“Әділет” партиясы құрылып, оған басшылыққа Айбек Дәдебай келген сәттен бастап-ақ бұл саяси құрылым президент бастамаларын қолдайтын негізгі күштердің бірі болатыны белгілі еді.
Оның құрамына жаңашыл ойлайтын адамдар мен әр саланың кәсіби мамандары енген сайын, елде жаңа сипаттағы саяси күш қалыптасып жатқаны анық көрінді.
Бірақ басы ашық бір мәселе бар еді. Егер “Әділет” сайлауға жеке түсіп, ал бұрынғы ірі саяси құрылым өз орнында қалса, бір бағытты қолдайтын электораттың екіге жарылу қаупі туар еді. Мұндай жағдайда бағыттас штабтар қайталанып, жасанды саяси бәсеке пайда болып, жалпы электоралдық кеңістік әлсіреуі мүмкін болатын.
Бүгін бұл мәселе түбегейлі шешілді деуге негіз бар. “Әділет” партиясының съезінде “Аманаттың” қосылуы туралы ұсыныс қабылданды. Осы тұрғыдан алғанда, бұл шешім саяси жүйедегі артық жүктемені азайтқан стратегиялық қадам ретінде бағалануы мүмкін. Нәтижесінде қоғам үшін түсінікті әрі бірізді саяси құрылым қалыптасып отыр.
“Әділеттің” саяси табиғаты да ерекше. Партия конституциялық реформалар логикасының тікелей жалғасы ретінде қалыптасты. Оның негізін қалаушылардың қатарында жаңа Конституцияны әзірлеу процесіне тікелей қатысқан тұлғалар бар. Демек, бұл құрылымға тек саяси қолдаушылар ғана емес, жүйелі ойлайтын, институционалдық жауапкершілігі жоғары кәсіби кадрлар шоғырланып отыр.
Гульмира Абишева фб парақшасынан

