АНАЛАР АРДАҚТАЛЫП, ҚЫЗ-КЕЛІНШЕКТЕР ҚҰРМЕТТЕЛГЕН КҮН

Көк желекті көктеммен бірге көңілге қуаныш сыйлай келетін 8 наурыз — аналар мерекесі. Өйткені, көктем секілді әйелдер де адамзатқа өмір, жылылық пен әсемдік сыйлайды. Ана – әлемнің жан дүниесі, өмірдің бастауы мен таусылмайтын жалғасы. Әйел-Ана – өмірдің өзі, бақыт пен берекенің көзі, нәзіктік пен көркемдіктің сәні, мейірімділік пен парасаттың мәні.
Гүл көктемнің алғашқы мерекесі – әсемдік пен әдеміліктің, сұлулық пен ізгіліктің жаршысындай болып, жайма-шуақ күйге бөлейтін жарқын мейрам аудандық әл-Фараби атындағы мәдениет үйінде аталып өтті.
Ұйымдастырылған мәдени шараның салтанатты ашылуында аудан әкімі Нұржан Нұржігітов құттықтау сөз сөйледі. Өз сөзінде аудан басшысы бүгінгі таңда әйел заты, отбасы шаруасы мен бала тәрбиесінен бөлек, қоғамдық жұмыстарды қатар атқара отыра, елдегі тұрақтылық пен бірлікті нығайту жолында сүбелі үлестерін қосып келе жатқан байзақтық нәзік жандылардың өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсартудағы қажырлы еңбегін тілге тиек етіп, әйелдер қауымының түрлі саладағы жетістіктеріне кеңірек тоқталды.
— Бүгінгі мерекелік салтанатты шараға ұрпақ тәрбиелеген – ұстаз, жанға дауа болар – дәрігер, ел экономикасын еселеп жүрген – кәсіпкер, бейнеттің зейнетін көріп отырған – ардагер апаларымызбен қатар, қоғам өмірінің барлық саласында жүрген әйел-азаматтар, ардақты аналар, аяулы қарындастар қатысып отыр, — деген Нұржан Молдиярұлыкөпшілік алдында ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт салаларында қайраткерлігімен танылған бір топ нәзік жандылардың есімдерін де атап өтті.
«Бірлігі мен тірлігі жарасқан көпұлтты халықпыз. Барша қоғамның ең басты мақсаты Ұлт Тәуелсіздігін нығайту, мемлекет тұтастығын көздің қарашығындай сақтау, отбасының құндылығын қастерлеу. Ал, тәрбиенің ошағы түтіні түзу шыққан отбасының төрінде жатыр. Өйткені, тәрбиелі отбасы – бақытты болашақтың ұясы. Сондықтан, ауданымызда өмірлік тәжірибесі бай, ел-жұрттың құрметіне бөленіп жүрген әйел-азаматтар ұлт тәрбиесіне, қыз тәрбиесіне үлкен мән береді деп сенемін. Сонда ғана, мемлекет мұратқа, ел абыройға, ата-ана бақытқа жетеді», — деді аудан әкімі.
Мерекелік шарада аудан басшысы Қазақстан Республикасы Президентінің үстіміздегі жылдың 5 ақпанындағы №504 Жарлығына сәйкес, жеті және одан да көп бала туып, тәрбиелегені үшін Гүлзира Алмұратова, Бахтыгүл Ғаниева, Зарина Ийқожаева, Мадина Сапарова, Ұлзия Қонақбаеваға «Алтын алқа», сонымен қатар, алты бала туып, тәрбиелегені үшін Назгүл Ақпаралиева, Салтанат Қасымбекова, Индира Катаева, Гүлназ Манекеева, Ұлбосын Рүстемованың «Күміс алқа» алқасымен наградталғанын жеткізіп, марапаттарды көп балалы аналарға салтанатты түрде табыс етті.
Сонымен қатар, аудан экономикасының дамуына қосқан үлестері үшін бір топ аналар мен қыз – келіншектерге Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасы, Алғыс хаты, Қазақстан Республикасы «Ауыл шаруашылығы ардагерлер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің «Құрметті ардагері» медалі, аудан әкімінің Грамотасы, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының Алғыс хаты және аудандық мәслихаттың Құрмет грамотасын аудан әкімі Нұржан Нұржігітов пен аудандық мәслихат хатшысы Бақтияр Ақбаев табыс етті.
Осыдан соң ресми шара мерекелік концертпен жалғасын тапты. Бұл күнгі шырқалған әсем ән мен төгілген тәтті күй ақ жаулықты әжелер, аяулы аналар мен көктемдей құлпырған аруларға арналды. Атап айтқанда, мереке қонақтары аудандық әл-Фараби атындағы мәдениет үйі көркемөнерпаздарының, аудандық балалар мен жасөспірімдер орталығыныңәсем де сазды әуендері мен билерін ыстық ықыласпен қабылдады. Сондай-ақ, шарада жігіттер қауымы ақ жаулықты ардақты аналарымыз бен қыз-келіншектерге арналған мерекелік ықылас гүлін табыстады.