Жаңа туған сәбилерге домбыра сыйлады

Домбыра – халқымыздың жаны, ұлт рухының үні. Ұлттық домбыра күніне орай Түркістан қаласындағы №3 облыстық перинаталдық орталықта дүниеге келген нәрестелерге қасиетті қара домбыра сыйға тартылды. Мұндай игі бастама көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Түркістан облыстық Аналар кеңесі ұйымдастырған бұл іске «Қоғамдық келісім» мекемесінің мамандары, этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты.

Жиын барысында облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің мамандарымен бірге Түркістан облыстық Аналар кеңесінің төрағасы Гүлсара Тоққұлова және Сауран аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Нышанкүл Жұманова да жас аналарды құттықтады. «Ұлттық мерекеде дүниеге келген әрбір сәбидің өмір жолы қоңыр күйдей көркем, тағдыры жарқын, болашағы баянды болсын! Қасиетті қара домбыраның күмбірі ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, жас буынның бойына елжандылық пен ұлттық рух дарыта берсін» деді құттықтаушылар. Сонымен қатар сәбилерге арнайы әзірленген құттықтау хат пен ұлттық мұрамыз саналған домбыраны табыстады.

Ұлттық домбыра күні – ұлттық өнерді ұлықтайтын, мәдени мұрамызды дәріптейтін, халықтың бірлігі мен рухани тұтастығын нығайтатын ерекше мереке. Ізгілік жолында атқарылар мұндай істер қазақстандықтар арасында патриоттық сезімді арттырып қоймай, ұлттық құндылықтарды кең көлемде дәріптеуге өз септігін тигізбек.