АРША АСТЫНДАҒЫ АЙЛЫ ТҮН

Әбдікерім Мұратов

Қырғыздың жазушысы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор.

1956 жылы 17-мамырда Қырғызстанның Ош облысында дүниеге келген. 1976 жылы Ош мемлекеттік педагогикалық институтының филология факультетін аяқтаған. Бірнеше прозалық кітаптардың авторы қазір Бішкек қаласында тұрады.

 

(Әңгіме)

Көлікті үйдің тура алдына – дарбазаның түбіне дейін айдап келді. Ішінен екеуі түсті де, алып келген көлікті дереу қайтарып, жан-жағына сезіктене қарап, асығыс аулаға кіріп кетті.

— Анам келді! Анашым! – Алдымен анасын аулада ойнап жүрген үш жасар қызы көріп, жүгіріп келіп мойнына асылды. Іле-шала екі қызы шықты. Олар да анасын өлердей сағынғандай – құшақтарынан босатпай, бетінен шөп-шөп сүйіп жатыр.

— Жақсы болып келдіңіз бе? – деді үлкен қызы мейірлене анасының ұзын бұрымын алақанымен сипап. – Ойбу, ұмытыппын. Тұра тұрыңызшы.

Үлкені үйге жүгіріп кіріп, бір шыны толы су алып шықты. Содан анасының басынан үш қайтара айналдырып:

— Сіз келдіңіз, ауру-сырқат келмесін, басы-көзіңізден садаға. Түкіріңіз! – деді.

— Айналайын, ақылыңнан!.. – Анасы басынан су айналдыруды қыздарына өзі үйреткен. Балалары ойнап жүріп оқыс құлап жылап келсе де, кейін мектепке барғанда «бес» алып қуанып келсе де, басынан су айналдырады да, түкіртіп тұрып, балапандары келген жаққа қаратып төгіп тастап, шыныны төңкеріп қояды. Қызы да тап солай жасады. Шыныны төңкеріп қойды да:

— Анашымның ауруы осы сумен шығып кетсін! – деп, жайдарылана анасын тағы құшақтады.

— Жақсы, жақсы. Тәуір болып келдім… Жақсы… – деді анасы қыздарының жанында рақат тауып…

— Болды! Аналарың біраз тынықсын? – деді әкесі қыздарынан әйелін қорғаштай. Содан ана мен балаларының бір-біріне мейірлене қауышқандарына қарай алмай жүзін бұрып кетті.

Әкесінің есімі – Жұманәлі, жай ғана Жұман дейді. Әйелінің есімі – Зиягүл, Зияш деп қояды. Екеуінің бірге түтін түтеткендеріне жылжып он тоғыз жылдың жүзі жаңарды. Он тоғыз қыс, он тоғыз көктем, он тоғыз жаз, әттең, он тоғыз күзге жеткен жоқ, қазір жаздың соңғы күндері…

Дәрігерлер Жұманға айтты, «біздің қолдан келмеді, төртінші кезеңнен өтіп кетіпті, қамдана беріңдер, бүгінге – үйге жеткенше ине салып береміз» деді.

Жұман сенбеді. «Қалайша сонда» деді. Қалайша он тоғыз жыл бірге өмір сүрген жұбайынан бір күнде айырылып қалмақ? Не осы он тоғыз жылдың ішінде бір-біріне «сен-мен» демесе, бірінің көңілін бірі қалдырмаса? Құдайым бұл үйден еркек нәрестенің іңгәлағанын естіртуді бұйырмаса да, бірінен бірі өткен ажарлы әрі ақылды бірі-бірімен бой таластырған үш қыз сыйлады. Кенжесі әлі тілі былдырлаған бүлдіршін, ал тұңғышы, міне, биыл мектепті бітіріп, үлкен оқуға түспекші.

— Апатай, үйге кіріңіз? – Екінші қызы анасының жанына келді. – Диваныңызға төсек салып қойдым, жолдан шаршап келдіңіз, тынығып алыңыз.

— Жарығым, рахмет. Сыртқа, тапшанға жата тұрайын. Жаздың аптабы да қайтып, ауа тамаша болып тұр екен.

— Өзіңіз біліңіз. – Қызы анасының көрпе-төсегін қайта сыртқа алып шықты.

— Осы жер ыңғайлы, қызым. Аршаның асты… Аршамыздың асты!..

Жұман әйелінің бетіне тік қарай алмай, өзегі өртене ауыр күрсініп қойды.

Сол арша басында екеу еді. Үйленгендеріне бір ай өтпей-ақ, әлі бір-біріне деген ыстық-суығы басылмаған кезінде екеуі тауға барып, бір жылғаның ішінен тікесінен-тік тұрған қояндай бірі-бірінен әдемі, қатар бой түзеген жап-жас екі аршаға көздері түсіп, топырағымен қопарып қазып алып келген еді. «Мынауы – менікі», «анауы – сіздікі» деп екеуі екеуін меншіктеп, аулаға тігіп, әркім өз көшетіне су құйып, бірінен-бірі қызғана қарап жүретін. Зияштың аршасы көктемеген қалпында саудырап қурап қалды. Қайтадан басқасын алып келіп отырғызды. Ол да болмады. Төрт-бес мәрте көктемде де, қысқы шілдеде де арша әкеліп тіге берді. Солардың әрбіреуін «Зияш» деп атады. Болмады. «Зияш» көктемеді. Бір күні Жұман оқталып, өз аршасын түбірімен қопарып тастайын деп өңмендеп ұмтыла бергенде, әйелі қолындағы күрегін жұлып алып лақтырып жіберді. Сөйтіп, Зияшқа аталған арша тамырланбай, қурай беріп, Жұманның аршасы болса төрт-бес жыл не солып қалмай, не орнынан көтерілмей тұра берді. Сонда бұларды бекер-ақ таудан көшіріп алған екенбіз деп те жүрді екеуі.

Енді Жұманның аршасы тапшанға сая болып, таудың хош иісін сездіріп, ауаны сергітіп, аулаға өзінше бір сән беріп тұр. Үйге біреу-міреу келсе де, ішке кірмей, сол аршаның саясында отырып алады, кейде достары,

құрдастары арнайы келеді. Арша түбінде шай ішейік деп. Екеуі болса сол аршаның түбінде небір тамаша тілектерді тілеп, айлы түндерді ұйқысыз, ойнап-күліп өткізген-ді. Әлгі аршаны жаңажылдық шырша қылып безендіріп, қыздарына Аяз ата, Ақшақар болып беретін.

Қыздары байқаған жоқ, Жұман байқап тұр: Зияш аршаның түбінен төбесіне дейін, кейін төбесінен түбіне дейін көзімен мұқият сүзіп шықты да, кенет күйеуіне жалт бұрылып:

— Аршаңызды жақсы қараңыз, – деді. Артынан өзінше ішінен бір күйінішті ойлардың жетегінде кетті: «Сол аршаларға берген жасты құдайым неге адамдарға лайық көрмейді», «Енді бұл аршаның көлеңкесінде кім отырады», «Бұдан он тоғыз жыл бұрын неге өзінің аршасы көктемей қалды екен?»

— Екеуіміз қараймыз!.. Бұрынғыдай!.. – Жұман жұбайының жанына келіп сол сөзді айтса да, онысы аузынан әрең шығып, құдды бір бөтен дауыспен айтқандай. Олай емес те шығар. Әйтеуір өзіне солай сезілді. Өзіне-өзі жалған сөйлеп, алданған сияқты.

— Жұман, бері қара?! – Дарбазаның есігінен сығалай басын қылтитқан ауыл басшысының қарасы көрінгенде қыздар тапшанға дастарқан жайып, анасына шалма көже, әкесіне сорпа, шай алып келіп қалған еді.

Жұман орнынан қозғалып, дарбазадан сыртқа шықты.

– Жұман, малды қарап келдім, — деді ауыл басшысы беті шіміркенбестен.

— Қайдағы мал? Не мал? – деді Жұман абдырап.

— Мал ше?! Мал?! Бері қара, тамыр!

Жұман шынымен есеңгіреп қалды. Ауыл басшысы әлі өрекпіп тұр. Анда барғанын, мында барғанын айтып ағынан жарылады. Лайықты мал табылмай, ақыры диірмен жақтағы Мырза өткен базарда қырыққа сата алмай келген құнажынын қырық бес деп тұрып алғанын, пұлын Жұманнан өзім алып беремін деп малды дайындап келгенін, семіз екенін, іш майы жақсы шығатынын, терісін де қытайларға бір мыңға өткізіп беретінін түсіндіріп жатқанда Жұманның көзі жасаурап, ләм-мим деп тіл қатпастан сілейіп тұра берді.

Үйге кірді. Әйелі бір шыны көжесін тауыса алмай отыр екен.

— Іш! Ішіп қой! – деді Жұман әйеліне кесені нұсқап.

— Өтпей жатыр! Еш нәрсе өткейді! – Ол ауырсына ыңқылдады. Дәрісін ішті.

Құлаққа ұрған танадай тыныштық орнады.

— Қыздар есейіп қалыпты… – Біраздан кейін Зияш қыздары үйге кіріп кеткен соң күйеуіне қарады. – Көжені дәмді жасапты. Сіз басқасын алмасаңыз да, қыздарыңыз өздері-ақ қарай алатын сияқты…

— Қойшы, не деп кеттің? Аузыңа келгенді оттамашы?

— Енді айтпайтын несі қалды?.. – Екеуі біраз үндемей отырды да, әйелі әңгімені ары қарай жалғастырды. – Сізге де қиын. Маған бауыр басып қалғансыз… Адамдар ұрсысып-таласып, бірі-бірінің көңілін қалдырып өмір сүргені дұрыс екен ғой… Неге сіз мені бір рет болса да сөгіп, маған қол көтермедіңіз екен… Солай жасағаныңызда бәлкім маған жеңіл болар ма еді…

Екеуінің арасында қайтадан жүректі езетін үнсіздік орнады. «Бұл кімді алады» деді Зияш басын жерден көтере алмай иіні түсіп, салыңқы отырған күйеуінен көзін алмастан. Ауруханада ойлап жүргеніндей, ауылдағы күйеуден шыққан барлық келіншектерді бір-бірден көз алдынан өткізді. Ананы болмайды деді. Мұны да болмайды деді. Ақыры Жұманға лайықтысын таппады. Әйел алмай тұра бермей ме дейді. Орта жастағы еркек әйел алмай қалай өмір сүрсін деді қайта өзіне-өзі қарсы шығып. Ылғи ежіл-күжіл шуылдап жүретін қайын апалары біреуін тауып келеді де. Содан ол Зияштың төрін иеленіп, қыздарын өгейлеп, төсегіне аунап…

Зияш аяқ астынан қатты түшкіріп жібергенде Жұман шошып кетті.

— Не болды? – Зайыбына қарады.

— Ештеңе… – Зияш та теріс бұрылды.

Қыздарының бірі малдарды жайғап, бірі кешкі тамақтың қамын жасауда, кенже балапаны көрінбейді, анасы мен әкесінің қазіргі жағдайынан мүлде бейхабар. Бала да…

Күн шаршады ма, дөп-дөңгелек қып-қызыл табақтай болып, жалынын шашыратып жатқандай. Оның сол шашыраған нұрлары тапшан түбіндегі бұталары жайылып, қаулап өскен тау аршасына тиіп, әлгі мәңгі жасыл ағаштың бұтақтарының арасынан сыналап өтіп, тапшанда жатқан Зияшты алтынға бөлегендей. Оның ұшқыр ойлары жұмыр басынан дүрмектеліп шығып, сол күннің сәулесіне араласып жатты: «Күн қызарып батуда, ертең құдай бұйырса күн ашық болар… Күннің ашық-жарқын болғаны жақсы… Батар күннің атары болса қане, әттең… Батар күнмен қоса батсаң, күніңнің біткені ғой…»

Жұманның телефоны шыр-р ете қалды. Дереу құлағына тақады. «Сыртқа шықшы» деді таныс дауыс. Шықты. Шықса, аталас туысы – Жиенбай.

— Боз үй алып келу керек! – деді Жиенбай апалақтап.

— Неге?

— Неге екенін білмейсің бе? Қамданып қояйық. Дайын тұруы керек. Биыл жазда ауылда өлім-жітім болмады ғой. Орталықтың боз үйін Ораз жайлауға алып кеткен. Тігіп алыпты. – Ораз дегенде Жұман бірі-бірінен кіші шиеттей алты баласы бар туысқанын есіне алды. Енді сол балалардың үстінен боз үйді сыпырып алып кете ме сонда? Бұлар не істейді, а?

— Тұра тұрмадыңдар ма! Мұнша асығып!.. – Сөйтіп айтып алып, амалы таусылған адамдай жерге тесілді.

— Тұрғаны несі?! Бол-ей, бензинге ақша бер?!

Жұман қалтасына қолын салып, соңғы мың сомын Жиенбайға ұстатты…

Сыр алдырмайын деп аяғын білдірмей басып тапшанға жақын келсе, Зияш мұңды көзімен аспанға қарап жатыр екен, не ұйқыда, не ояу екені білінбейді.

— Кім… ол?.. Дайындалып жатыр ма?.. – Әйелдің үні үзіліп-үзіліп шықты. – Сізге де қиын болды… Әкеден… жалғызсыз… Ұлыңыз да… жоқ… Мен болса… сізге бір ұл туып беруге де жарамадым…

— Қойшы! – Солай дегенімен Жұманның іші, бүкіл тұла бойы өртеніп жатқандай алау-жалау, сол от ішінен жалын болып аузынан, ыстық жас болып көзінен парлап жатқандай.

— Е-е, пенде болғасын осы. Өткен өмірің бір ертегі тәрізді, өмір сүрдің бе, сүрмедің бе – бір тұңғиық, бір түнек. Жарық дүниеге неге келдің, неге кеттің?.. – Сөйдеді де біраз саябырлап қалды. Содан кенет сөзін жалғады. – Қабірді қай жерден қазып жатыр?

— Қайсы қабір? Тыныш жатшы?! Әр нәрсені ойлай бермей? Бір жылы, есіңде ме, Алмаш апа қаза болды деп малын саздап, көрін қазып қойғанда, Қорғалдаев деген фельдшер келіп, ескі СССР-ден бері сақтап жүрген бір дәрісін тамырына салған екен, өлмей қалып, «отставить» деп бәрін күлдіргенін, «отындарды бұрын да осылай жарып қойсаңдар болады екен ғой» деп баласына ұрысқанын.

— Алмаш апанікі басқаша еді… Менікі басқа…

Шынымен де Зияштікі басқа. Басқа екенін екеуі ғана емес, қыздарынан бөлек бүкіл ауыл біледі. Бұл ауыл сондай – білдірмейін десең де біліп алады. Көрші-қолаңның үйінде отын жарылып, самаурындар әкелініп, бәрі жаназаға сақадай-сай. Қала берсе, молдаға кім барады, сүйекке жабылатын кілемді кім алып келеді, кебінді кім әзірлейді, қайсы туғандарды жаназаға кім шақырады, кімдерді кімнің үйіне кіргізеді, етті кім пісіреді, бауырсақ кімнің мойнында

дегендей қызметтердің бәрі бөлістіріліп, жоқтаушылар таңдалып, үлкен қазандар дайын тұр.

— Әлгі Белек аға өлгенде деймін… – бір кезде шошығандай Зияш күйеуіне жаңылмадым ба дегендей тігіліп.

— Есімде жоқ! Оны неге есіңе алдың?

— Қалайша алмайын? «Көріңде де көршің жақсы болсын» дейді ғой.

— Саған не көрінді осы?

— Белек ағай өлгенде көктем енді келіп, жер лайсаң болатын. Балшық илеп, батпақ нығыздап жүргенбіз сонда. Мен де. Ол кезде жағдайым едәуір жақсы екен, иә, қыздардың әкесі?..

— Қазір де жақсысың?

— Жақсы болған түгім жоқ… Жарты жылға жетпей Белек ағайға көрші болады екенмін… Жақсы адам еді… Өмір солай екен ғой?.. Тағы біреу маған көрші болып келед… Бірақ ол кім?.. Ешкім білмейді?.. Мен Белек ағайдың жаназасында аяғым-аяғыма тимей қызмет жасағандай, ертең ол да менің қаралы асымда қызмет етер?.. Қызмет етпей қойса қайтеді?.. Біздің жанымызға бармай-ақ қойса қайтеді?..

— Не деп сандырақтап кеттің?

— Менің жұлдызым сөнген сияқты, қыздардың әкесі. Жанымда қалыңыз. Үйге кірмей-ақ қояйық. Осы тапшаннан – жалғыз аршаның түбінен шығарып салыңыз, мен белгі бергенде әйелдерді шақырыңыз, олар да күтіп отыр. Төргі үйдегі үш сандықты білесіз, кілттері жеңсіз комзолымның қойын қалтасында, қыздар ашсын – әрқайсысының атын үстіне жазып қойғанмын. Менен естелік болсын… Аналарын есіне алып жүрсін… Ауыздағы үйде екі қызыл түйіншек тұр, бірінің үстіне бірін жиып қойдым – олар менің жерлеу рәсіміме, жуғандар алады, абысындар алады, туыстар алады – бәрі разы болсын.

— Қойшы… Қойшы… – Жұман әйелінің қолын ұстап жылап жіберді. Қолдары мұздай екен. Қолдары қандай ыстық еді. Енді ғана қосылғанда екеуі осы әкесінен қалған тапшанда жатушы еді. Аспанға қарап… Ол кезде жұлдыздар да көптей көрінетін. «Жұлдыз аққанда қарамайық, бір адам өлгенде бір жұлдыз ағады» деуші еді сонда. «Жұлдыздарды санамайық, жұлдыз санаған жаман ырым» деуші еді. «Менің жұлдызым» деуші еді Жұман жас қалыңдығын еркелетіп. «Менің күнім» дейтін жұбайы жарына еркелеп.

Бірінен-бірі сүйкімді қыздары кешкі тамақты алып келіп, шоққа піскен жүгері собығын жеп, отбасы бір дастарқан басында бірге отырды. Кенже қызын ғана бүгінше біздікінде болсын деп нағашысы алып кетіпті. Бұны

естігенде анасы да сәл таңырқап қалды. Інісінің қыздары жоқ – екі ұлы ғана. Әйелі тумай қалды. А-а, қызын алып кеткен екен – біржолата алып кеткен екен…

Қыздар анасына қарап көздері тоймай, үйіріліп, барлық жаңалықтарды айтып біразға дейін жанынан шықпады. Зияш тамақ жеген сыңай танытып, соншалықты сүйсініп жүгері собығынан бір дәнегін ғана аузына салып, бірақ оны да шайнап жұта алмай қойды. Аузында тұра берді. Шығарып тастаса қыздары байқап қала ма деп. Оған қоса ісік басқан аяқтарын, соның салдарынан күптей ісіп кеткен сандарын, тырсиған қарнын қыздар көрмесе екен деп үнемі қымсына берді. Жүрегі айнып лоқсыған сайын бет орамалымен аузын баса қалады.

Екінші қызы анасының аяғын жуып беруші еді. Легенін алып келіп, анасы көрпесіне әлсіз қолдарымен жармасқанына қарамай ашып жібергені сол, шошып кеткенінде, қолынан суын түсіріп ала жаздады. Анасының аяқтары, әрдайым мақпалдай жұп-жұмсақ, сымбатты аяқтары тұлыптай болып ісіп кетіпті. Сол ісік ішіне, көкірегіне дейін жетіп қалыпты. Қызы болса анасының ісік кеулеген аяғына таңғала, үрейене қарай берсе де, бұрынғыдай нәзік қана сипап, саусақтарының арасынан бастап сабындап жақсылап жуып берді, түйенің жабағы жүнінен жасалған жұмсақ сүлгімен аялай сүртіп жатқанда анасының ет-жүрегі елжіреп, «бақытты, ғұмырлы бол, жарығым» деп батасын берді.

— Сендер енді үйге кіріп, орындарыңа жата беріңдер, әкең екеуімізге арша түбіндегі тапшанға салып берсеңдер жақсы болар еді, – деді анасы дастарқанға бата берілген соң қыздарына әлсіз ғана. Содан қатты қинала, өзін зорлағандай тұңғышына қарады: – Маған мамық жастықтан қабаттап қойшы, қызым.

Екеуі қалың көрпенің үстінен қараңғы түнді жамылды. Тау жақтан бір жұмаға жетпей келіп қалатын күздің ызғырық желі соға бастапты, салқын жел Зияш пен Жұман жатқан тапшанды сипап өте берді. Зияш бірде ыстықтап, тебініп, үстін ашса, бірде қайта тоңғандай тітіркеніп көрпені қымтай бүркенеді.

Бір кезде ай шықты. Жылдам көтеріліп, уыздай нұрымен бұл екеуін сол аршаның түбінде бұрынғысындай еркелете аялай берді…

Тапшанның төңірегінен Зияштың өз қолымен, махаббатымен мәпелеп өсірген әдемі, алуан түсті гүлдері мен аршаның аңқыған иісі саф тау ауасына араласып, екеуіне мына дүниенің қайталанбас рахатын сыйласа да, екеуі де көз ілместен, әрқайсысы өз-өзінше терең ойға батқан.

Зияш: «Кейбір әйелдер ауыр науқасқа душар болғанда күйеуіне басқа әйел алып береді, ол түгіл өзі тауып береді, мен олай жасай алмайды екем…»,

«Жұман әйел алмай, үйленбей-ақ жүре берсе қайтеді…», «Күн сайын екі мәрте – таң сәріде және кеште менің қабіріме барып, өзінің, қыздардың хабарын, ауылдың жаңалықтарын айтып тұрса екен…»

Жұман: «Бүгін ауруханадағыдай ыңырсымай жатыр, айығып келе ме, әлде үйге келгеннен бе?», «Адам өлерінің алдында бой жазады деуші еді, сол ма екен?», «Шынымен де Зияшымнан айырылып қаламын ба? Зияшсыз қалай өмір сүрем, не күн туар екен басыма?», «Мен де артынан жанымды қисам ба екен, онда қыздарымның тағдыры не болмақ?»

Ай шетсіз-шексіз аспанда беймарал қалқып, бір кезде үзік-үзік бұлттардың тасасына кіріп ғайып болып кетті. Екеуінің үстіне тас қараңғы түнек орнады…

Зияштың іш көйлегі сығып алғандай терге малшынды… Денесі күйіп-жанып, қан тамырларында от ойнап, күре тамыры жарылып кетердей солқылдап барады…

Жұманның көзі ілініп кетіпті. Бір кезде дарбаза дыбыссыз ашылып, біреу кіргендей болды, сөйтіп тапшанға жақындап келіп еді, «Сен кімсің» деді Жұман шошып. «Мені танымадың ба, мен Әзірейілмін, жан алғалы келдім» деді ол әбден мүләйім, сүйкімді дауыспен. Содан қайта есікті білдірмей жауып шығып кеткендей болды.

Жұманның көзі шайдай ашылды. Орнынан атып тұрды. Зияштың басын көтеріп, бір шыны су ұсынды. Судан бір жұтым ұрттады. Сол бойда басы сылқ етті…

Біраздан соң бұлардан ұялғансып бұлттарға жасырынып алған сұлу ай қайта аспан жайығына шықты. Арша астындағы айлы түнде Жұман да, Зияш та аспаннан көз алмай жатыр. Жұлдыздар бүгін ерекше көптей сезілді. Олар соншалықты көзге сүйкімді көрініп, жарқ-жұрқ етеді. Тас төбеде сары жұлдыз алаулап жанып тұр…

…Біраздан соң аспаннан бір жұлдыз ақты…

 

Әбдікерім Мұратов, қырғыз жазушысы,

2019 жыл, шілде,

Қырғыз тілінен аударған – Гүлнұр Қыранбайқызы