Қарлығаштың махаббаты – ұясына қайта оралуында екен.

Бірнеше жылдан бері үйдің жанындағы қарлығаштарды бақылап келеміз. Ұя ішіндегі жұбын сыртта бірнеше сағат бойы күзетіп отырғанын көргенде, олардың үнсіз адалдығына таңғаласың.
Адамдар махаббат туралы көп айтады. Ал қарлығаштар оны сөзбен емес, ісімен дәлелдейді. Ұясын бірге салғанын көрдік, енді балапандарын бірге өсіріп жатыр.
Бақыт деген кейде дәл осындай қарапайым нәрселерден тұрады екен: өз ұяң, өз жұбың және саған сеніп тұрған кішкентай жүректер.
Қарлығаштар жай ғана құс емес, адалдық пен сүйіспеншіліктің символы. Олар мыңдаған шақырымнан қайта оралып, өз ұясын жаңылмай табады. Бір жұбын өмір бойы серік етіп, ұрпағын бірге тәрбиелейді дейді.
Адамдар кейде сезімнен жаңылуы мүмкін. Ал қарлығаштар өздерінің тұрақтылығы мен адалдығымен таңғалдырады. Сондықтан да халқымыз қарлығаш қонған үйге береке мен бақыт қонады деп сенген.
Ләйім, әр шаңырақта қарлығаштың ұясындай жылулық, береке мен татулық болғай!