Әжесінің ескі тігін машинасымен-ақ кәсіп ашқан қазақтың Баяны

Баян Жұмағанбетова – кәсіппен айналысуға ештеңе кедергі емес екенін дәлелдеп отырған жан. Бүгінде жас ананың төрт баласы бар. Ең кішкентайы әлі бір жасқа да толмаған екен. Соған қарамастан шалғай ауылда тұратын келіншек бір қолымен бесік тербетіп, бір қолымен кәсібін дөңгелетіп отыр.

Баян қолөнермен айналысады. Оның қолынан шыққан түрлі әшекей бұйымдар мен орамалдарды қыз-келіншектер мен 60 жасқа дейінгі кісілер заманға сай түрлендіріп, сәнін келтіріп тағып жүр.

Әжесінің ескі тігін машинасымен-ақ кәсіп ашқан қазақтың Баяны

«Бала кезімнен қолөнерге қызығамын, сурет салатынмын. 7-сыныптан бастап тігін тігетінмін. Негізі, мамандығым – дизайнер. Тұрмысқа шыққаннан кейін қолөнермен айналыса бастадым. Тігіншілік тұқымымызда бар. Әкем жақтағы апаларым тігінші болған. Басында 200 теңгеден сататынмын. Ол кезде көбіне мұғалімдер алатын. Мамандығым дизайнер болғандықтан, орамалдың түсін, матасын үйлестіріп таңдай аламын. Сосын қолымда қарапайым телефон болса да, жасаған жұмыстарымды жақсылап суретке түсіруге болады. Көп адам «Сенде қымбат телефон, тігін машинасы болуы керек қой» деп айтып жатады. Мұндай пікірмен келіспес едім. Мысалы, мен әжемнің, яғни, енемнің анасының ескі қол машинасымен тігемін. Орамалға керемет машина керек емес. Ең бастысы, астармен, сапалы матамен тігуің керек», – дейді Баян Жұмағанбетова.

Әжесінің ескі тігін машинасымен-ақ кәсіп ашқан қазақтың Баяны

Баян матаны базарға барып таңдап алатынын айтады. Сауда дүкендерінде орамал сататын жер көп емес пе?! Олар әйелдің сәнін келтіретін бұйымды Баяннан көтерме бағамен алады. Сапасы жақсы болған соң, тапсырысын асыға күтетін тұрақты клиенттері де көбейген. Шашқа тағатын сәнді бұйымдары мен сырғалары да сұраныста.

Әжесінің ескі тігін машинасымен-ақ кәсіп ашқан қазақтың Баяны

«Орамал, бас киім тігу – өте тиімді кәсіп. Мәселен, көйлекке 3 метрге дейін мата кетсе, орамалға аз мата кетеді. Сосын жақсы бағаға сатуға болады. Өзім көбіне көтерме бағамен беремін. Арнайы тапсырыс беретіндер бар. Поштамен, курьермен еліміздің барлық қаласына жіберемін. Үйде кішкентай баламмен отырмын, соның өзінде айына 150-160 орамал тігемін. Жақсы пайда табуға болады», – дейді кейіпкеріміз.

Әжесінің ескі тігін машинасымен-ақ кәсіп ашқан қазақтың Баяны

Баян қазір Алматы облысы Тұздыбастау ауылынан ары, құрылысы жаңадан салынып жатқан жерде тұрады. Ол жер әлі картаға да енбеген екен. Соған қарамастан кейіпкеріміз жасаған бұйымдарын еліміздің барлық қаласына жіберіп, тұтынушылардың алғысын алып жүр.

Әжесінің ескі тігін машинасымен-ақ кәсіп ашқан қазақтың Баяны

«Басында екі-ақ үй тұратын едік. Қазір 4-5 үй бар. Екі жыл бұрын көшіп келген кезде «Енді жұмысымды қалай жүргіземін?» деп уайымдап едім. Басқа қалаға жөнелту үшін жолға жүгіріп шығып, заттарымды жіберіп келемін. Жұмыс істеймін деген адамға ештеңе кедергі емес екен. Бәрі өзіңе байланысты», – дейді жас ана.

Әжесінің ескі тігін машинасымен-ақ кәсіп ашқан қазақтың Баяны

Кейіпкерімізбен сөйлесіп тұрғанда телефонына «Мемлекеттен қайтарымсыз грант ұттыңыз» деген хабарлама келгенін қуанышпен жеткізді. Жаңа заман көшінен қалмай, кәсіп ашып, алға ұмтылған жас анаға «Нәсібіңіз молынан болсын» дедік.

turkystan.kz