Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясындағы студенттік форум

Батыс Қазақстан облысының цифрландыру басқармасы жоғары оқу орындарында «WestKZ Digital Future» атты студенттік форум өткізуде.

Биылғы Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында ұйымдастырылып жатқан іс-шараның мақсаты – жастар арасында жасанды интеллект технологиялары, ҚР Цифрлық кодексі талаптары және цифрлық қоғамдағы жауапты мінез-құлық қағидаттары туралы жүйелі түсінік қалыптастыру, студенттердің цифрлық сауаттылығын арттыру, заманауи технологияларды қауіпсіз әрі тиімді қолдану дағдыларын дамыту.

Университеттердің қолдауымен ұйымдастырылатын форумдарға БҚО Цифрлық технологиялар басқармасы басшылығы, БҚО Полиция және Экономикалық тергеп-тексеру департаменттерінің өкілдері, IT саласының мамандары, сала сарапшылары және оқытушылар мен студенттер қатысуда. Форум барысында өңірлік деңгейдегі цифрлық технологияларды дамыту және мемлекеттік басқарудағы заманауи үрдістер, жоғары білім берудегі цифрлық трансформация, дипфейктер және жаңа қауіптер, цифрлық қауіпсіздік шаралары туралы мәселелер талқыланады.

– Мұндай форумдар ай сайын өңіріміздегі барлық жоғары оқу орындарында өткізілетін болады. Қазіргі уақытта облысымыздағы полиция департаменті, экономикалық тергеп-тексеру департаменті, IT хабтар осы іс-шараларға атсалысуда. Әр форумға 150-ден астам студенттер қатысып келеді. Бұл шаралар әлі де жалғасады. Ал жылдың соңында қорытынды іс-шара ұйымдастырылып, цифрлық технологияларды дамытуға өз үлестерін қосып жүрген жастарды марапаттайтын боламыз, – дейді БҚО әкімдігінің жобалық кеңсесінің бас жобалық менеджері Батыр Хайруллин.

Ал университеттерде өтетін студенттік форумдарда цифрлық ортаны дамытуға өз үлестерін қосып, білім беру бастамаларына белсенді атсалысып жүрген оқытушылар мен студенттер БҚО цифрландыру басқармасының алғыс хаттарымен марапатталады.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы