Қабанбай батыр

Қаракерей Қабанбай – батыр, қолбасшы. Азан шақырып қойған есімі – Ерасыл. Ол 1692 ж. қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданындағы Барлық тауында дүниеге келген.
Жеті жасында әкесі Қожақұл, он алты жасында ағасы Есенбай жоңғарлар қолынан қаза табады. Он алты жасар бала жау арасына жасырын барып, ағасын өлтірген жоңғар батырын өлтіріп, кек алған. Осыдан кейін Зайсандағы Керей ішіне кетіп, жездесі Бердәулеттің қолында болды. Осында жүріп жылқыға шапқан жабайы қабандарды жайратып, “Қабан батыр” атанды.
Қабанбай батыр Қытай жазбаларына 1757-1758 жылдардан бастап «қазақтың туму батұлы – яғни бас батыры» ретінде хатқа түсіп, Қазақ хандығының Абылай, Әбілпейіз, Әбілмәмбеттен кейінгі 4-ші ірі тұлғасы ретінде аталып отырады.
1717 ж. Аягөз шайқасына, 1723 ж. Түркістан қорғанысына, 1726 ж. Бұланты шайқасына, 1730 ж. Аңырақай-Алакөл шайқасына, кейіннен Шыңғыстау, Ертіс бойындағы шайқастарға қатысып, Абылай ханның бас батырларының біріне айналды.
1741 ж. Шыңғыстаудағы Шаған шайқасында ақбоз атпен топ жарып, жауға шапқаны үшін Дарабоз атанды. 1751 ж. ол Сыр бойы, Шымкент, Сайрам, Ташкент қалаларын жоңғарлардан тазартып, Төле бидің билікке келуіне көмектесті. Жоңғарияға айдалып бара жатқан бірнеше мың қарақалпақты құтқарып қалады.
1752 — 54 жж. Қабанбай басқарған қазақ әскері алдымен Іле, Балқаш, Қаратал өңірлерін жаудан тазартуға қатысты. Осыдан кейін Қарақол мен Нарынды, Үржар мен Қатынсуды, Алакөл мен Барлықты азат етіп, терістік бағыттағы Бөгембай әскеріне қосылды. Баспан-Базар, Шорға, Маңырақ шайқастарына қатысып, Зайсан, Марқакөл, Күршім өңірлерін азат етті.
1756 ж. жоңғар билеушісі Әмірсананы қуып келген қытай әскерінің бетін қайтаруға атсалысты, Шонжы, Нарынқол, Кеген өңірлерін қырғыздардан қайтарып алуға қатысты. 1758 ж. қыркүйекте Барлықтан Үрімжі қаласына 300 жылқы айдап барып, қазақ-қытай саудасын бастап берді. 500 адамдық қолмен келген қырғыз батыры Қарабекке ауырып жатқанына қарамастан қарсы шығып, жекпе-жекте Қарабекті өлтірген.
Кейбір мәліметтерде Арқадағы Есіл мен Нұра ортасындағы Қабанбайдың Үшбұлағы аталатын жерде дүниеден өткен деседі. Сүйегі «Найман қорым» аталатын қырдың үстінде.