Кітап оқу дағдыдан қол үзген емеспіз

Алдағы саяси аламанға байланысты бүкіл өңірлерді аяқтай аралап, елмен кездесіп жүрміз ғой. Үйде де, түзде де, тауда да, таста да кітап оқу дағдыдан қол үзген емеспіз.
Бір-екі күн бұрын мазмұнына сапасы сай су жаңа кітап қолға түсті. Авторы — ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев!
Атауы — “ӘДІЛЕТТІ ҚОҒАМҒА — ШЫНШЫЛ СӨЗ”.
Ең әуелі кітаптың форматы ерекше ұнады.
Мұқият оқып шықтым.
Кітапта Мемлекет Басшысының әр жылдары айтқан саяси-әлеуметтік ойлары мен тұжырымдары, халықаралық қатынастардағы көзге көрінбейтін нәзік мәселелерге байланысты бағалаулар, отыз жылдан аса кезеңде жарық көрген сараптамалық мақалалары, ауқымды сұхбаттары мен кейінгі жылдары сөйлеген сөздеріндегі қадау-қадау саяси, рухани, философиялық ойлары ойып тұрып алынған екен.
Өте оқылымды. Ұғынықты. Қысқа-нұсқа. Оқырманға лайықталған. Ең бастысы қарапайым.
Жалпы, өз басым есімі әлемге мәшһүр саяси қайраткерлердің, қаламгерлердің, рухани тұлғалардың қоғам, заман, ірі формациялық өзгерістер кезеңіндегі ұстанымдарын оқығанды айрықша ұнатам.
Әсіресе, шашылып түскен тіркестер формасындағы түйіп-түйіп берген ойларға құрылған кітаптар өте қызық.
Мәселен, Уинстон Черчилль, Махатма Ганди, Нельсон Мандела, Маргарет Тэтчер, Наполеон Бонапарт, Франклин Рузвельт, Шарль де Голль, Дэн Сяопин, Әлихан Бөкейханов, Дінмұхамед Қонаев, Ахмет Байтұрсынұлы секілді әйгілі тұлғалардың еңбектерін, түйінді ойларын жата-жастана оқыдық. Қолымыздағы кітап та сол еңбектермен рухтас!
Осы орайда, еңбекті дайындау үшін құрастырушылардың ауқымды ізденіс жүргізгенін айрықша атап өткен ләзім.
Кітаптағы ойлар — жер шарының түрлі белдеулерінде қызмет еткен қатардағы дипломаттың қойын дәптеріндегі жазбалардан бастап Мемлекет басшысына дейінгі күңгей-теріскейі мол тағдырлы жолдардан өткен ірі Тұлғаның табанды, тағылымды көзқарасы.
Еліміз ауқымды саяси және қоғамдық жаңғыру кезеңінен өтіп жатқан уақытта бұл кітаптың жарық көруі өте заңды құбылыс.
Жинақпен таныса келе бүгінгі реформалардың кездейсоқ қабылданған шешімдер емес, Тәуелсіздік жылдары жүйелі түрде қалыптасқан идеялар мен ұстанымдардың заңды жалғасы екеніне көз жеткізесің. Бұл мемлекет дамуының ұзақ мерзімді бағытын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.
Кітапта мемлекетшілдікті нығайту, тиімді мемлекеттік басқару, Президент институтының жауапкершілігі, заң үстемдігі және қоғамның бірлігі туралы айтылған ойлар жүйелі түрде көрініс тапқан.
Осындай ұстанымдар еліміздің стратегиялық бағыты мен Ұлттық құрылтайда көтерілген бастамалардың идеялық негізін тереңірек ұғынуға жол ашады.
Менің ойымша, бұл жинақ ең алдымен депутаттар, мемлекеттік қызметшілер, саясаттанушылар, журналистер және қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып жүрген азаматтар үшін пайдалы.
Кітап мемлекеттік саясаттың ішкі қисынын терең түсінуге, қоғамдағы өзгерістерді дұрыс бағамдауға, сайлаушылар мен мазмұнды диалог құруға және күнделікті қызметте дұрыс бағдар ұстануға көмектеседі.
Бұл еңбекті елдің дамуына бейжай қарамайтын әрбір азаматтың оқып шыққаны абзал болар еді…
Жанарбек Әшімжан facebook парақшасынан https://www.facebook.com/share/p/17w6qBKJ4V/