«Заң мен тәртіп – дұрыс шешім қабылдаудың жолы

Түркістан қалалық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Заң мен тәртіп» жобасы аясында «Заң мен тәртіп – дұрыс шешім қабылдаудың жолы. Өзіңді тану» тақырыбында ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті. Іс-шараға Түркістан қалалық Полиция басқармасының өкілдері қатысып, қала тұрғындарына заң талаптарын сақтау, құқықбұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау, алаяқтықтан қорғану, сондай-ақ өмірде дұрыс шешім қабылдаудың маңыздылығы жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Кездесу барысында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, полиция қызметкерлерінен құқықтық мәселелер бойынша нақты жауаптар алды.

 

Бұған дейін де тұрғындарға интернет алаяқтықтық жайлы ақпарат берілген болатын. Түркістан қаласында интернет алаяқтық қылмыстарының алдын алу мақсатында полиция қызметкерлері Жастар ресурстық орталығының мамандарымен бірлесіп ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Іс-шара барысында тұрғындарға алаяқтардың жиі қолданатын тәсілдері туралы жан-жақты мәлімет беріліп, сақтық шаралары түсіндірілді. Сонымен қатар халыққа арнайы ақпараттық жадынамалар таратылып, жеке деректер мен банк картасының мәліметтерін ешкімге бермеу, күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға сенбеу, белгісіз сілтемелерді ашпау қажеттігі ескертілді. Тәртіп сақшылары азаматтарды қаржылық операцияларды жүргізу кезінде мұқият болуға шақырып, алаяқтық белгілері байқалған жағдайда дереу «102» арнасына хабарласуға кеңес берді. Мұндай түсіндіру жұмыстары қала тұрғындарының құқықтық сауаттылығын арттыруға, заңға құрметпен қарауды қалыптастыруға, құқық бұзушылықтың алдын алуға және қоғамдағы қауіпсіздік мәдениетін нығайтуға, сонымен қатар тұрғындардың бірлігі мен сенімін нығайтуға бағытталған.