Тұрғындар мәселесі зерделенді
Құлан ауылында аудан әкімі Ернар Есіркеповтің қатысуымен әлеуметтік және инфрақұрылымдық маңызы бар бірқатар жобалардың орындалу барысы қаралды.
Бұл жұмыстар аясында бұрын «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ облыстық филиалының теңгерімінде болған ғимарат ауданның коммуналдық меншігіне қайтарылып, қазіргі уақытта онда жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жөндеу жұмыстары аяқталған соң, бұл нысан жастар саясатын қолдау мақсатында Жастар ресурстық орталығына беріледі. Сонымен қатар, ауылдың экологиялық ахуалын жақсарту және жасыл белдеуді кеңейту жұмыстары қолға алынды: Дендро-саябақ аумағындағы ескірген, жеміс беруді тоқтатқан алма ағаштарын жаңарту жұмыстары жүргізіліп, олардың орнына 10 мың түп көшеттер отырғызылуда. Бұдан бөлек, ауылдың инфрақұрылымын дамыту мақсатында Арай тұрғын үй алабына қарайтын жолдың негізін дайындау жұмыстары басталып, алдағы уақытта оған шағал тас төсеу жоспарлануда. Аталған жобалармен қатар, Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында тұрғындардың жеке қабылдауларда көтерген өтініш-тілектерінің орындалу барысы да назарда ұсталып, бір топ тұрғындардың мәселелерінің шешілуі зерделенді.



