Сарысу ауданында әлеуметтік әріптестік пен еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі комиссия отырысы өтті
Сарысу ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Сәкен Мамытовтың төрағалығымен аудандағы әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі аудандық үшжақты комиссияның отырысы болып өтті.
Жиынға «Жамбыл облысы Кәсіподақтар Орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бағлан Қарашолақов, «Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерұлан Мағзымбеков, «QazMed» медицина және онымен сабақтас салалар қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» бірлестігі Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Нұрлан Махашов, сондай-ақ үшжақты комиссия мүшелері, аудандық мекеме және кәсіпорын басшылары қатысты.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша Сарысу ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бейсен Шалабаев баяндама жасап, үштарақты комиссияның 2026 жылдың 8 айында атқарылған жұмыстарына шолу жасады.
Комиссия отырысында сөз алған «Жамбыл облысы Кәсіподақтар Орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бағлан Жіенәліұлы адал еңбекті дәріптеу, кәсіби шеберлікті бағалау және жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеру басты мақсат екенін атап өтті. Жиын соңында Еңбек күніне орай бірқатар сала мамандары мен еңбек ардагерлеріне аудан әкімінің арнайы марапаттары салтанатты түрде тапсырылды.

