АТҚА МІНСЕҢ……..

Атқа міндің ажалыңа міндің. Ат-мансабың, ажал-абыройыңның төгілуі. Әсіресе бұл қызметте жүрген қыз-жігіттерге қатысты.

Ортаға біліміңмен емес, мінезіңмен сыйасың. Басшылыққа бару үшін, әуелі қосшылықтан өту керек. Алдымен өз тіліңде еркін сөйлеп үйрен. Тамыры тереңде жатқан тарихыңды біл. Қызмет етуге барған аймағыңның шежіресін жатқа біл.

Халқыңның салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын бес саусағыңдай көр. Алдыңа келген халықпен көңіліне қарап сөйлес. Әріптестеріңе әркез жанашырлық таныт.

Олар сенің екі жүзді емес, шынайы жаныңның тазалығын сезінсін. Құр айқаймен іс бітпес. Арғымаққа мінсең де, артқы топтан адаспауды үйрен. Жаныңа, бас пайдасынан аспайтын, жылмақай жылпостарды жыйнай берме, халықтың ішінде қадірің кетеді.

Себебі сен тас санасаң, халық құм санайды. Сенің әрбір ісің мен сөзің елдің назарында екенін ұмытпа. Халықпен кездесетін үлкен жиналыстарға жіті дайындал. Күнделікті айтып жүрген кезекші сөздеріңмен адамдарды жалықтырып, уақытын босқа алып, көңілін қалдырма.

Сенімен өткен әрбір жиындардан соң қатысушылардың еңсесі көтеріліп, қайта кездесуге құштар болу керек. Сонда ғана елдің ішінде абыройың артады.

Өз ойы бар, мініңді бетке айтатын адамдардан қорықпа. Қайта қасыңа жақын тартып, жауапты істерді ұсын. Олар өз ойын бетіңе айтқанмен, ешқашан артыңнан пышақ ұрмайды. Сенің абыройыңды, өз абыройындай қорғаштайды.

Бұлақ көрсең көзін аш. Қабілеті биік әріптестеріңді реті келсе өсір, қамқор бол. Бәйгенің атын, арбаға жеккендей қор қылма, қызғанып алдын кеспе. Себебі: “Жігіттің өзімен талассаңда, бағымен таласпа”-деген қазақ. Алдыңда не күтіп тұрғанын қайдан білесің? Бүгін ол сенің қарамағыңда қызмет етсе, ертең сен оның қарамағында жүруің бек мүмкін.

Өмір- өзен! Өзен буырқанып қатты ақса, өмір толқындары атыңнан аударып тастауы әбден мүмкін. Ол күндерге де іштей дайын жүр. Өмір өзенінен атпен өткің келсе, өзің көздеген тұстан сәл жоғары ал. Сонда ған көздеген мақсатыңның тұсынан шығасың.

Өзен толқыны атыңнан аударып тастаса, оны өмір дейді. Қаймықпай, қарғып атқа қайты мінген жігітті, ер мінезді, өр көңіл дейді.

Өмір өзен өткел бермеуі мүмкін. Жасыма! Ер көңіліңмен, өр мінезіңді халқыңа адал қызмет етуге арна. Халқыңа қызмет ет, қадірің соның ішінде бауырым………

МАҚСАТ СҚАҚОВ.