АҚТӨБЕЛІК ОҚУШЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ОЛИМПИАДАДАН ЖЕҢІСПЕН КЕЛДІ

Ақтөбедегі Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Рустам Валеев ел тарихында алғаш рет география пәнінен Халықаралық олимпиаданың алтын медалін иеленді. География пәнінен Халықаралық олимпиада 1996 жылдан бері Халықаралық географиялық одақтың жетекшілігімен өткізіліп келеді. Алғашқы зияткерлік жарыс Гаагада ұйымдастырылса, биыл Стамбұлда қашықтан өткізілді.

Зияткерлік жарыс әлемнің 46 елінен келген 200 жас географтың басын қосты. Қатысушылар жазбаша әрі мультимедиалық тестілеуден және картографиялық бейнелеу тапсырмаларынан бақ сынасты, нәтижесінде Қазақстан Ұлттық құрама қомандасының атынан қатысқан ақтөбелік оқушы IGEO – 2021 жарысының жеңімпазы атанды.

— Бұл білім додасына Ресей, АҚШ, Қытай, Жапония, Австралия, Афирка секілді 50-ге жуық елден келген оқушылар қатысты. Байқау бастан аяқ ағылшын тілінде ұйымдастырылды. География пәнін өзім қызығып оқитын болғандықтан, сұрақтар аса күрделі болды деп ойламаймын, бір-біріне ұқсас сұрақтар көп болды, тек соның ішінен дұрысын таңдай білу керек. Олимпиадаға үш айдай тыңғылықты дайындалдым, ал жалпы үш жылдан бері осы пәнге ден қойып, тереңдете ізденіп келемін. Мұғалімдер мен ата-аналар тарапынан көрсетілген қолдау одан әрі сенімділікті ұялатты. Алған білімімді бүкіл әлемге көрсету мүмкіндігіне ие болғаныма өте қуаныштымын, — дейді ол.

 

 

Рустамның бұған дейін де талай білім дордаларында алған жүлделері баршылық.

Биыл маусым айында ол география пәні бойынша Еуропалық олимпиаданың (EGeO) күміс жүлдесін иеленді, сондай-ақ 2019 жылғы IESO Халықаралық олимпиадасының қола медаль иегері, республикалық пәндік олимпиаданың үш дүркін жеңімпазы атанды. Бірнеше жылдан бері түрлі деңгейдегі жарыстардан тәжірибе жинаған зияткер география пәнінен NIS құрамасын даярлау бағытында жұмыс жүргізіп отырғандығын айтады:

— Кез келген жеңістің артында үлкен еңбек пен үздіксіз дайындық болады. Жылдар бойы жиған білімім мен тәжірибемді қуана бөлісемін, себебі замандастарымның ғылымға қызығушылығын арттырып, елімізден білім саласының нағыз үздік оқушыларын даярлауда белсенділік танытқым келеді. Өзім жетекшілік ететін оқушылардың екеуі облыстық, халықаралық додалардан жеңіспен оралды, — дейді ол.

 

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ,

Ақтөбе облысы.