«Ауыл аманаты» таластықтардың табысын арттырады

2019 жылдан бері сол кездегі Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен жүзеге аса бастаған «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» пилоттық жобасы аз жылда-ақ үлкен нәтижесін беруде. Жоба жүзеге асқалы мыңдаған ауылдық округ тұрғындары 2,5 пайызбен несие алып, табысын арттырып, тұрмысын жақсартуда.

Жарқын жоба Талас ауданында да жүйелі жүзеге асуда. Атап өтер болсақ, 2019 жылы ауданға қарасты Үшарал ауылы пилоттық жобаға енген болатын. Қазіргі таңда аталған ауыл тұрғындары кәсібін дөңгелетіп, жобаның жемісін көріп отыр. Келесі жылы ауданға қарасты Ойық ауылдық округі де пилоттық жобаға енеді деп жоспарлануда. Жуырда «Amanat» партиясының мобильді топ мүшелері «Ауыл аманаты» жобасын түсіндіру мақсатында Ойық ауылындағы Әнуарбек Тәжімбетов атындағы мәдениет үйінде жергілікті тұрғындармен кездесті.
Басқосуға Талас ауданы әкімінің орынбасары Медет Үрістенов, «Аmanat» партиясы Талас аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ғалым Қартабаев және ауылдық округ әкімдері қатысты.
Жалпы «Ауыл аманаты» жобасы 2025 жылға дейін халықтың табысын арттырып, әлеуметтік әлеуетін көтеруді көздейді. Жоба келесі жылдан басталады деп жоспарлануда. Айта кетейін, аталған жоба бес бағытты қамтиды. Жобаға қатысуға ниетті ауыл тұрғындарға 7 жыл 6 айға жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайызбен несие беріледі. Ал несиеге қол жеткізу үшін кепілдікке жылжымайтын мүлік қойылады.
Жиында сөз алған «Amanat» партиясының мобильді топ мүшесі Нұрлан Дулатов «Жобаға қалай қатысуға болады? Кімдер қатыса алады? Қандай құжаттар жинау керек? деген сынды көпшілікті толғандырған сұрақтарға жауап берді.
Сондай-ақ келелі кездесуде ақпараттық топ мүшелері Жандос Әзімбай, Гүлмира Бағжаева, Ұланбек Нұрманов, Айман Ақынбекова жобаның шарттарымен, талаптарымен егжей-тегжейлі таныстырып, пайдалы кеңестермен бөлісті.
Сонымен қатар жиында Үшарал ауылдық округінің әкімі Рахымжан Айтуов жұмыс тәжірибелерімен бөлісіп, шынымен-ақ жобаның ауыл тұрғындары үшін игілігі мол екенін атап өтті.
Кездесу соңында тұрғындар топ мүшелеріне көкейдегі сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды.
Бұдан кейін топ мүшелері Талас ауданы, Ақкөл ауылындағы мәдениет үйінде де халықпен кездесу өткізіп, «Ауыл аманаты» жобасы жайлы жан-жақты ақпарат берілді. Жиында ақкөлдіктердің де жобаға қатысуға ниеті жоғары екені байқалды. Несиеге қол жеткізу, кепілге қоялатын мүлік, жобаның бағыттары бойынша бойынша сұрақтарын қойып, оларға топ мүшелері тарапынан жауаптар берілді.

merzim.kz