28 маусым – бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні
Құрметті журналистер, бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері! Баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймыз!
Әлемге мәдениетіміз бен ұлттық құндылықтарымызды танытуда БАҚ- тың үлесі теңдессіз. Еліміздің дамуын қарқынды өркендеуін насихаттау үшін бұқаралық ақпарат құралдарын тұрақты да жүйелі жұмыс істеуі ең алдыңғы шаруа болып табылады әрі солай болып қала бермек.
Ақпарат саласы – қоғамдық пікір қалыптастыратын маңызды сала. «Халықтың көзі, құлағы һәм тілі» ретінде елге адал қызмет ету – әр журналистің абыройлы міндеті. Сіздер қашанда ұлт мүддесін бәрінен биік қойып, ел қамы үшін қалам тартып жүрсіздер. Технологиялардың қарыштап дамуы әлемдегі ақпарат алмасу жылдамдығын еселеп арттырып, медиа саладағы бәсекелестікке әкелді, әрі журналист мамандығына айрықша жауапкершілік жүктеді.
Сіздер ғаламдық даму көшіне ілесу мақсатымен елімізде және өңірімізде жасалып жатқан тың реформаларды халыққа түсіндіріп, насихаттау арқылы аймағымыздың дамуына ақпараттық қолдау көрсетіп келесіздер.
Мемлекет пен қоғамның ортасында алтын көпір болып жүрген журналистердің еңбегін жоғары бағалаймыз. Әрқайсыңыз шынайы ақпарат таратудың жауапкершілігін сезініп, ұлттық мүдденің биігінен көріне береді деп сенеміз!
Ел өмірінің әрбір жетістігін өз жетістігім деп біліп, қиындығына жүрегімен беріліп, әрбір сәтті қалт жібермеуге тырысатын барша баспасөз, теледидар, радио, интернет басылымдары қызметкерлерінің еңбегіне шығармашылық табыс тілейміз.
«Qazaqstan Dauiri» газеті, «Мөлдір Бұлақ» журналы, “ElAna” сайты ұжымы

