КОМАНДАЛЫҚ — ШТАБТЫҚ ОҚУ — ЖАТТЫҒУ ӨТКІЗІЛДІ

Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою, сондай-ақ азаматтық қорғаудың басқару органдарын, күштері мен құралдарын көктемгі кезеңге дайындау бойынша іс-қимылдарға азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесін одан әрі жетілдіру мақсатында, Қостөбе ауылдық округіндегі Талас ауылында «Көктем – 2021» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткізілді.

Үстіміздегі жылғы су тасқыны кезеңі жағдайларындағы төтенше жағдайларды жою кезіндегі іс-қимылдарға басқару органдарын және күштері мен құралдарын дайындау мақсатын көздеген шара барысында барлық аудандық Азаматтық қорғаныс күштерімен халықты құлақтандыру, оларды қауіпсіз орынға көшіру, апат аумағын тік ұшақпен, ұшқышсыз ұшу ақпаратымен барлау, адамдарды іздеу, құтқару, оларға алғашқы медициналық көмек көрсету, су басу аумағынан алып шығу, өзен арнасын тереңдету және жағалауды нығайту жұмыстарына дайындықтары пысықталды.

— Облыстағы көктемгі Төтенше жағдайды жоюға 4 921 адам, 697 бірлік техника, 22 дана жүзу құралы, 115 МП –мен жабдықталған құрам дайындыққа келтірілді. Осы мақсатта, жергілікті бюджетте 569 млн. теңге көлемінде қаржы резерві, шұғыл шығындарға 419 млн. теңге резерв қаралып, 138 мың тонна жанар-жағар май, 10 мың 812 тонна инертті материал, 61 мың 145 данадан астам қаптар дайындалған.

Қазіргі уақытта, облыс аумағында жалпы ұзындығы 424 шақырымды құрайтын 105 каналға механикалық тазалау жұмыстары жүргізіліп, 142 шақырым дренаждық және суару каналдары тазартылды.114 шақырым арық жүйесі мен темір жол және автомобиль жолдарындағы 403 көпірге және 61 су өткізгішке жөндеу жұмыстары жүргізілді.

«Қазгидромет» мекемесінен алынған болжамға сәйкес, наурыз, сәуір айларында облыстың таулы аймағында ылғалдылық жылдағыдан 29-48%, қар қоры 32-88% төмен. Жауын-шашын қалыпты деңгейде,таулы аумақтарда нормадан жоғары күтілуде.

Алайда, нөсерлі жауын салдарынан болатын төтенше жағдайға дайын болуымыз қажет. Осыған орай, облыс тұрғындарынан көктем кезінде, ауладағы арық жүйелерін, су өткізгіш құбырларын тазалап, көктемде су тасқынының алдын алуға өз үлестерін қосуларын сұраймыз, — дейді облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, полковник Мақсат Қосыбаев.

Жамбыл облысында «Көктем – 2021» Республикалық командалық-штабтық оқу -жаттығуына дайындығы және оны өткізу жөніндегі ұйымдастырушылық нұсқаулығына сәйкес, Байзақ ауданының Азаматтық қорғау қызметтері мен құрылымдары және аудандық шұғыл әрекет ету жиынтық жасағы (20 техника және 55 жеке құрамы) дайындыққа келтірілді. Жасақ құрамының командаларымен оқу-жаттығу кезінде атқаратын міндеттері туралы арнайы түсіндірме (инструктаж) жұмыстары жүргізілді.

Оқу-жаттығу барысында Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамы және 21 техникалары және ауданның азаматтық қорғау қызметтерінің 18 техникалары сапқа тұрғызылды. Оқу-жаттығу барысында Жамбыл облысының азаматтық қорғау құрылымдары су тасқыны жағдайында төтенше жағдайлардың алдын алу шараларына дайындығын көрсетті.

Талас ауылының тұсынан өтетін Талас өзенінің қауіпті учаскесінің жағалауын нығайту, өзеннің табанын тазалау жұмыстары жүргізіліп, еріктілер көмегімен ауыл тұрғындарына жадынамалар таратылды.

Оқу-жаттығу барысында республикалық штабтан сигналдар қабылданып, дер кезінде іс-шаралар атқарылып, жауап беріліп отырды.