АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНДАҒЫ «ҚЫРАҒЫ» БЕЙНЕБАҚЫЛАУ КАМЕРАЛАРЫ

Ақтөбе қаласы көшелерінде орналастырылған бейнебақылау камералары арқылы соңғы жарты жылда 12 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталған.

Ақтөбе қалалық полиция басқармасының Жедел басқару орталығына әр минут сайын оқиғалар немесе қылмыстар туралы түрлі хабарламалар мен қоңыраулар келіп түседі. Осы жылдың 6 айында «102» пультіне 135 мыңнан астам қоңырау түскен.

Орташа алғанда, күн сайын «102» арналары бойынша 700-ге жуық хабарлама келіп түседі. Бақылау камераларының арқасында қылмыстың ашылуы көрсеткіші артып отыр. Бүгінде Ақтөбе көшелерінде 208 бейнекамера орнатылған, оның ішінде 88-і — жол қиылыстарында, 21-і — қоғамдық орындарда, 27-і — мемлекеттік және құқық қорғау органдарының әкімшілік ғимараттарының жанында, 3-і — теміржол вокзалында, автовокзал мен әуежайда, 16-сы – оқу орындарында, 3-і — қару-жарақ дүкендерінде, 1-і — денсаулық сақтау мекемесінде, 7-і — діни мекемелерде және 42-сі үйдің аулаларында қойылған.

 

 

Әрбір бейнебақылау операторы қала аумағындағы жағдайды автомагистральдар мен қоғамдық орындарда орнатылған бейнекамералардың көмегімен қадағалайды. Олардың әрқайсысы айнала шолуға ие және кез-келген учаскенің суретін үлкейтілген түрде бере алады.

— Бейнекамералардың көмегімен құқық бұзушылық жасаған адамның бет-әлпетін немесе машинаның нөмірін толық экранға шығаруға болады. Біз камера арқылы жүріп келе жатқан автокөлікте қауіпсіздік белдігін тақпағанын немесе жүргізушінің ұялы телефонмен сөйлескенін анықтай аламыз, әдетте мұндай факт жақын маңдағы автопатрульге беріледі, патрульдік полицейлер өз кезегінде тәртіп бұзушыны ұстауға шаралар қабылдайды. Бейнекамералардың жазбалары базада 1 ай бойы сақталады, яғни кез келген қылмыс немесе құқық бұзушылық фактісін камералардың көмегімен тексеруге болады, — дейді Ақтөбе қалалық ПБ ЖБО бастығының орынбасары Жангелді Мұқанов.

 

М.ТАБЫН,

Ақтөбе облысы.