АҚТӨБЕЛІКТЕР АЙНАҒҰЛОВТЫ ТОКИО ОЛИМПИАДАСЫНА ШЫҒАРЫП САЛДЫ

Токиода өтетін ХХХІІ жазғы Олимпиада ойындарына Ақтөбе өңірінен 6 спортшы қатысады. Соның бірі Мейрамбек Айнағұловты ақтөбеліктер Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежайдан шығарып салды.

Грек – рим күресінің шеберін шығарып салуға спортшылар, спорт ардагерлері, БАҚ өкілдері барды. Қала әкімі Асхат Шахаров та тығыз жұмыс кестесіне қарамастан, әуежайға бұрылып, Мейрамбекке ақ жол, сәтті сапар тіледі.

 

 

Ақтөбе облысының грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының төрағасы Рахат Сыдықов спортшыға сәттілік тіледі:

— Өз өңірімізде туып-өскен Мейрамбек баламыз Токио олимпиадасына аттанып бара жатыр. Біздің федерациядан жалпы үш адам үмітімізді арқалап бара жатыр осы додаға. Бұл Ақтөбе өңірі үшін тарихи оқиға. Мейрамбек Айнағұловтың қоржынында талай жеңіс бар. бірақ бұл жолғы доданың салмағы ерекше болып тұр. Сондықтан, Мейрамбекке жеңіс тілейміз. Бақ шаба ма, бап шаба ма дейді ғой, Мейрамбектің бабы жақсы, енді бағы жансын дейміз, — деді ол.

 

 

Шығарып салу сәтінде жергілікті жас ақындар спортшының рухын көтерерлік өлеңдерін арнап, аға буын батасын берді.

— Үміттеріңізді ақтаймын, жеңіспен ораламын, — деді Мейрамбек.

Айта кетейік, Мейрамбек — қазақ балуандарының арасынан Токио Олимпиадасының жолдамасын бірінші болып иеленген спортшы. Ол бірнеше халықаралық додалардың чемпионы.

 

 

 

М.САТАЕВА,

Ақөбе облысы.