Ақтауда VІІІ «Ер Қосай Құдайкеұлы» атындағы халықаралық турнир өтеді

            Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай 13-мамырда дәстүрлі түрде сегізінші рет аймақта дзюдодан халық батыры «Ер Қосай Құдайкеұлы» атындағы халықаралық турнир жалауын желбіретпек.

         Жарысқа еліміздің ұлттық құрама командасының сапындағы спортшылар мен Түркия, Әзірбайжан, Грузия, Тәжікстан, Түркіменстан мемлекеттерінен 1997-1998  және 2002-2007 жылы туған балуандар қатысады деп күтілуде. Дзюдодан ұйымдастырылатын жарыс 13-15 мамыры аралығында Ақтау қаласындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған «Жастар» спорт мектебінде өтеді.

-Халықаралық деңгейде өткізілетін турнирдің басты мақсаты-көршілес елдердің өзара ынтымағы мен қарым-қатынасын нығайтып, спортшылардың біліктілігін шыңдау. Бұл турнир алғашында республикалық, халықаралық  деңгейде Шетпеде өткізілді. Кейін облыс орталығы Ақтау қаласында ұйымдастыруды қолға алдық. Бұған дейінгі турнирлерде біздің облыстың балуандары командалық есепте жақсы көрсеткіш көрсетіп, үмітімізді ақтады. Бұл жолы да жерлестеріміз намысты қолдан бермейді деп сенеміз. Аталмыш жарыстан топ жарып, 1,2,3 орынды иеленген жеңімпаз балуандарға «Спорт шеберіне үміткер» деген атақ беріледі,-дейді балалар мен жасөспірімдерге арналған «Жастар» спорт мектебінің директоры Манарбек Бисекенов.

Сондай-ақ, 10-12 мамыр аралығында халықаралық турнир аясында самбодан жасөспірімдер арасында «Ақтау кубогы»  сарапқа салынады.

Айман Оңғарбайқызы,

Маңғыстау облысы