Жымқырудың жуалылық жолы

«Дипломмен ауылға» бағдарламасының «балына» бармақ батырғандар

Жамбыл облысы Жуалы ауданында мемлекеттік қаржыны жымқырудың «жаңа жолы»  белең алуда.  Нақтырақ айтсақ, «Дипломмен ауылға » бағдарламасы аясында»  деген желеумен шенділер  қазына қаржысын талан-тараж етуде. Мұндай сұмдық фактіні жуырда жаңадан құрылған Әдеп жөніндегі  кеңес әшкере етті. Мемлекеттік қызмет істері министрлігі облыс бойынша департаментінің мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының басшысы  Ермек Тұмабековтың сөзіне сүйенсек, аталмыш елді мекенде 40  маманға  заңсыз көтерме жәрдемақы берілген екен.

Мемлекеттік қаржыны оңды-солды шашқандардың қатарында аудан әкімінің орынбасары Әбдікерім Үркінбаевтан бастап, ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Рақымғазы Куньязов, аудандық білім бөлімінің басшысы Сағындық Әбілдаев, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мақсұтбек Арзымбетов, экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Гүлбара Бекмұрзаева,  мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мұса Шонбаев бар. Осылайша ұйымдасқан түрде «балға бармақ батырғандар»  ауданда 4-5 жыл тұрақты тұрып  жатқан немесе әкімдікке қарасты мекемелерде бұрыннан жұмыс жасап келе жатқан мамандарға 138 мың теңге жәрдемақыны шүленше таратып берген.27085

Кеңес отырысында бұл заңсыздыққа қатысты  «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының бірінші орынбасары Масат Берік пен «Қазфосфат» ЖШС директоры Мұқаш Ескендіров пікірін ашық жеткізіп, мұндай әрекет  мемлекеттік бағдарламаны мазақ ету деп бағалады. Сондай-ақ, олар  аудан әкімінің орынбасарынан бастап, барлық мамандарға қатаң жаза белгілеуді ұсынды.  Десе де,  облыстық мәслихаттың хатшысы   Бағлан Қарашолақов аталмыш заң бұзушылық білместіктен орын алған деп күтпеген жерден  араша түсті. Тіпті мәслихат хатшысы «егер  бұл мамандарды қызметінен босатып жіберсек,  олардың орнына ешкім келіп ауданда  жұмыс жасамайды» деп   қызыққа батырды.  Кеңес мүшесінен мұндай сөзді  естігенде «мен де аң-таң, апам да аң-таң » күйде қалдық.  Ал жаза басқандар  «біз шынымен «Дипломмен ауылға» бағдарламасының талаптарын түсінбедік» деп  еріксіз езу тартқызды. Осы сәтте көпшіліктің арасынан  «егер мемлекеттік бағдарламаны түсінбейтін болсаң, қызметтен өз еркіңмен кету керек» деп  ойын ашына жеткізгендер де болды.

Десе де, кеңес мүшелерінің мейірімі тасыды ма, әлде мәслихат хатшысы Қарашолақовтың сөзінің салмағы басымдау болды ма, әйтеуір кеңес мүшелері  жаза басқандарды лауазымында  қалдырып,   тек   қызметіне толық сәйкес емес туралы  жаза белгіледі.

Мұндай жазаға көңілі толмаған  «Нұр Отан» патиясы облыстық филиалының бірінші орынбасары Масат Берік «мұндай заңсыздықты құқық қорғау органдарына тапсырса, мына мамандардың барлығы сотталып кетер еді», — деп ащы да болса шындықтың бетін ашты.

Осы тұста бір таңқаларлығы кеңесте «Дипломмен ауылға» бағдарламасының қаржысын үйлестіруге жауапты барлық сала мамандарынан жауап алынып жатқанда, Жуалы ауданы әкімі Батырбек Құлекеев туралы бір ауыз сөз айтылмады.  Ал елді мекендегі барлық іске аудан әкімі тікелей   жауапты екенің ескерсек, Батырбек Әбдірәсілұлынан бұлайша тасада қалғаны  қайран қалдырды.  Әлде, Әдеп кеңесі онсызда зейнет жасы келіп отырған  әкім мырзаны мазаламай-ақ қояйық деді ма екен?

Иә, осылайша Жамбыл жерінде қызықты жайттар орын алуда. Мұндай кезде «шортандар құтылып, майда шабақтар  ілінген» заман деместен басқа амал жоқ. Енді мұндай заңсыз әрекеттердің қайталанбауына құзырлы сала мамандары күш салады деп сенеміз. Өйткені облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы берген мәліметке сүйенсек, биылғы жылы бір реттік көтерме жәрдемақы беруге  118,1 миллион теңге бөлініпті.  Ал бұл қаржыдан «қағып қалу»  үшін   Қордай ауданы 200 маманға өтінім берсе, Мойынқұм ауданы 94, Сарысу ауданы 74 және өзге аудандар  кемі 10 маманға  жәрдемақы беру туралы сұраныс жолдаған.  Осы сандарға қарап тұрсаң,  шын мәнінде  бір ғана Қордай ауданына биыл  200 маман «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша  қызметке келеді дегенге сену қиын. Демек,  мемлекет қаржысы тағы  тамыр-танысқа заңсыз таратылып,  «бармақ басты, көз қыстының» кері келуі  бек мүмкін деген сөз. Сондықтан бұл мәселені прокуратура қызметкерлері жіті назарға алып, тексеріс жұмыстарын мықтап қолға алғаны абзал-ау. Ал қадаға күшейсе, тағы қандай сұмдық пен қулықтың беті ашылары бір Құдайға аян!

 

Саятхан Сатылғанов