Сарысулық кәсіпкерлер Тараз қаласындағы жәрмеңкеде табиғи өнімдерін ұсынды

Тараз қаласында бағаны тұрақтандыру және тұрғындарға сапалы ауыл шаруашылығы өнімдерін қолайлы бағада ұсыну мақсатында өткен кезекті жәрмеңкеге Сарысу ауданының шаруалары мен кәсіпкерлері белсене қатысты. Байқадам, Игілік, Жаңаарық, Досбол, Түркістан және Жайылма ауылдық округтерінен келген азаматтар жұртшылыққа таза әрі табиғи өнімдерді ұсынды. Атап айтқанда, жәрмеңкеге 500 кг жылқы еті, 1000 кг сиыр еті, 500 кг қой еті, 100 литр сүт өнімдері, 300 кг құрт-ірімшік және 100 литр қымыз бен шұбат жеткізілді. «Басты мақсат – бағаны тұрақтандыру арқылы тұрғындарға қолжетімді өнім ұсыну. Осындай игі шараға ұйытқы болып отырған облыс басшылығына алғысымызды білдіреміз», – дейді аудан кәсіпкерлері. Тұрғындар тарапынан жоғары сұранысқа ие болған шара қала халқының көңілінен шықты.