АҚТӨБЕДЕ ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫ ДӘСТҮРЛІ ФОРМАТТА БАСТАЛАДЫ

2021-2022 оқу жылы қалай басталады? Ата-аналарды әрі-сәрі күйге түсірген бұл сұрақтың жауабы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында айтылды. Ақтөбе облысының білім саласындағы сапаны бақылау департаментінің басшысы Бұлбұл Күзембаева облыстың жаңа оқу жылына дайындығы барысымен бөлісті.

— Ақтөбе облысының білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті жыл сайын Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасына сәйкес, жаңа оқу жылына дайындық барысына мониторинг жүргізеді. Облыста 417 мектепте 167 мыңнан оқушы жаңа оқу жылын бастағалы отыр. Онің ішінде 12-сі — жеке мектеп. Бүгінгі таңда 1-сыныпқа 18323 бала қабылданды. Маусым-шілде айларында облыстағы 405 мектепке барып, материалдық-техникалық жағдайы, балалардың сапалы білім алуына жағдайдың жасалуы, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларына мониторинг жүргізілді. Соның ішінде мектеп ғимараттарының жағдайы, мектептердегі медициналық қызметтердің сапалы ұйымдастырылуы, оқушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру, мемлекеттік міндетті білім беру стандартына сәйкес кабинеттердің, лабораториялардың болуы (физика, химия, биология, информатика және т.б.), спорт залдардың жағдайы зерттелді. Сондай-ақ, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мектептердің санитарлық жағдайы тексерілді. Мониторинг нәтижесінде әрбір мектептің проблемалары нақты анықталып, олардың шешілуі үшін облыс әкімдігіне ұсыныс берілді. Одан әрі мәселелердің оң шешілуі департаменттің бақылауында болады, — деді Б.Күзембаева.

Білім беру нысандары құрылысына, жөндеу жұмыстарына қатысты жүргізілген мониторинг қорытындысы да айтылды: Қарғалы ауданы Бадамша ауылындағы мектептің құрылысы аяқталған, қазір қабылдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мектеп жаңа оқу жылына дейін пайдаланылуға берілмек.

12 мектептің құрылысы бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Екі мектепте құрылыс тоқтап қалған, бұл мәселе тиісті органдардың қадағалауында.

Облыстағы 405 мемлекеттік мектептің 377-сінде толықтай ағымдағы жөндеу жүргізілген, 28 мектепте кестеге сәйкес күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр.

— Жаңа оу жылына дайындық барысындағы негізгі мәселе — оқушылардың оқулықпен қамтылуы. Қазіргі таңда мектептердегі бар оқулықтар толық таратылып берілді, — деді Б.Күзембаева.

Жаңа оқу жылының басталуына байланысты қоғам алаңдап отырған ең басты мәселе — балалардың денсаулығы, қауіпті індеттен сақтану.

— Дәстүрлі форматта білім беру ұйымдарын ашу үшін санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақталуы керек. Мектепке кіреберісте мұғалімдер мен техникалық қызметкерлерге, балаларды мектепке жеткізетін ата-аналарға Ashyq қосымшасын қолдану, білім беру ұйымдарын жеке қорғаныс және залалсыздандыру құралдарымен толық қамтамасыз ету қажет. Егер дәстүрл форматта оқып жүрген кезде балалар ауырып қалатын болса, сол топтағы балалар, ата-аналары COVID-19-бен ауырған балалар және науқаспен байланыста болған балалар қашықтан оқыту форматына ауыстырылады. Бірінші тоқсанда балалар дәстүрлі форматта оқиды, дегенмен өңірдегі эпидемологиялық жағдай есерілетін болады, — деді департамент басшысы.

 

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.