…Кешегі қаһарлы кеңес заманында «Қазақстанның солтүстік облыстарын Ресейге қостырмаймын» деп Кремльге қарсы шыққан Жұмабек Тә­шеновтің артында намыстан басқа тая­ныш болатын қандай күш бар еді? Қа­лың әскері жоқ қорқытатын, қызыл им­перияға қарсы шыққан адамның күні не болатынын ол кісі бізден жақсы біл­ген шығар. Бірақ бойдағы намыс, аза­мат­­тық жауапкершілік сондай іске баруға оның жүрегін дауалатты. Оны ба­ға­лай білу – бізге сын. Сонымен бірге жал­ған намыс­тың да болатынын ұмытпа­йық. Заман­ның нарқын сезбеу, жоқ жер­ден ұлт­тық трагедия жасау, әсіренамыс­шыл­дық, әсіре­ұлтшылдық та жақсы нәрсе емес.

…Кез келген адам өзінің түсінігі бойын­ша әрекет жасайды. Яғни адамның істе­ген ісі оның дүниетанымымен, са­на­­­сы­­мен тікелей байланысты. Бүгінгі қазақ­тың да үлкен проблемасы оның сана­сында жатыр деп ойлаймын. Ке­шегі Кеңес өкіметі мейлінше идео­ло­гия­­лан­ған мемлекет еді ғой. Халық­тың сана­сын улады, жалған ұғым, сенім­дер­ді қа­лыптастырды. Тәуелсіздік ал­ға­ны­мызға 30 жылға жуық уақыт өтсе де, сол санадан әлі арылып бола алмай жатырмыз. Зиялы қауымның ішінде көзі ашық деген азаматтардың арасында да әлі сол кеңес заманында өмір сүріп жүргендей ой ойлап, пікір тара­тып жүргендер баршылық. Тіпті тәуел­сіздікті әлі мойындағысы кел­мей жүргендер де бар. Олардың көбі кезін­де кеңестік номенклатурада болып, ж­о­ғары қызметтерде істеп, заманның қы­зы­ғын молынан көргендер немесе со­лар­дың ұрпақтары, коммунистік идея­ға қат­ты сенгендер, орысша тәр­биеленіп, өз та­мы­рынан айрылып қалған­дар һәм тағы сол сияқтылар. Әлі күнге дейін Ре­сей­дің насихатынан шыға алмай (өйт­кені таңертеңнен кешке дейін тыңдай­ты­­ны­мыз – солардың телеарналары, оқиты­нымыз – солардың газеттері), соларша Американы жамандап, Еуропаны ғай­бат­тап (бұлар біздің жерімізге көз алар­тып отырғандай немесе тіліміздің мем­ле­кет­тік тіл болуына кедергі жасап жат­қандай), демократияны жоққа шығарып (бұрын жалған демократияны желеу етіп отырған мемлекеттерді сынаушы едік, енді демократияның өзін сынауға көш­тік, бізді құртып отырған сол екен), ел үшін жандарын құрбандыққа шал­ған Алаш азаматтарының өздерін аса жоға­ры көтермей, шамалап қана мақтап, ке­зінде большевиктердің сойылын соқ­қан­­дарды әлі күнге дейін көк­ке көтеріп ұлық­тауымызды қоймай – міне­ки, осылай өмір сүріп жатырмыз. Оның үстіне, ұлттық сананың орны­ғуына кедер­гі болып отырған рулық сананы қосы­ңыз. Ұлт­тық сана дегеніміз – халық­­тың біртұ­тас ор­ганизмге айналуы, кез кел­ген істе, әсі­ресе ұлттық мүддені қор­ғау қажет бол­ғанда жұмыла білуі. Ал ру­лық сана – сол жолдағы үлкен кедергі. Әлем­ге ықпал жа­сап отырған өркениетті халық­тардың ар­тық­шылығы да осы тайпа­лық сананы әлде­қашан артқа тастап, ұлт­тық санаға кө­шіп кеткендігінде жатыр…

Сталиндік тоталитаризм сынала бастаған кез. Жы­лымық орнады. Қорқыныш құр­сауынан шығып, ұрпағымызды қазақша оқытсақ деген ойлардың сана-сезім, рухымызды билей бастағаны да тура осы кезеңмен тұспа-тұс келген еді. Тіпті, біз сол алғашқылардың бірі болып балаларын қазақ мектебіне бергендердің қатарындамыз. Ел оянды, сана сілкінді…

Төлен Әбдік.