Аудан әкімі Ернар Есіркепов білім саласының жұмысын саралады
Осы аптада аудан әкімі Ернар Есіркеповтің төрағалығымен өткен кеңесте Білім бөлімінің атқарып жатқан жұмыстары мен саладағы өзекті мәселелер жан-жақты қаралды. Ағымдағы жылы ауданның білім саласын қаржыландыруға 20,7 миллиард теңге бөлінген. Бөлінген қаржының арқасында аудандағы 28 мектепке дейінгі ұйым «Ақша баланың соңынан жүреді» қағидасы негізінде жеке қаржыландыру жүйесіне толық өтті. Нәтижесінде, 3-6 жас аралығындағы балалардың балабақшамен қамтылуы 100%-ға жетіп, 2-6 жас аралығындағы көрсеткіш 97,5%-ды құрады. Бөлімге қарасты 39 орта білім беру ұйымында 13309 оқушы білім алуда. Оқушыларды әлеуметтік қолдау шаралары да тиісті деңгейде жүзеге асырылуда: 1-4 сыныптағы барлық 4905 бала және әлеуметтік осал санаттағы 3041 оқушы тегін тамақпен қамтамасыз етілген.
Сондай-ақ, 19 елді мекеннен 600 бала 15 автобус арқылы 13 мектепке тұрақты тасымалданады. Білім беру орталарының материалдық-техникалық базасы да жақсартылуда: биылғы оқу жылында 4 мектепке 12 жаңа үлгідегі пән кабинеті және 2 мектепке технология кабинеттері орнатылды. Бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 39 мектептің 9-ы арнайы күзетпен және турникет жүйесімен жабдықталса, қалған 30 мектепке Жедел басқару орталығына қосылған дабыл түймелері орнатылды; білім беру ұйымдарында жалпы 300 ішкі және 244 сыртқы бейнекамера жұмыс істеп тұр. Қазіргі уақытта Қаныш Сәтпаев атындағы орта мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатса, бұған дейін Қызылпан Сұлтанбеков атындағы орта мектептің күрделі жөндеуі толық аяқталған болатын. Кеңес қорытындысында аудан әкімі атқарылған жұмыстарды саралай келе, оқушылардың қауіпсіздігін күшейтуді, сондай-ақ, жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан нысандардағы жұмыстардың мерзімінде әрі сапалы аяқталуын тұрақты бақылауға алуды тапсырды.

