Сарысуда ауыл шаруашылығы дамып келеді
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Сарысу ауданының әкімі Сәкен Мамытов өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері бойынша есеп берді. Әкім өз баяндамасында ауданның аграрлық секторындағы оң өзгерістер мен ауыл шаруашылығы саласының даму қарқынына кеңінен тоқталып өтті.
Мәлімделгендей, биылғы өнім үшін 24 695 гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Бұл жалпы егістік жердің 97 пайызын құрайды және өткен жылғы көрсеткіштен 1 546 гектарға жоғары. Алқаптардың басым бөлігіне мал азығы (8 035 гектар), арпа (7 800 гектар) және майлы дақылдар (6 000 гектар) себілген.
Көктемгі дала жұмыстарын қолдау мақсатында шаруаларға нарықтағы бағадан 18-20 пайызға арзан, яғни литрі 281 теңгеден 652,7 тонна жеңілдетілген дизель отыны таратылды. Алдағы жиын-терин жұмыстарына қосымша 450 тонна жанар-жағармай бөлуге өтінім жолданды. Бұдан бөлек, жыл басынан бері жергілікті шаруалар өз қаражаттарына және лизинг арқылы 18 дана жаңа техника сатып алды. Қазіргі таңда техниканы жаңарту жоспары 55 пайызға орындалып отыр.
Мемлекеттік қолдау бағдарламаларының нәтижесінде ауданда мал басы айтарлықтай өсті. Ағымдағы жылдың 1 мамырына мүйізді ірі қара саны 7,8 пайызға (26 981 бас), уақ мал 13,6 пайызға (255 470 бас), жылқы 34,9 пайызға (13 682 бас) және түйе саны 11,4 пайызға (3 517 бас) артты. Қаржылық қолдау аясында «Кең дала» бағдарламасы бойынша несие беру жоспары 165,7 пайызға артығымен орындалды. Мал шаруашылығы саласында өндірілген өнімнің жалпы құны 3 миллиард 521,6 миллион теңгені құрап, 102 пайызға өсім көрсетті.

