Халық үніне құлақ салудың тиімді тетігі

Аудан басшысы Ернар Есіркепов «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында тұрғындармен тұрақты байланысты нығайту жұмыстарын жалғастыруда. Жуырда аудан басшысы 9 азаматты жеке қабылдап, олардың өтініш-тілектерін мұқият тыңдады.

Бұл қабылдау барысында тұрғындар тарапынан, негізінен, атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайындау, тұрғын үй кезектілігіне қатысты мәселелерді нақтылау, сондай-ақ, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға қатысты ұсыныстар басты назарға алынды. Әрбір өтініш бойынша заңнамалық шеңберде тиісті шешімдер қабылдау қажеттігі айтылып, олардың орындалуына қатысты жауапты басқармаларға нақты тапсырмалар берілді.

Аудан басшысының халықпен кері байланыс орнатуға бағытталған жұмыстары жүйелі сипатқа ие. Бұл – Ернар Есіркеповтің жыл басынан бері өткізген 38-ші жеке қабылдауы. Жалпы қабылдаулардың форматы әртүрлі болып келеді: 19 қабылдау тікелей жергілікті елді мекендерге шығу арқылы, 4 қабылдау «Amanat» партиясының аудандық филиалының қабырғасында, ал 15 қабылдау аудан әкімдігінің ғимаратында өткізілді.

Осы кезең ішінде өткізілген жеке қабылдауларда 190 тұрғынның өтініштері қаралып, жалпы саны 213 мәселе тіркелді. Қаралған мәселелер бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды: 84 өтініш бойынша дереу және нақты шаралар қабылданып, оң шешімін тапты. Ал 34 мәселе толық және түпкілікті шешілгенге дейін ерекше бақылауға алынды. Қалған сұрақтар бойынша тұрғындарға қолданыстағы заңнама шеңберінде жан-жақты түсініктемелер мен құқықтық кеңестер берілді.

Бұл көрсеткіштер аудан басшылығының тұрғындардың мұң-мұқтажына ден қоюдағы жоғары жауапкершілігін және ашықтықты қамтамасыз етуге деген ұмтылысын айқындайды.