Маңғыстаулық дзюдошылар халықаралық жарыстан жүлделі оралды

 

Әзірбайжан астанасы Бакуде дзюдодан өткен халықаралық турнирде жерлестеріміздің мерейі үстем болды. Дүбірлі дода маңғыстаулық 4 балуан топ жарып, түбекке жеңіспен оралды.

Жарысқа Әзірбайжан, Қазақстан, Грузия мемлекеттерінен «мен мықты» деген 400-ге жуық балуан қатысты. Халықаралық турнирде 46 келі салмақта күрескен маңғыстаулық балуан Нұртілек Атшыбай мен 50 келі салмақта белдескен Мейрамбек Алдаберген тұғырдың ең жоғарғы сатысына көтеріліп, алтын медальмен апталды.

-Менің дзюдомен айналысып жүргеніме 1 жылға жуық уақыт болды. Бұл жолы жарыста үш белдесуді де таза жеңіспен аяқтадым. Ақтық сында 1 минут ішінде әзірбайжандық балуанды «иппон» бағасымен тізе бүктіріп, өз салмағымда үздік атандым. Халықаралық турнирде алтыннан алқа тағып, жарыс жеңімпазы атанғаным үшін өте қуаныштымын. Мені жарысқа дайындаған бапкерлеріме алғыс айтамын,-дейді Мейрамбек Алдаберген.

Сондай-ақ, боз кілемде 46 келі салмақта белдескен Төрекен Қобыланов күміс жүлдені қанжығасына байласа, 60 келі салмақта Жандос Сағынғалиев үшінші орынды олжалап, қола медальді кеудесіне тақты.

-Бұл турнир 2000-2002 және 2003-2005 жылы туған балалар арасында өтті. Жарысқа балалар мен жасөспірімдерге арналған «Жастар» спорт мектебінен 12 балуан қатысты, оның 4-уі жүлделі орынды иеленді. Халықаралық деңгейде өткен жарыстан мұндай көрсеткіш көрсетудің өзі үлкен мәртебе. Жарыстан бөлек спортшыларымыз оқу-жаттығу жиынына қатысып, білікті бапкерлерден дәріс алып, шеберліктерін шыңдады,-дейді  балалар мен жасөспірімдерге арналған «Жастар» спорт мектебінің бапкері Асхат Хапанов.

Айман Оңғарбайқызы

Маңғыстау облысы