БҚО-дағы жоғары оқу орындарында республикалық эко-сағат өтті
ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі БҚО-дағы жоғары оқу орындарында «Суды үнемде, болашақты сақта» атты республикалық эко-сағат ұйымдастырды.
Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде өткен аталмыш акцияға ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің Цифрландыру департаментінің директоры Ердәулет Жұмат, Батыс Қазақстан облысы бойынша «Қазсушар» филиалы директоры Рауан Хусаинов, Жайық-Каспий бассейндік су инспекциясы басшысының орынбасары Қанат Өтеғалиев және университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушылар қатысты.
Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған тапсырманы орындау бағытында өткізілген эко-сағаттың мақсаты – тиімді су тұтыну туралы білім деңгейін арттыру арқылы студенттердің су ресурстарына саналы әрі жауапты көзқарасын қалыптастыру. Бұл шараға онлайн форматта өңіріміздегі Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің, Батыс Қазақстан инновациялық технологиялық университетінің, Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялар жүйесі университетінің, Жоғары аграрлық-техникалық колледжі және Жоғары инженерлік-технологиялық колледжінің студенттері қосылды.
Суды үнемдеу мәдениетін қалыптастырудағы ақпараттық-түсіндіру және идеологиялық жұмыстардың маңыздылығына тоқталған ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі Цифрландыру департаментінің директоры Ердәулет Маратұлы өз баяндамасында су тәуелсіздігі және сын-қатерлер, салаға қатысты негізгі құжаттар, су шаруашылығы инфрақұрылымдарын жаппай жаңғырту, су экожүйелерін сақтау, ауыл шаруашылығына және өнеркәсіпке суды үнемдеу технологияларын енгізу туралы әңгімеледі. Сондай-ақ су ресурстарына ұқыпты көзқарас қалыптастыру қажеттігін айтып, «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы шеңберінде атқарылған жұмыстарға да назар аудартты.
Бұдан әрі осы салаға қатысты мекеме өкілдері өңіріміздегі суару-суармалау жүйесіндегі суды үнемдеу шаралары, облысымыздағы су көздері, суды үнемдеп пайдалануға қатысты ақпараттармен бөлісті. Ал ғалымдар су тұтынуды азайту бағытындағы ғылыми ізденістері туралы баяндады. «Гидромелиорация» білім беру бағдарламасының студенті Абылай Үмбетырза да суды үнемдеуге байланысты өзінің ой-пікірін ортаға салып: – Суды үнемдеу – бұл өтпелі науқан емес, тұрақты өмір салты. Әр отбасы қарапайым ережелерді сақтап, айына 5–7 текше метр суды үнемдей алады. Бұл республикалық масштабта миллиондаған текше метрге тең, – деп, нақты мысалға жүгінді.
Іс-шараның соңында белсенді қатысушылар ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі атынан Алғыс хаттармен марапатталды. Республикалық деңгейде ұйымдастырылған эко-сағат «Суды сақтаған ел – болашағын сақтаған ел» деген идеямен түйінделді.
Ләззат ҚАЖЫМОВА
Батыс Қазақстан облысы


