ҰЛТТЫҚ МҮДДЕ ҚҰНСЫЗДАНСА, ДЕПУТАТТАР ҮНСІЗ ҚАЛСА – КІМГЕ АРТАДЫ ЕЛ СЕНІМ?!

«Өзі де шығайын деп тұрған көз еді» демекші, көпшілікті дүрліктірген жер сату туралы әңгіме де шиқандай сыздап жарылғалы тұр еді. Оған депутат Косеревтің мәлімдемесі  соқтыққанда сыздаған мәселенің ушығуы заңдылық! Осыдан жарты ай бұрын Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев ауыл шаруашылығы жерлерін жекеменшікке беру мақсатында 2016 жылдың 1 шілдесінен бастап, жергілікті атқарушы органдар 1,7 млн. гектар жерді аукцион арқылы саудалайтынын ресми мәлімдемеген еді. Ол да «жығылғанға жұдырық» болды.

Негізі «Қазақстан Республикасының Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң  2015 жылғы 2 қарашада қабылданды. Обалы нешік, қос палатаның бетке ұстар ұлтжанды азаматтары заң жобасын талқылау барысында кейбір «қыңыр, сыңар езу» заң жобаларына қарсылық көрсетіп соңына дейін «айқасқанымен», «Көп қорқытады, терең батырады» деген рас болып шықты. Мысалы сенатор Қуаныш Айтаханов: — «жанармайға, тыңайт­қышқа, жерін жыртуға ақша таппай, кредитпен күнелтіп отырғандар жерді қалай сатып алады? Бұдан кейін жер Қазақ­стандағы 100 шақты олигархтар­дың қолына өтеді де кетеді» деп шырылдап баққаны ел есінде. Ақыр аяғында заң жобасы «Министр көнсе, халық көнбес, Халық көнсе, министр көнбес, Әттең тонның келтесі-ай» деп «әндетіп»  азғантай толықтырулар мен өзгерістерге «мәз болып» қабылданып кете барған. Көптің көңілін күпті еткен осы мәселенің түйінін шешуге  сеп болар деген ниетпен белгілі саясаттанушы әрі «Ұлт тағдыры» қозғалысының жетекшісі Дос Көшім мырзамен аз-кем сұхбаттасуға тура келді.

Досеке, әлеуметтік желілерде жер сатылғалы жатыр деген қауесет гулеп тұр. Саясаткер ретінде көзқарасыңызды білсек бола ма?

Біріншіден, жердің бос жатқаны, пайдаланылмай жатқыны мемлекетке де, халыққа да жақсы емес. Сондықтан ол жерді пайдалану керек, ол жерден өнім алынуы керек. Жерден түскен табыс —  мемлекетке де, халыққа да пайда әкелуге тиіс. Бізде бос жатқан жерлердің көп екені рас. Өйткені 1992-93 жылдары, әрі-сәрі кезеңде, қазақтың жерін хан талапайға салғандар болды. Сол кезде Терещенко секілділер қонышынан басып, білгенін істеді. Артынан жер қайта саудаланып, арендағы 49 жылға беріледі, жер мемлекеттікі болып қалады деп шешілді. Кейін жерді жалға беру мәселесі тағы көтерілді. Ал жерді толық сату жайлы әңгімені өз басым әлі естімеппін. Заң қабылданса білер едік қой.img-20131030182134-723

Енді елді шулатқан мәселеге орайлайық. Шетелдіктерге жер сату деген үлкен қауіп. Бұл стратегиялық мәселе. Тарихта болған мына бір оқиға бізге сабақ болса игі. Арабтарға тиесілі Палестинаның жерорта теңізінің жағалауындағы жерін еврей сианистері біртіндеп – біртіндеп сатып алып,1945 жылы сол жерге әскер түсіріп, Израйл мемлекетін құрған кезде пластармға айналды. Осы орайды өз басым жерді шетелдіктерге беруге түбегейлі қарсымын.

Сіз қалай ойлайсыз, қазақтың жерін өз кәсіпкерлерімізге сатқан дұрыс па, жалға берген қолайлы ма?

Тағы айтамын жер пайдаланылмай жатпауы керек. Оны жалға беру дұрыс шешім. Бірақ өте қатаң қарайтын мәселе бар. Жерді қазақстанның кәсіпкерлеріне ғана жалға береміз дегеннің өзінде де мына жайтты ескерген дұрыс. Мысалы сол кәсіпкерге бір шетелдік инвесторлар дейміз бе, кәсіпкерлер дейміз бе, ақша береді де, жерін пайдаланады. Алып отырған қазақстандық фирма дейді, артында қытай ма, кәріс пе, болмаса басқа да шетелдік инвесторлардың тұруы әбден мүмкін. Осы жағына біздің заң шығарушылар шектеу қойғаны абзал.

                                               ҮНСІЗДІКТЕН ҚОРҚУ КЕРЕК ҚАШАНДА

«Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» демекші, ауыл шаруашылығы жерлерін жекеменшікке беру жайлы Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев ашық айтты. Дәл қазіргі уақытта бұл мәселені көтеруге не себеп болып отыр деп ойлайсыз?

Менің ойымша мұның бәрі қазақ қазынасының түбі тесіліп қалуына байланысты. Басқа айтарым жоқ.

Өткен аптада қызыл коммунисттердің көсемі Косарев мәжілісте Үкімет басшысына: Мен жерді сату туралы әңгімені тоқтатуды талап етемін деп дүңк еткізді. Сол-ақ екен қазақ тілді БАҚ мәжілісте отырған мүйізі қарағайдай депутаттардың оны қоштамай үнсіз қалғанын жарыса жазды. Сіз бұған не айтар едіңіз?nAHCCBA6

Косеревтің жер мәселесін көтеруі — коммунистерге тән мінездің сарқыншағы.  Байбалам салу, имидж қалыптастыру, көзге түсу баяғы. Олигархтар жерді сатып алып, өйтеді-бүйтеді деп шырылдауының астарында белгілі бір шындықтың жатқанын да жоққа шығармайық. Жерді сату әділетсіздікке тағы жол ашуы әбде мүмкін.  Кезінде ең шұрайлы жерлерді әкім-қаралар бөлісіп алғаны елге мәшһүр. Сол секілді жер сатылар болса биліктегілердің аузы бірінші аққа тиетіні айдан анық. Бұл жағынан Косеревті қолдауға болады. Алайда Косерев мұны көтеру арқылы қазақ жеріне жаны ашып отыр деуге болмайды. Дегенмен бұл жерде ол көксегеніне жетті: коммунист деген қорықпайды деген түсінікті ел жадында қалыптастырды. Сонымен қатар қаптаған қазақ депутаттарын жерге қаратып, ел үшін өзекті мәселені биліктің алдына қоя білді.  Сол арқылы ұпай жинап отыр. Саясаткер ретінде бұл қадамына қол соқпасқа шарам жоқ.

Ал депутаттардың үнсіз қалуы – маған түсініксіз. Негізі  үнсіздік — маған бәрібір дегенді білдіреді. Депутатқа бәрібір болса, ел болашағы жарқын деп кім айта алады?  Өйткені адам баласында белгілі бір көзқарас болуы керек қой. Ол мүмкін халыққа жақпас. Көптің көңіліне қонбас. Осы ретте депутат бейтарап қалмай:  менің ойымша биліктің ұстанымы дұрыс деп өз уәжін алға тартса, біреу болмаса біреу риза болар еді. Үнсіздіктен осы жақсы емес пе?

Пы-Сы: Өткен аптаның соңында елді дүрліктірген алып-қашпа ақпаратқа орай қойылған журналисттердің  сауалына  Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков: — «Жер мәселесі бойынша ешқандай шешім қабылданған жоқ және қабылданбайды да. Өйткені, жер негізінен сол жерді пайдаланушыларға сатылады. Қазақстанның Жер туралы кодексінде, заңдарында ешқандай шетелдікке ауыл шаруашылығы саласындағы жерлер сатылмайды деп жазылған. Сондықтан жер өзіміздің азаматтарға және жергілікті  компанияларға ғана тиесілі болады», — деп жауап берді.

НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК