Құмдағы қазынамыз Қытай асып жатыр ал, дәрі-дәрмек шығаруға дайын цехтың тірлігі тұралап тұр

 Жамбыл облысы  көлемінде  емдік қасиеті орасан шөптердің саны көп екені белгілі. Алайда  сексеуіл  нәрін сорып күн көретін арамшөптің  де пайдасы барын  осыдан бірер жыл бұрын   кім білген?  Қазір көпшілікке «сұңғыла» атауымен белгілі арамшөпке әсіресе қытайлықтардың қызығушылығы жыл санап артып келеді. Сәуір  мен мамыр айларында Мойынқұм ауданының  құмды аймақтарында  өсетін өсімдіктің бір келісі бүгінде 300 теңгеге бағаланып отыр.   сұңғылы

Аптап ыстықта бүр жаратын гүлдің негізгі  қасиеті – тамырында. Шығыс медицинасы  одан бауыр ауруларына қарсы дәрі жасап шығарады екен.  Емдік қасиеті мол осынау шөптің тамыры қайнаған құмның арасында өсетін сексеуілдің тамы­рына жабысып  нәрленеді. Оның тамыры 1-2 метр тереңдікке  дейін  жайылуы мүмкін. Ал белгілі мерзімде ғана гүлдейтін сұңғыланы көпшілік дер кезінде жинап алуға тырысады. Ал басқа кезде оның емдік қасиеті жойылатын көрінеді.  Сол себепті мойынқұмдықтар жылда тамыр жинау науқанын өткізіп алмауға тырысады.

Жалпы сұңғыла тамырын жинау аталмыш аудан  жұртшылығы үшін науқандық кәсіптің бір  түрі десек те болады. Өйткені сәуірден бастап «еңбектеген баладан, еңкейген қарияға» дейін қолына күрек алып құмға кетеді. Ал тамырдың бір келісі алдыңғы жылдары 100 теңгеден бағаланса, биыл 300 теңгеге дейін өсіп отыр. Бұл  сұңғыла шөбіне деген сұраныстың артқанын көрсетуде. Сол себепті, қазір қолына күрек ұстауға қауқарлы аудан тұрғындарын  тек құмнан ғана  таба аласың.сұңғыла 2

Жалпы сұңғыла шөбінің тамырын қытайлықтар  осы таңға  дейін  жылда 200 тоннаға дейін сатып алып, еліне әкететін. Осылайша өз өсімдігімізді өзіміз пайдалана алмай іш қынжылатын.  Алайда алдыңғы жылы жеке кәсіпкер Серғазы Қылышбаев Мойынқұм ауданынан шағын цех ашып,  сұңғыла емдік шайын шығаруды қолға алған еді.  Сол сәтте бүкіл жамбылдықтар бөркімізді аспанға атып қуанғанбыз.  Алайда биыл сол  кәсіпорынның жағдайы мәз болмай тұр.

-Өндіріс орнын ашуындай аштық. Бірақ жұмысымызға қолдау аз. Мәселен, мен биыл сұңғыла тамырын сатып алуға шамам жетпей отыр. Өйткені сырттан келген кәсіпкерлер бәсекелестік ортаны азайту үшін тамырдың бағасын бірден 300 теңгеге қымбаттатып жіберді. Мұндай сәтте менің олармен бәсекелесуім екіталай. Осыдан барып кәсіпорынға шикізат ала алмай, қарап отырмыз.

Ал тамыр сатып алуға лицензияны өзіміз алып, бағаны өзіміз белгілейік десек, оның құны өте  қымбат.Мәселен  бір ғана рұқсаттама қағаздың салығы биыл 8,5 миллион теңгеге жетіп отыр.Осыдан кейін лицензия алып көр. Қазір қолында лицензиясы бар кәсіпкерден кәсіпорныма  ең болмаса 10 тонна тамыр сатып алу туралы рұқсаттамасын алдым. Алайда  халықтың маған келіп сұңғыла тамырын өткізу үшін мен де келісіне  300 теңге белгілеуім керек болып тұр. Басқа жағдайда олар жинаған тамырын маған өткізбейді.

Әттең, егер кәсіпорныма инвестиция салатын демеушілер табылғанда, өз өсімдігімізді өзіміз пайдаланып, өндіріс көлемін де сан есе арттырар едік, — дейді Серғазы Қылышбаев.

Иә, жеке кәсіпкердің сөзін орынсыз дей алмаспыз. Өйткені алдыңғы жылы ол «Жұмыспен қамту жол картасы -2020» бағдарламасы аясында несие алып,  цех ашып, оны толықтай заманауи құрылғылармен жабдықтап, елімізде баламасы жоқ зауыттың жобасын жандандырған болатын. Және  жеріміздің байлығын Қытай асырмай, елімізде қалдырудың бірден-бір жолын тапқан-ды. Алайда осы үлкен  жобаға қазір қолдау білдірушілер жоқтың қасы екені іш қынжылтады.

Мойынқұм ауданының әкімі Бақытжан Нұркеновтың айтуынша, жергілікті билік тарапынан кәсіпкерге барынша қолдау жасалған екен. Алайда кәсіпорынға сұңғыла тамырын сатып алу үшін бюджеттен  қаржы қарауға әкімдік  құқылы болмай тұр.тамыр қазу

-Жалпы бұл ауданымыздағы үлкен  жобалардың бірі. Бірақ, осындай шаруаны дөңгелетуге  жеке кәсіпкердің шамасы жетпеуде.  Біз оның шығарған  өнімін өткізу үшін барынша түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Өзіміз де алып тұтындық. Бірақ, кәсіпорынды шикізатпен қамтуға заңдық тұрғыдан құқығымыз жоқ.

Бұл мәселе әкімдікте талай талқыланды. Алайда  Қытайдың қаржысының қасында біздің әрекетіміз  түк болмай тұр.Мүмкін бұған облыс деңгейінде көңіл бөліп, мемлекеттік бағдарламалар негізінде көмек беру керек шығар. Әйтпесе, бұл өндіріс орнының  өміршеңдігі ұзақ болмай ма деген қауіп бар, — дейді аудан басшысы.

Иә, Бақытжан Балтабекұлының сөзіне сүйенсек, кәсіпорынды шикізатпен қамту күрмеуі қиын түйткілдің бірі болып тұр екен. Ал сұңғылы тамырын сатып алуға кәсіпкердің жеке қаржысы жетпеуде. Сондай-ақ, мемлекеттік бағдарлама аясында алған несиесі де қос  бүйірден  қысып тұр. Осы орайда, мемлекеттік бағдарламалар  негізінде кәсіпкерге тағы несие алу мүмкіндігі бар-жоғын білген едік. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ облыстық филиалы мамандарының айтуынша, жаңа заң талаптарына сай қазір кәсіпкерлерге  екі мемлекеттік бағдарламаға қатар  қатысуға мүмкіндік бар екен.

-Бұрынғы кезі жеке кәсіпкерге тек бір ғана мемлекеттік бағдарлама негізінде несие алуға мүмкіндік берілетін. Қазір бұл талап өзгертіліп, өз бизнесін кеңейтемін дейтін азаматтарға мол мүмкіндіктер жасалуда. Алайда қос мемлекеттік бағдарламаға қатар қатысу үшін кепілдікке қоятын мүмлкіңнің құны алатын несиеңе сай  болуы  қажет. Егер Мойынқұм ауданындағы кәсіпкердің кепілдікке қоятын мүлкі болса, банктер сөзсіз несие береді,— дейді мұндағы мамандар.

Иә, байқап тұрсақ тығырықтан шығар жол бар екен. Бірақ мұндай ақжолтай хабар  кәсіпкер Серғазы Қылышбаевтың көңілін көншітпей тұр. Өйткені оның   банкке кепілдікке қоятын жылжымайтын мүлкі жоқ. Цехы онсызда несиелік кепілдемеде тұрса, жергілікті жердегі үйі банк талаптарына сай емес. Ал дәріханасы алғашқы несиесін жабуға ғана жетіп отыр. Осылайша кәсіпкер тірлігін бастауындай  бастап, алайда шикізат алатын қаржы таппауда.

Әрине, кез келген адам өз кәсібін бастамас бұрын «жеті өлшеп, бір кескені» жөн. Алайда Серғазы кәсіпкердің жобасы елімізде баламасы жоқ бастама болып тұр. Міне, сол қырынан да ол құнды. Егер кәсіпкерге көмек болмаса, бұл өз тірлігін тастап кетуі де ғажап емес. Ал бұдан кейін бұл жобаны біреу қайта  жандандыруы неғайбыл.

Қалай дегенде де, біздің өңірімізге қазір құмдағы қазынамызды Қытай асырмай өзімізде қалдырудың тетігін табу қажет-ақ. Әйтпесе, аспан асты елінің кәсіпкерлері өз бидаймызды өзімізге қуырып беріп, дәрілерін удай бағамен қайта сататыны анық.  Оған қоса, олардың лицензия бойынша белгіленген мөлшерде ғана сұңғыла тамырын қабылдап жатқанын таразыға салып тергеп  жатқан тағы ешкім жоқ. Сондықан қазір бірден-бір жол ол дайын тұрған цехтын жұмысын күшейтіп, инвестициялық қаржының бір бөлігін осында бұру қажет секілді. Мүмкін сонда Қытай медицинасынан кем түспейтін дәрі-дәрмек  өндірісінің жаңа дәуірі Жамбыл облысында да бастау алар.

 Саятхан Сатылғанов