«Зерделі ұлт – жарқын болашақ» зияткерлік ойыны өтті
Түркістанда «Зерделі ұлт – жарқын болашақ» зияткерлік ойынының телевизиялық жобасы өтті. Тапқырлық пен жылдамдықты, білім мен батылдықты талап еткен сайыста қатысушылар туған өлкенің тарихы мен мәдени мұрасы бойынша білімдерін сарапқа салды. Әрбір сұрақ – сын, әрбір жауап жеңіске бастар қадам болған тартысты додада жастар өздерінің білімін, логикалық ойлау қабілеті мен шешендік өнерін кеңінен танытты.
Түркістан облысы білім басқармасының Облыстық қосымша білім беруді дамыту орталығының ұйымдастыруымен өткен жобаның басты мақсаты – өскелең ұрпақтың туған жер тарихына деген қызығушылығын арттыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және зияткер ұрпақ тәрбиелеу. Жарыс қорытындысы бойынша Түркістан қаласының оқушысы Рахымжан Әлихан жүлделі ІІІ орынды иеленді. Жалпы нәтижеде І орын Созақ ауданының оқушысы Курмашов Ерасыл Жеңісұлына, ал ІІ орын Шардара ауданының оқушысы Бекмұрат Кәусар Ержанқызына, тағы бір ІІІ орын Мақтаарал ауданының оқушысы Базарбай Назға бұйырды.
«Зерделі ұлт – жарқын болашақ» телевизиялық жобасы жастардың білімге деген құштарлығын арттырып, тарихи-танымдық бағыттағы маңызды алаңға айналды. Жоба аясында өткен зияткерлік ойын қатысушылардың білімін шыңдап қана қоймай, туған өлкенің тарихы мен рухани құндылықтарын тереңірек тануға мүмкіндік берді.

