«Әйеліңнен шыға алмайсың ба?»- дейтін» «достарға»

Жігіттер! Сендердің ойдан шығарған өздеріңше үкімдерің бар, бірақ менің оған түкіргенім бар. Үйленіп үй болғалы, үйімде би болғалы кейбір адамдар «әйелге басы айналып қалды, бітті байланып қалды», «үйден шыға алмай қалды, көшеге жүре алмай қалды»- деп өздерінше күлетін болыпты. Үйіме байлансам да, он рет ойлансам да өзімдікі дұрыс. Мен әйелді алған кезде пісірген тамағына тою үшін, үйге отырғызып қою үшін алған жоқпын. Тек қана талап қою үшін, өзім көшеге кетіп, оны қамап қою үшін үйленген жоқпын. Оның да жұбайының алдында өз ақысы бар, ақыретте сұралатын қақысы бар және осы әңгіменің біраз жігіттерге қатысы бар. Жұмысқа кетсең шығарып салатын, үйге келсең қуанып салатын жан-жарың сенің қызметіңде жүргенімен, оның да кейде шаршайтын, өзіңмен бойдақ кездегідей жүруді аңсайтын кездері болады. Сол сәтте сенімен қол ұстасып көңілді жерлерге барғысы келеді, өзінің қалаған затын алғысы келеді. Сондай кезде бүгін Қамбармен шығам, ертең балдармен шығам, арғы күні Асқармен , сосын достармен деп кете беретін болсаң ол сенің қолыңа қонған құсың бола ма, әлде үйде тұрған мүсін бола ма? Кешіңді әр досыңмен бастап кететін болсаң, оны үнемі үйге тастап кететін болсаң әділдік қайда қалады? Маған мысалы жарымның жалғыз отырып үйде торыққаны, бір өзі үйде қорыққаны керек емес. Себебі ол маған Алладан ерік берілген, ата-анасынан сеніп берілген аманатым. Сосын бар ғо кейбір жігітсымақтар үйден жалғыз шыққаныңа шаттанып, достарыңның көзінше мақтанып, «менің бір әңгімем ғо»- деп жыртылып кеудеңді ұрмай-ақ қой, ондай абыроймен мықты боп тұрмай-ақ қой. Ойланып қарасаң дәл солай сенің асыңды дайындайтын, өзің үшін уайымдайтын, киіміңді өтектейтін, ұл-қызыңды жетектейтін, айтқаныңды екі етпейтін досың бар ма? Кіріңді жуып беретін, балаңды туып беретін адам бар ма? Ендеше жаныңдағы жарыңды аяла, жақсылығыңды аяма! Бәріне теңдей қара! Достарыңа да уақыт сыйла, әйеліңе де бақыт сыйла! Себебі Расулалла (с.ғ.с)- ның өзі « Сендердің жақсыларың- әйелдеріңе жақсы қарағандарың»- деп айтқан. Ал «понятиеге» тойып алғандардың сөзін қыстырма да, пысқырма да. Бізге «шайғандардың» сөзі емес, Пайғамбардың сөзі маңызды!…
PS:Madina Dinaның
парақшасынан алынды!