»-,деген қасиетті нормалар бар!
Конституцияны, конституциялық заңдар мен заңдарды жылына емес, айына емес, аптасына, тіпті күніне өзгерте беруге болады.
Ал, «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заң (1991 жылғы 16 желтоқсанда қабылданған) ешқашан өзгермейді!
Ол – Мәңгілік Елімізбен бірге мәңгі жасайтын Заң!
Мен жоғарыда «Қазір «Заң мен Тәртіп!» қағидаты салтанат құрған заман!» деген сөзді босқа айтып отырған жоқпын. Ата Заңның маңдайында жарқырап тұрған «Заң мен Тәртіп!» қағидатының нағыз жұмыс істейтін жері – дәл осы тұс еді!!!
Өкінішке орай, қазір «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңының бұл нормаларының біреуі орындалып жатқан жоқ!
Керісінше, міне, алты айдың жүзі болды, «Бірлескен бұйрық» арқылы «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңының 7- және 8-баптары өрескел бұзылып, Атажұртына оралған қандастарымыздың құқығы шектеліп жатыр!
Президентіміздің «Заң мен Тәртіп!» деген қасиетті қағидаты жаңа Конституциядан көрініс таппай жатып, желге ұшуда…
Егер, осы «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы» Заңның осы өлшеміне салсақ, бірлескен бұйрық арқылы Атажұртына оралған этникалық қазақтардың Қазақстан Республикасының азаматтығын алу құқығын шектеу – бұл – Мемлекеттің тәуелсіздігіне қасақана қарсы жасалған аса ауыр қылмыс болып есептеледі!!!
Адам құқығын шектейтін мұндай жағдай Тәуелсіз Қазақстанның тарихында болмаған. Кешегі Сталин заманында болған.
Мен Қасым-Жомарт ағаға сенемін, Ол кісі: «Шетелдегі қандастарымызды елге қайтару ісі ешқашан назардан тыс қалған емес, қалмайды да. Дүниежүзіндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің қасиетті парызымыз», — деген жігіттік сөзінен айнитын кісі емес!
Алла бұйырса, бұл мәселе оң шешім табады…
Ардақты әкімдер!
Айта берсек, сөз көп…
Енді Сіздерге өтініш, Құдайдың ризалығы, бала-шағаларыңыздың садақасы үшін, бір мониторинг жүргізіп, Өздеріңіз басқарып отырған облыста қанша этникалық қазақ құжаттана алмай отырғанын анықтап беріңіздерші!
Сонымен бірге, олардың қандай өтініш-тілектері бар екенін сұрап, БАҚ арқылы көлемді әрі жеткілікті ақпарат берулеріңізді сұраймын.
Бұл талапты мен Сіздерге «Мемлекеттік органдар, қоғамдық бiрлестiктер, лауазымды адамдар және бұқаралық ақпарат құралдары әр адамға өз құқықтары мен мүдделерiне қатысты құжатпен, шешiммен және ақпарат көзiмен танысу мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге мiндеттi.»,-деген жаңа Конституцияның талабы негізінде қойып отырғанымды ескертем!
Ескерту: осы хатқа 430 отбасының тізімі және «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңының (1991 жылғы 16 желтоқсан) 7- және 8-баптарының көшірмесі қоса тіркелді!
Құрметпен,
Ауыт МҰҚИБЕК,
«Ерен еңбегі үшін» медальының,
«Құрмет» орденінің иегері.